Өткен жұмада облыстық мәслихаттың үлкен залында облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімдігінің 2013 жылғы 11 наурыздағы №31 және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2013 жылғы 28 наурыздағы №7-4 «Жер учаскелерi жеке меншiкке берiлген кезде олар үшiн төлемақының базалық ставкалары туралы» бірлескен қаулысына және шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қарады.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Нұржан Мақсотовтың баяндауынша, елді мекендер атауларындағы кейбір өзгерістерге және кей ауылдардың таратылуына байланысты аталмыш бірлескен қаулыға өзгеріс енгізу қажет. Енгізілетін өзгерістер жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының ұлғаюына соқтырмайды. Сондай-ақ кеңес отырысында облыс бойынша жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы мәселе қаралып, мақұлданды.
«Батыс Қазақстан облысы бойынша үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы» Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 12 қазандағы №14-5 шешіміне өзгеріс енгізу туралы қаулысы қаралып, қолдау тапты.
Бірақ кеңес мүшелері тарапынан аталмыш мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрқайыр Құсайыновқа сұрақ көп болды. Мақсот Бектұрғанов қалада бұралқы иттердің көбейіп кеткенін, балалардың мектепке қатынауына қиындық тудырып отырғанын, оларды құрту қажеттігін айтты. Ветеринария басқармасының өкілі ит аулау бригадаларының жұмыс істейтінін, бригада саны көбейтілуде екенін, олардың жабдықталуының нашарлығын алға тартты және жаңадан 3 аутокөлік сатып алу үрдістерінің жүріп жатқанын хабарлады.
– Облыстық «Орал өңірі» газетінде «Бала өмірінен ит өмірі қадірлі болған заман-ай...» деген мақала шықты. Онда 8-сыныптың баласы қоқыс жәшігі маңында жүрген қаңғыбас иттерден қашып құлап, жілігін екі жерден сындырған. Шауып жүрген жеткіншек төсекке таңылып бірнеше айдан бері үйден емделуде. Бұл оқушыны мұғалімдер үйден оқытып жүр. Мәселе көтерілді, бірақ құзырлы орындардан газет редакциясына мынадай шара алынды деген жауап түскен жоқ. Бюрократиядан, сөзбұйдалықтан қашан арыламыз? Көшеде иттерді тұмылдырықсыз серуендетеді. Осы жағдайды полициямен бірігіп рейдтерге шығып, тиісті шарасын алсаңыздар, – деді қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин.
Ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрқайыр Ғайноллаұлы қаңғыбас төбеттерді атуға заң жүзінде рұқсат жоқтығын, тек аумен ауланатынын, адамдарға қауіпті қабаған иттерді ғана жоюға болатынын жеткізді. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері Нұрлан Сәдір, Данильбек Саратов бұралқы иттердің топтанып жүретінін, оларға қарсы нақты шара алыну қажеттігін айтты. Аталмыш кеңес төрағасы Ербол Салықов та таң атпай иттердің өріп жүретінін, рейдтер жасап, тиісті шара алу керек екендігін ескертті. Ал Жансұлу Төремұратова Шығыс Қазақстан облысында қаңғыбас ит-төбеттерден еріктілердің көмегімен азайтқанын мысалға келтірді.
«Еріктілерге ау беріп, ветеринарлық станса өкілдерімен бірге ит аулауға шығарайық. Ұсталған төрт аяқтыларды питомниктерге қамауға кедергі жоқ. Оларға тамақ бергісі келетін тұрғындар питомникке келіп берсін тамақтарын», – деді ол.
«Иесіз иттерге қатысты тиісті шаралар алынуы тиіс. Айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескерілсін. Ветеринария саласының бұралқы иттерге қатысты жүргізілген жұмыстарының есебін алдағы уақытта тыңдаймыз», – деп әңгімеге нүкте қойды Ербол Ғұмарұлы.
Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін, сондай-ақ оларға бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы мәселе қаралды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қаналиевтің сөзіне сүйенсек, «Батыс Қазақстан облысы мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы №40-11 «Батыс Қазақстан облысының ауылдық жерге және кенттерге, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларға жұмысқа жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен әлеуметтiк қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін айқындау қағидасын бекіту туралы» шешімінің күшін жойып, облысымыздың кадр тапшылығын азайту мақсатында жаңа шешім қабылдау қажет.
Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір фармацевтика қызметінің 99 пайызының жекеде екенін, оларды мемлекет тарапынан қолдап, фармацевтерге көтермеақы төлеудің қажеттігі бар ма деген сұрақ қойды. Асылбек Қаналиев өңірге клиникалық фармацевт маманның қажеттігін, олардың дәрі-дәрмектің адамға әсерін қадағалайтыны туралы түсінік берді. Кеңес мүшелерінің қойған сұрақтарына нақты жауап берді.
«Қай жерге қандай маман қажет екені арнайы комиссияда қаралып, шешіледі. Содан кейін маманға көтермеақы төлеуге бюджет қаражаты сұралады. Ол маман барған ауылында немесе кентте 5 жыл тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Декреттік демалыс есепке кірмейді. Қазіргі кезде жеке медицина дамуда. Олар 10 млн теңге береді, сондықтан соларға кетеді», – деді аталмыш басқарма өкілі.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Мақсот Берген өңірде 220 дәріхана барын, олардың ішіндегі 200-ге жуығының лицензиясы жоқтығын айта келе, еліміздегі «Жедел жәрдем» қызметі қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін қаулы жобасына қатысты түсінік беруді сұрады. Осы тақілеттес сұрақтарға Асылбек Салауатұлы жауап берді. Оның айтуына қарағанда, «Жедел жәрдем» қызметінің қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін жобада халыққа тәулік бойы көрсетілетін «Жедел жәрдем» қызметтерін шектеу туралы әңгіме жоқ.
Енді «Жедел жәрдем» бригадалары науқастардан түскен шақыртуларға баруды азайтады. Нақтырақ айтқанда, төртінші санаттағы шақыртуларға тәулік бойы қызмет көрсетуді тоқтатуы мүмкін. Бұл санатқа науқастың өміріне аса қауіп төндірмейтін аурулар жатады. Министрліктің мұндай ше-шімге келуінің бір себебі қазіргі тариф «Жедел жәрдем» шығындарын толық жаппайды. Сол себепті тәулік бойы жұмыс істейтін бригадаларды ұстау тиімсіз. Қаулы жобасы 8 қазанға дейін ашық талқылауда болады. Өзгерістер шақыртуларға қызмет көрсетудің жеделдігі мен сапасын арттыру мақсатында емханалардың жанынан құрылатын бригадаларға қатысты болып отыр. Мобильдік бригадалардың санын көбейту туралы шешім қабылданған.
Қоғамдық кеңестегі сөз алғандар «Жедел жәрдем» қызметіне байланысты жаңа өзгерістерді халыққа түсіндіру қажет екенін тапсырды.
Қоғамдық кеңес отырысында басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Гүлбаршын Әжігереева
zhaikpress.kz