26.09.2024, 12:15
Оқылды: 166

«ІІІ+ реакторларының қауіпсіздік деңгейі жоғары» – Владимир Новозенко

Бөрлі ауданының орталығы – Ақсай қаласында ҚР Энергетика министрлігінің «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК-ның филиалы жұмыс істейді. Ядролық физика институтының Ақсай филиалы 1998 жылы Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнында құрылған. Сол кезде шетелдік компаниялар альянсы Қарашығанақ МГКК операторы қызметін атқарған. Негізгі міндет – «Лира» нысандарын күтіп ұстау және бақылау. «Лира» нысандары – конденсатты сақтау үшін ядролық жарылыстардың энергиясын қолдану арқылы жасалған жерасты қоймалары. 1998 жылы шетелдік компаниялар альянсы оларды пайдаланудан бас тартқаннан кейін нысандар Ядролық физика институтының теңгеріміне берілген. Референдум қарсаңындағы қызу пікірталас кезінде қоғамдық пікір көшбасшыларының емес, атом энергетикасының не екенін білетін мамандардың айтқандары өзекті. Осы орайда Ядролық физика институты Ақсай филиалының директоры Владимир Новозенкодан жиі қойылатын сұрақтарға жауап беруін өтіндік.

6570FA07-9080-49D1-975C-8E07C5E45011

– Владимир Александрович, қазанның 6-сында елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен референдум өтеді. Қазақстан халқы атом электр стансасын салуды құптайтынын немесе қарсы екенін білдіріп, таңдау жасайды. Сіздің бұл туралы ойыңыз қандай?

– Мен, әрине, Қазақстанда атом электр стансасының салынғанын құптаймын. Қазақстанға энергияның қажет екені бесенеден белгілі. Электр энергиясын тұтыну жылына шамамен 3%-ға өсуде. Өткен жылдың соңында Қазақстан көршілес елдерден 100 миллиард теңгеге энергия сатып алды. Бұл – үлкен қаражат, әрі бұл тек өсе береді. Біз өзіміздің энергетикамызды дамытуымыз қажет.  

Қазіргі уақытта Қазақстан электр энергиясының 70%-ы кө­мірден өндіріледі. Бірақ мәселе сонда – Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алды.  

Ал жылу стансалары ауаны ластайды. Яғни олар қоршаған ортаға орасан зор парниктік газдар шығарады. Оның сыртында жүздеген мың тонна қалдық түзілетіні тағы бар. Уақыт өте келе ЖЭО-лар пайдаланудан шығарылады.

Біз жасыл энергияға назар аударуымыз керек. Жаңартылған энергия көздері (ЖЭК) бар. Бұл – өте жақсы нұсқа. Шын мәнінде, ол қазір трендте. Жаңартылған энергия көздері дамып келеді,
соның ішінде Қазақстанда да. Бірақ оған қатысты үлкен мәселе бар. Себебі ондай нысандар ауа райына аса тәуелді және үздіксіз энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Мәселен, Қазақстанның су электр стансалары арқылы қажетті энергияны алу үшін су ресурстары жеткіліксіз. Жаңартылған энергия көздері маневрлік қуатқа жатады. Олар кейбір ай­мақтарда жалпы энергия жүйе­сіндегі қуатты арттыруға тиімді. Ал бізге базалық генерация керек. Бұл ретте тек бір ғана нұсқа қалды, ол – атом электр стансасы.

– АЭС-тің қуаты қандай?  

– Қазір түскен ұсыныстар бойынша бір реактордың қуаты 1000-нан 1400 мегаватқа дейін жетеді. Екі реактор сәйкесінше 2,5 мың МВт өндіреді. Қателеспесем, қазір Қазақстандағы барлық электр стансасының қуаты шамамен 20 мың мегаватт.

– Атом электр стансасы туралы айтқанда азаматтар Чернобыль мен Фукусиманы еске алады. Атом электр стансасының жұмысы қаншалықты қауіпсіз?

