Шілденің 7-14-і күндері Астанада биологиядан IBO-2024 35-ші халықаралық олимпиадасы өтеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты.
Халықаралық биология олимпиадасы (IBO) – әлем елдерінің орта мектеп оқушылары арасындағы ең бәсі жоғары бәсеке және білім саласындағы ең ауқымды шаралардың бірі. Қазақстандық мектеп оқушылары ғылыми жарысқа 1996 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде олар 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль және 14 құрмет грамотасын жеңіп алды. Бұл жоғары көрсеткіштер. Қазақстанның мұндай беделді іс-шараны өткізу орны ретінде таңдалуы да сондықтан.
«Оқу жылының басынан бастап олимпиада тапсырмаларын халықаралық деңгейде әзірлеу бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Тапсырмалар биохимия, молекулалық биология, биоинформатика, анатомия және жануарлар физиологиясы саласын қамтиды. Бүгінгі таңда биологиядан Қазақстанның олимпиадалық құрамасы алдағы жарыстарға қызу дайындалып жатыр, «Дарын» орталығында оқу-жаттығу жиындары өтуде. Олимпиада аясында қазақстандық педагогтер үшін биологиядан олимпиада есептерін шешу бойынша шеберлік сабақтары, семинарлар және әлемнің жетекші ғалымдарының ғылыми-тәжірибелік конференциялары өтеді», - деп атап өтті комитет төрағасы.
2023 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 580 медальға ие болды. Оның ішінде 23 медальді ең беделді жеті әлемдік олимпиадада жеңіп алған: IMO, IPhO, IBO, IOL, IСhO, IGeO, IOI. Оларға біржолғы ақшалай сыйлық берілді: алтын медаль алғандарға – 1500 АЕК, күміс үшін – 1000 АЕК, қола үшін – 500 АЕК, сондай-ақ оларды дайындаған педагогтерге базалық жалақының 8,5-тен 26,5 еселенген мөлшерінде сыйақы төленді.