8.12.2021, 9:50
Оқылды: 199

Ғұмырын күйге арнаған жан

Еліміздің мәдениеті мен өнерін ілгері  бастыруға бар күш-жігерін арнап, қомақты табыстарға қол жеткізсе де, қарапайым ғұмыр кешіп жатқан азаматтар қаншама? Күй өнерін насихаттауға еңбек сіңірген, дарынды шәкірттер тәрбиелеп шығарған ұстаздың бірі – ғалым, композитор, домбырашы Орынбай Дүйсен. Ол 1951 жылы 6 қазанда Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында дүниеге келді. 1982 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1982-1998 жылдары аталған оқу орнында оқытушы болды. ҚР Еңбек Ері, Халық әртісі Айман Мұсақожаеваның шақыруымен 1998 жылы музыка академиясына (қазіргі Қазақ ұлттық өнер  университеті) ауысты. Содан бері осы өнер ордасында ұстаздық қызмет атқарып келеді.

3

Есті адам өмір белесіне көз салып, «Мен не тындырдым?» деп өз-өзіне сұрақ қоятыны анық. Осы мақсатта О. Дүйсеннің «Ұлы көш» атты шығармашылық кеші өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы бұл шараны өзі еңбек ететін ұжымы ұйымдастырды.

Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрі О. Дүйсеннің «Ұлы көш», «Қосбасар» (1-түрі), «Толғау», «Бапас», «Әнші дауысы», «Құлагер», «Алтын орда» және балаларға арналған «Балдырған» атты күйлерін орындады. Дирижері – ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов. Сондай-ақ оркестрдің сүйемелдеуімен Орынбай Дүйсеннің «Арман-ай» әнін Алмат Избамбетов, ал «Саялы Алатау кешінде» әнін Хайрулла Айбек шырқады.

Концертке жиналған қауымның зор қошеметімен сахнаға көтерілген Орынбай Дүйсен қолына қоңыр домбырасын алып, Абыл, Құрманғазы, Сүгір, Қазанғап, Дина, Дәулеткерей, Тәттімбет, Әбікен, Жантөре және басқа халық композиторларының күйлерін шабыттана тартып берді.

Мерейлі жасқа толған азаматты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ұлттық өнер университеті құттықтады. Күйшілер одағы «Халық күйшісі» төсбелгісін табыс етті.

Қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов тереңнен ой толғап: «Қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, композитор, академик Ахмет Жұбановтың Алматыда 1934 жылы оркестр құрғандағы негізгі мақсаты – еліміздің әр өңіріндегі күй мектептерін бір ортаға жинақтау болғаны анық. Әр аймақтан дүлділ күйшілер келді. 1940-42 жылдары оркестрге жастар келіп қосылды. Олар сол жерде білім алып, музыканы теориялық жағынан да меңгерді. 1944 жылы консерватория ашылды. Өнерлі жастың терең білім алуына мүмкіндік туды. Атап айтсам, Фуат Мансұров, Шамғон Қажығалиев, Құбыш Мұхитов, Болат Сарыбаев, Фатима Балғаева – консерваторияның алғашқы түлектері болды. Кейін олар ұстаздық қызмет атқарды. Біздер Құбыш Мұхитовтың сыныбын бітірдік. Қаршыға Ахмедияров, Кенжебек Күмісбеков, Бақыт Қарабалина, Шәміл Әбілтаев және мен алдыңғы толқын қатарында болдық. Ал Орынбай Дүйсен екі-үш курс кейін оқыды. Сонда байқағаным, Орынбайға Алла берген дарыны өз алдына, ол өте еңбекқор болатын. Дарын мен еңбекті ұштастыра білген адам ғана мақсатына жететіні белгілі. Күнделікті оқуы мен емтиханға дайындығынан бөлек, ұстазымен келісе отырып, «Бір аптаның ішінде мынадай бес-алты күйді жаттауым керек» деп күйлердің тізімін жазып алады. Келесі жұмада сол бес-алты күйді жаттап келеді. Одан арғы аптаға тағы да сондай жоспар құрады. Оны ешкім қинап, міндеттеп жатқан жоқ. Бұл – оның күй өнерін терең меңгеруге деген құштарлығы! Студент кезінде-ақ Құрманғазы оркестрінде жұмыс жасады. Жеке домбырашы ретінде көрініп жүрді. Кейін ұстаздық қызмет жолы басталды. Бірге еңбек еттік. Кейін Елордаға қоныс аударды. Күйді зерттеумен айналысты, ғылыми мақалалар жазды. Енді бір қыры – композиторлығы. Әндері де, күйлері де көрермендердің көңілінен шығып отыр. Біздің оркестр оның шығармаларын жақсы орындады. Ұстаз ретінде шәкірттеріне өнеге беріп келеді. Ұзақ ғұмыр тілеймін», –  деді.

«Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев бар саналы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен өнерін өркендетуге және ұстаздық қызметке арнаған Орынбай Кәріғұлұлының еңбегі өте зор екенін атап өтті. «Ол жас буынды кәсіби тұрғыда дайындайды. Күй өнерін дамытуға, оның ғылыми түрде зерттелуіне атсалысып жүр. Елге танымал дәулескер күйшілердің, соның ішінде «Ғасыр адамы» атанған Күй анасы Дина Нұрпейісованың асыл  мұрасын насихаттауда. Мол тәжірибе, адал еңбектің арқасында абыройға бөленді»,  – деді.