– Иә, адамдардың алаңдайтыны туралы естіп, біліп отырмыз. Алайда Фукусима реакторы 1971 жылы, ал Чернобыль реакторы 1977 жылы салынған. Олар – екінші буын реакторлары. 1990 жылдардың соңынан бастап III буын реакторлары салынды. Ал қазіргілер – III+. Чернобыль мен Фукусимада болған қайғылы оқи­ғалар атом электр стансаларындағы қауіпсіздік жүйелерді қайтадан қарау қажеттігін көрсетті. Қазір жаңа қауіпсіздік және бақылау жүйелері үнемі енгі­зілуде. Атап айтқанда, оператордың араласуынсыз жұмыс істейтін III+ реакторларының пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Яғни бұл – ІІІ+ реакторларының қауіп­сіздік деңгейі жоғары деген сөз.

Бұл өте маңызды. Сондықтан Фукусима және Чернобыль реакторларымен салыстыруға мүлде
келмейді. Бүгінде за­уыт құрылысы құнының 40%-ын қауіпсіздік жүйелері құрайды. 10 миллион жылда бір апаттың болуы ықтимал. Сіз мұны елестете аласыз ба? Мысалы, жылу электр стансаларындағы апаттың ықтималдығы 80 есе жоғары.  

– Адамдар радиациядан және АЭС жұмысының халыққа, табиғатқа тигізетін әсерінен қорқады.

– Иә, неге екені белгісіз, адамдар радиациядан үнемі қорқады. Бірақ атом электр стансасының қалыпты жұмысы кезінде радиациялық шығарындылардың мөлшері ешқашан артпайды. Мысалы, көмір электр стансасына қарағанда атом электр стансасының жанындағы жеке дозалық жүктемелер 5-10 есе аз. Сондықтан атом электр стансасы радиациясының ешқандай теріс әсері жоқ, қорқудың қажеті жоқ. 

– Көпшілікті радиоактивті қалдықтар мәселесі де алаңдатады. Бұл қалдықтар қалай жойылады?

– Радиоактивті қалдықтар жө­нінде небір аңыздар айтылады. Кейінгі ұрпаққа таудай радиоактивті қалдықтар қалдырамыз де­ген сөздерді естіп жүрміз. Ендеше, бірге ойланып көрейік. Атом электр стансалары, әрине, радиоактивті қалдықтарды шығарады. Бір гигаваттық реактор жылына шамамен 50 тонна қалдық шығарады. Стансаның қызмет ету мерзімі – 60 жыл. Яғни барлығы 3000 тонна түзіледі. Ал бұл тау ма? Мысалы, энергетика мамандарының айтуынша, Ресейдің көмір өндірісі өз тарихында 1,5 миллиард тоннаға жуық күл үйіндісін шығарған. Міне, осыларды тау десек болады.

Атом электр стансасының қалдықтары сұйық және қатты күйде болады. Қатты заттар қалдық болып саналмайды. Олардың құрамында уранның, плутонийдің көп мөлшері бар және олар келесі буын реакторлары үшін отын ретінде қарастырылады. Сондықтан олар қайта өңделмейді, бірақ одан әрі энергетика саласында пайдалану үшін сақталады.

– Владимир Александрович, қарапайым халықты қызықтыратын жайдың бірі – станса персоналы. Қазақстан өз мамандарын тиімді даярлай ала ма?

– Алдымен, Қазақстанда 1973-1999  жылдар аралығында Маңғыстау атом энергетикалық кешенінің (МАЭК) құрамында БН-350 атом электр стансасының реакторы жұмыс істегенін еске түсірейік. Қазіргі уақытта елімізде үш ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді: екеуі Курчатов
қаласында және біреуі Алматыдағы Ядролық физика институтында орналасқан. Соңғысы туралы көбірек айтқан жөн. Бұл ВВРК реакторы, қуат бөлігінің жоқтығын қоспағанда, Қазақстанда салуға қарастырылған реакторға іс жүзінде ұқсас. Бүкіл энергетика тарихында мұндай реакторларда бірде-бір апат болған емес. Басқару жүйелері, қауіпсіздік және бақылау жүйелері ұқсас. Ал бұл нысанды біздің (қазақстандық) жоғары оқу орындарында оқып, реакторды басқаруда арнайы тәжірибеден өткен жергілікті қызметкерлер басқарады.

