29.05.2026, 16:15
Оқылды: 22

«Гүлге ұмтылған екеу» маусым шымылдығын жапты

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры «Гүлге ұмтылған екеу» қойылымымен ХХХІІІ театр маусымын  жапты. Қойылым «Зенит» мәдениет үйінде өтті.  «Гүлге ұмтылған екеу» әңгімесі – махаббат пен тағдыр, еркіндік пен жауапкершілік, ата-ана қалауы мен бала арманы арасындағы мәңгілік тартысты сахнаға шығарған драмалық қойылым. Шығарманың ауторы – Сайымжан Еркебаев, ал режиссері – Ералхан Мырзахмет.

7ae044b8-095a-410c-9e6f-3a0b7ea23c32

Туынды атауы астарлы мағынаға ие. «Гүл» сөзі сұлулықты, махаббатты, рух тазалығы мен адамгершілік құндылықтарын дәріптейді. Ал гүлге ұмтылған қос кейіпкер – осы асыл қасиеттерге жетуге талпынып, сезім тазалығы мен адалдықты сақтауға ұмтылған жандардың көркем бейнесі. Аутор бұл шығармасында адамның ішкі әлемі, рухани тазалығы және өмірдегі өз жолын табу мәселесін алға тартады. Туынды көрерменді терең ойға жетелеп, адам болмысы мен махаббат ұғымын  жаңаша  қырынан  саралауға үндейді.

– Бұл – биылғы жылдың жаңа қойылымы. Маусым аясында қойылымға Қостанай қаласынан келген жас режиссер жетекшілік етті. Қойылымдағы рөлім үшін Алматы қаласында «Жылдың үздік екінші пландағы әйел бейнесі» аталымымен сыншылар жүлдесіне ие болдым. Жалпы спектакль қазақ қоғамындағы отбасылық мәселелерді арқау етеді. Онда әрбір шаңырақта кездесетін өмірлік жағдайлар, ұл мен қыз тәрбиесі, болашақ құдалық қарымқатынастар сияқты тақырыптар қозғалады. Қойылым сюжетінде бір-бірін ұнатқан жастардың тағдыры суреттеледі. Алайда олардың ата-аналарының арасында бұрыннан келе жатқан келіспеушілік, тіпті соттасқан жағдайлар бар. Бұл  жағдай жас жұптың тағдырына  тікелей  әсер  етеді.

6ec735a8-cc2b-44b4-a8a7-040d98d60496

Туындының негізгі идеясы – кейде жастар өз махаббатын емес, отбасының араздығы кесірінен айырылысуды таңдауға мәжбүр болатынын көрсету. Қорыта айтқанда, бұл – әрбір отбасының өмірінде кездесе беретін шынайы жағдайларды бейнелейтін қойылым. Көрерменнің жүрегіне жол тапқан, ой салатын туынды деуге  болады, – деді «Парасат» орденінің иегері Нұрлыгүл  Жұбатова.

Қойылымнан кейін киелі сахнаны жаңа жетістіктерге жетелеуге күш-жігерін жұмсаған театр қызметкерлерінің маусым бойғы жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Қалыптасқан дәстүрге сай «Жігер ХХХІІІ» маусымдық театр сыйлығы өз иелерін тапты. Аталған сыйлыққа ҚР Мәдениет саласының үздігі, актер Асылжан Жакин және әдеби-драмалық бөлім меңгерушісі, «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының иегері Әлия Шақуова ие болды. Қос жеңімпазға диплом мен ақшалай сертификат табысталды.

Қойылымда қос ғашықтың тағдыры тоғыспағанымен, өмір шындығы өзгеше өрбіді.

4b10c07e-4d92-4396-b274-a52044793d82

Жантаза рөліндегі Абылай Максим мен Бәлима бейнесін сомдаған Наргиз Ғабдылғазизова шынайы өмірде жұп екені белгілі болды.

Кеш соңында Абылай Максим сахнада, көрермендер көзінше өнерде де, өмірде де сүйген аруына сөз салып, көпшілікті ерекше әсерге бөледі. Жастарға біз де бақыт тілесіп, әдемі сәттің  куәсі  болдық.

 

Гүлфия Азаматқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале