11.07.2022, 16:29
Оқылды: 37

Індеттің қайта өршу қаупі бар

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Мұстаевтың баяндауынша, бағалау матрицасы бойынша облыстағы эпидемиологиялық ахуал «жасыл» аймақта, жағдай тұрақты. Дегенмен өткен апта көрсеткішін алдыңғы аптадағы көрсеткіштермен салыстырғанда, тәжтажал бойынша арушаңдық екі есе өскені байқалады. Дәлірек айтқанда, бес жағдайдан 11 жағдайға жетті.

WhatsApp Image 2022-07-11 at 09.46.35

– 1 шілдеден бастап өңірде пандемиямен аурудың жаңа 15 жағдайы тіркеліп отыр. Оның ішінде 10-ының ауру белгілері бар, бесеуінің белгілері жоқ. Оралда - 9, Бөрлі ауданында - 3, Жаңақала ауданында - 2, Бәйтерек ауданында 1 жағдай анықталды.  Ауру жағдайларының  67%-ы (10 жағдай) жіті респираторлық вирустық инфекция белгілері бар науқастарды тексеру кезінде, 27%-ы (4 жағдай) профилактикалық мақсатта тексерілу барысында, 6%-ы (1 жағдай) жұқпа ошақтарын тексеру кезінде қарым-қатынаста болған азаматтар арасынан анықталды.

1 маусымнан бүгінге дейін бес жағдай, яғни аурулардың 26%-ы ауруға қарсы бірде-бір екпе алмағандар арасында, 63%-ы екпені алған уақыты алты айдан асып кеткен тұлғалардың арасында, 11%-ы екпе уақытынан 3-4 ай өткен азаматтар анықталды.

D23B51DB-B1BC-47E5-9ECF-5284FF6D136E

Вакцинация басталғалы бері облыста екпенің екі компонентін толық алғандар саны 65%-ды құрайды. Бұл республика бойынша төменгі деңгейлердің бірі болып саналады. Ревакцинация бойынша 49%, қайталама ревакцинация бойынша 29,9% болды. Екпе жұмысын одан әрі жандандыруымыз қажет,  – деді Н.Мұстаев.

WhatsApp Image 2022-07-11 at 09.46.32

– Індеттің қайта өршу қаупі бар.  Еліміздің бірқатар өңірлерінде жағдай нашарлап барады. Аурудың бірнеше толқынынан өттік. «Аурудың батпандап кіріп, мысқалдап шығатын» кесел екеніне көзіміз әбден жетті. Соңғы бірнеше айда босаңсып кеткенімізді мойындауымыз керек.  Вакцинациялау, ревакцинациялау жұмыстарын күшейту қажет екенін айтқым келеді.  Екпе алудың ешқандай қаупі жоқ екеніне көз жеткен болар. Статистикаға сүйенсек, дәл осы вакцина арқасында көптеген адам аурудан аман қалды немесе аурудың жеңіл түрімен ауырды. Барлық емхана мекенжайларындағы тіркеудегі тұрғындарға  ревакцинациялау уақыты келгенін хабарлау қажет.  Көпшілікпен өтетін іс-шараларды бірте-бірте азайтуымыз керек, – деді Ғали Есқалиев.

Облыс әкімі Орал қаласы мен аудандардың әкімдеріне, медициналық мекемелердің басшыларына тұрғындарды ревакцинация жасау туралы ақпараттандыруды тапсырды. Тәжтажалмен «айқасқа» түскен өткен екі жыл ішінде 50 мыңға жуық адам ауырды, 900-ге жуық адам қайтыс болды. «Қалай болғанда да жағдайды ушықтырмаудың жолдарын қарастырайық. Өз өзіңізді сақтап, көпшілік орындарға баруды шектеп, таза ауада көбірек болып, спортпен айналысыңыздар Ең бастысы, ревакцинация жасау керек. Өткен екі жылдан сабақ алуымыз керек»,  –  деп қорытты жиынды облыс әкімі.

Гүлнәр Шәңгерей,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале