Индонезияның Бандунг қаласында IGeO-2023 географиядан халықаралық олимпиада аяқталды. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, ел намысын география пәнінен республикалық олимпиаданың төрт жеңімпазы қорғаған.

Олар жазбаша тест, мультимедиялық тест және практикалық тапсырма бойынша жарысқан.
Халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша медаль қоржыны екі жүлдемен толыққан.
Ақтөбе қаласындағы НЗМ 11-сынып оқушысы Санжар Хамитов алтын, Шымкент қаласындағы НЗМ 10-сынып оқушысы Арсен Сыдықов қола жүлдені ұтып алды.
Айта кетсек, IGeO алғаш рет 1996 жылы Халықаралық географиялық одақтың (IGU) қолдауымен Гаагада өткізілген болатын.
Қазақстан құрама командасы олимпиадаға 2012 жылдан бері қатысып, барлығы үш алтын, бір күміс және төрт қола жеңіп алды. Олимпиаданың негізгі міндеттері – оқушылардың географияға және қоршаған орта туралы ғылымдарға қызығушылығын ынталандыру, халықаралық өзара байланысты нығайту.