Композитор, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серік Әбдінұров мерейтой иесін құттықтай келіп: «Орынбай Кәріғұлұлы қазақтың әйгілі күйшілерінен дәріс алған. Домбыра тартқанда, қағысы бөлек. Ұлттық мақамды сақтайды. Әдістемелік ғылыми еңбектері бағалы деп есептеймін. Өйткені ұлттық күй қазынамызды жан-жақты зерттеп жазған шығармалары өнермен, ғылыммен айналысамын деген жастарға жол сілтейтін құрал болмақ. Адами қасиетіне келсем, ол сабырлы, салмақты, көп сөйлемейді. Бұл да – даналықтың бір белгісі. Шәкірттеріне өзінің ісімен, өмірдегі ұстанымымен үлгі болады. Бойына ана сүтімен дарыған талантын күй құдіретін ұғындыруға арнаған жан», – деді.

Ақын, композитор Сланқожа Қарақыстық О. Дүйсеннің өмір жолы туралы баяндама жасады. Орынбай Кәріғұлұлы бала кезінде Мұхит жолын ұстанған әнші Сатайдың баласы Ізтай Нағиевтен және өнер үйірмесінің мүшелері Б. Ткатов, Ө. Ақтаубаев, Ш. Нағиев т.б. азаматтардан тәлім алғанын және жеті жасында ауданға барып, домбыра тартып, лауреат атанғанын айта келіп: «Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев пен әнші Қалампыр Рахимованың ықпалымен Республикалық эстрада және өнер студиясына оқуға түскен. Оны бітірген соң, Алматы мемлекеттік консерваториясындағы профессор Құбыш Әшімұлы Мұхитовтың класына оқуға түсіп, 1982 жылы домбыра мамандығы бойынша тәмамдаған. 1979 жылы Ш. Қажығалиевтың басшылығымен Құрманғазы атындағы Академиялық ұлт аспаптар оркестрі құрамында өнер көрсеткен. 1983 жылы І республикалық конкурстың лауреаты атанды. О. Дүйсен ескі күйлердің озық үлгілерінің түпнұсқасын бұзбай үйрету үрдісіне баса көңіл бөледі. Азаматтық ұстанымы: қазақтың күйшілік өнері – бір өңірдің жеке меншігі емес. Күй – қазақ халқының теңдесі жоқ ұлттық өнер қазынасы. Осы қағиданы шәкірттерінің санасына  сіңіріп келеді», – деді.

О. Дүйсен 20-дан аса халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттарын дайындаған. Олардың біразы ҚР еңбек сіңірген қайраткері атанды, оқу орындары мен өнер ұжымдарында қызмет жасап жүр. Ұстазын құттықтап Алматыдан Айман Ақбаева, Саят Ақбасов, Шымкенттен Кәмила Есқараева сынды шәкірттері келді. Арқа өңіріндегі шәкірттері түгел жиналды. Ал Тұрар Әліпбай, Ерболат Сапуанов, Естай Айтқұловтар концертте өнер көрсетті.

Ұстаздың шәкірті, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов: «Орынбай ағаның ұстазы – дарынды күйші Құбыш Мұхитов, ал Құбекеңнің ұстазы – Науша Бөкейханов, арғы жағы Дәулеткерейге барып тіреледі. Солардың бәрі – төре күйшілер мектебін жалғастырушылар. Орынбай ағаның орындаушылық ерекшелігі жан-жақты. Батыс күйшілік өнерімен қатар, Арқа, Қаратау, Алтай-Тарбағатай, қазақ жерінің барлық аймағындағы күй мақамдарын жетік біледі және біртұтас халық өнері ретінде насихаттайды. Әр шәкіртінің санасына осы ойды сіңіре біледі. Күйдің табиғи қасиетін қатаң сақтауды талап етеді. Өзі де орындаған кезде соған баса мән береді. Мысалы, Дина шешейдің күй тарту стилін барынша жеткізуге күш салады. Орынбай Кәріғұлұлы домбыраның күйін келтіргенде, құлағын жоғары бұрағанды қабылдамайды. Төмен бұрауды, қоңыр үнді дыбысты жақсы көреді. Қазақтың қасиетті күй өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге бар ғұмырын арнап келе жатқан дарын иесі», – деп өз пікірін білдірді.

Ел алдында есепберіп, көңілі орнына түсіп, бір серпіліп қалған Орынбай Дүйсен: «Күй өнеріне ден қойғаныма 47 жылдай болды. Алдымызда небір дүлділдер өтті. Соларды көріп өстік. Қали Жантілеуовті, Дина шешейдің шәкірті Рүстембек Омаровты көрдік. Ұлағатты ұстаздарымыз – Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастанов, Шамғон Қажығалиев, Базарбай Жұманиязовтардан тағылым алдық. Қол жеткізген табыстарым – сол ағалардың ерен еңбегінің нәтижесі. Күйде ұлттық мүдде болуы керек. Өңірлік, тайпалық деген ұғым болмайды. Концертте түрлі күй мектебінің туындылары орындалды. Әрдайым жастардан соны талап етемін. Өйткені біз – біртұтас мемлекетпіз. Көк туымыз бар. Келер ұрпақ қазақтың қастер­лі өнерін игеріп, болашаққа жеткізе беруін тілеймін. Күйді насихаттау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздің бірнеше өңіріне баруды жоспарлап отырмыз»,-деді.

О. Дүйсен еңбегін бағалап жатқан азаматтар мен көрермендерге, күйлерді орындаған оркестр ұжымына және концертті ұйымдастыруға атсалысқан барша адамға ризашылығын білдірді.

Айбатыр  Сейтақ,

ақын-журналист

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале