Гватемалада концерт кезінде орнаған кептеліс салдарынан тоғыз адам қаза тауып, 20-ға жуығы жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ABC News-ке сілтеме жасап.
Оқиға Кецальтенанго қаласында Гватемаланың Испаниядан тәуелсіздік алуының 201 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде болды.
Гватемалалық Bohemia Suburbana рок-тобы өнер көрсеткен соң, мыңдаған көрермен кетуге әрекеттенсе, басқалары кіруге тырысады. Соның салдарынан қатты кептеліс орнаған. Оның үстіне, жаңбыр жаууы салдарынан алаң лайланып, адамдардың көбі құлап, бір-бірін таптап кеткен.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ондаған адамның сығылысып тұрғаны көрінеді. Құлағандарды құтқару үшін итеруді тоқтатып, шетке шығуға шақырған айқай естіледі.
Кецальтенанго қаласының мэрі Амилькар Ривас билік рұқсат бергенін, алайда шараны ұйымдастырушылар қауіпсіздік пен халықты бақылау жағын үйлестіре алмады, соның кесірінен адам шығыны болғанын айтты.
Фото: apnews.com