Теориялық дайындыққа келетін болсақ, Қазақстанда алты жоғары оқу орны осындай бағыттағы мамандарды арнайы даярлайды. Бакалавриат, магистратура және докторантурада 9 мыңға жуық адам білім алуда. Оның 250-і ядролық физика, атом энергетикасы, ядролық энергетикаға арналған материалдардың салаларына бағытталған. Сондықтан бізде мамандар жоқ деу мүлдем дұрыс емес. Атом электр стансасында жұмыс істейтін 2000 адам керек. Оның 400-ге жуығы – атом өнеркәсібіне қажет ядролық физика мамандары. Біздің стансада жұмыс істейтін осыншама кадрды даярлауға қауқарымыз жетеді деген ойдамыз.

– Қазақстанның атом энергетикасын одан әрі дамытуға әлеуеті жете ме?

– Әлеуеті өте зор деп ойлаймын. Әзірге бір стансаның құрылысын айтып жатырмыз. Бол­-
жам бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну деңгейі 150 млрд кВт/сағаттан асады. Ал бізде жұмыс істеп тұрған электр стансалары небәрі 135 млрд кВт/сағат энергия өндіреді. Сенімді базалық генерация ретінде атом электр стансасын салу қажет. Мамандар 2 реакторлы емес, 3 немесе 4 реакторлы АЭС жобалаған жөн дейді. Сондай-ақ Қазақстанның уран өндіруден әлемдік көшбасшылардың бірі екенін ескеру қажет. Себебі бұл артықшылықты пайдаланған жөн.

– Кейде адамдар тақырыпты зерделеп, әуреленбей-ақ пікірлерін аксиома ретінде ұсынатын блогерлерге сенгенді жөн көреді. Осы орайда сіз қандай да бір уәж айтсаңыз?

– Ұсыныс ретінде айтсам, атом электр стансасы сияқты энергия көзінің қажеттілігі мен қауіпсіздігін түсіндіретін ресми ақпарат көздері бар. Бірақ не себепті екені белгісіз, адамдар мұның бәрін қандай да бір проблема ретінде көрсететін арандатушыларға сенеді. Мысалы, АЭС Балқашқа жақын жерде салынса, көл ластанады, таязданып, радиоактивті болады дегенді айтып жүр. Алайда мамандардың нақты есептеулері бар. Олар қайталама салқындатқышты салқындату үшін пайдаланылатын судың таза және радиоактивті емес екенін көрсетеді. Яғни Балқашқа радиация тарамайды. Тек су буланады. Бірақ бұл көлдің табиғи булануының 0,3%-ын құрайды.

– Еліміздегі ең ірі мұнай-газ конденсат кен орында­рының бірі орналасқан аудан – Бөрлі ауданының, сондай-ақ институт филиалы жетекшілік ететін нысандардың экологиялық  жағдайы туралы не айтасыз?

– Ауданның экологиялық жағдайы жақсы деп есептеймін. Бізде айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін өнеркәсіптік ластаушылар жоқ. Жалғыз өнеркәсіптік нысан – Қарашығанақ кен орны бар. Бірақ ол жерде бәрі бақылауға алынған. Мысалы, кен орны аумағындағы биоалуантүрлілікке жыл сайын мониторинг жүргізіледі. Соның нәтижесінде жануарлар әлемі дамып келеді. Жануарлар өмір сүрсе, биосфера шын мәнінде таза деген сөз.

– Сіз референдумның мәні неде деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, референдумның басты міндеті – адамдардың оның қажет екенін түсініп, қандай да бір салдардан қорқуды және қауіптенуді доғаруы. 

Сұхбаттасқан Мария Пирог
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале