12.06.2025, 17:45
Оқылды: 155

Ғылым жолында

Шыңғырлау ауданының аумағында талай ақын-жыршы, тарихшы, ғұламалар өмірге келген. Бүгінгі таңда заман көшіне ілескен азаматтарымыз да елдігінің, қазақи менталитеттің сақталуына өз үлесін қосуда. Елдің ұлы құндылықтарын сақтай отырып, ғылым мен білім жолында шыңдалған жастарымыз қаншама?! Солардың бірі –  шыңғырлаулық Салтанат Абдуғазиева. 

WhatsApp Image 2025-06-12 at 18.05.02

Арманы алға жетелеген Салтанат теңіз асып, әлемнің ең беделді білім ордаларының қабырғасында біліммен сусындап, дамып, бүгіндері халықаралық деңгейдегі орталарда өз білімін ортаға салатын дәрежеге жетті. Алайда оның әлі де көбірек білсем деген талабы таудай. Төрт тілді еркін меңгеріп, білім жауһарларын жинап жүрген Салтанат – өзгелерге үлгі  болатын жан.

Салтанат Хамитқызы – Л. Қылышев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің түлегі. Мектеп қабырғасынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, пәндік олимпиадалардың  жүлдегері атанып, білімділігін танытты. Туған ортасы – Абдуғазиевтер отбасы да оның білімге деген құштарлығын қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Әкесі Хамит Салауатұлы мен анасы Кітабия Іскендірқызының берген тәрбиесі мен білімі – Салтанаттың білім жолындағы алғашқы қадамдарының негізі болды.

Салтанат мектепті үздік бітіріп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар бөліміне оқуға түседі. Жоғары білімді үздік дипломмен аяқтаған ол Ресейдегі ЖОО – РУДН мен елдегі ҚазҰУ магистратурасында білімін жалғастырды. Одан кейін Италияның Тор-Вергата мемлекеттік университетінен халықаралық құқық және экономика, АҚШ-тың Калифорния штатының Сан-Диего мемлекеттік университетінен халықаралық қатынастар  мамандықтары бойынша ғылым магистрі атағын алады.

Қазіргі таңда Салтанат Хамитқызы АҚШ-тың Чикаго мемлекеттік ғылыми-зерттеу университетінде қызмет атқарып, ғылым докторы атағын қорғауда. Білім жолы тынымсыз ізденіс пен толағай еңбекке толы. 2024 жылдың 26-29 қыркүйегі аралығында Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас ассамблеясының 79-сессиясы аясында өткен халықаралық жас ғалымдардың конференциясында спикер ретінде сөз сөйледі. Бұл шараның маңыздылығы жоғары екенін айта кеткен жөн. Онда әлемді алаңдатқан ядролық қарудың қолдануына жол бермеу мәселесі талқыланды.

Қазіргі уақытта Салтанат  АҚШ-тағы Калифорния штатындағы Миддлбери институтының Ядролық қаруды таратпау зерттеулері орталығында стипендиант болып, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Салтанаттың еңбекқорлығы мен өзін жетілдіруге деген ұмтылысы оның болашағы жарқын екенін көрсетеді. Оның жетістіктері тек ата-анасының ғана емес, еліміздің де мақтанышы боларына сенім мол.

Ақын Ақұштап Бақтыгереева «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген болатын. Осы сөздер Салтанат Абдуғазиеваға толық сай келеді. Қазақ қызының асыл қасиеттерін, білім парасатын, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген Салтанатқа біз тек амандық, күш-жігер тілейміз. Ол болашақта еліміздің ғана емес, әлемнің мақтанышына айналған тұлға болатынына сенеміз.

Айсұлу Мұса,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале