15.01.2024, 15:15
Оқылды: 329

Инклюзивті білім беру әдісі қаншалықты тиімді?

Инклюзивті білім беру әдісінің білім саласына енгеніне он шақты жылдан асып кетті. Басында қоғамның өткір сынына іліккен осы бір оқыту әдісі бүгінде білім беру нарығына әбден деңдеп еніп алды. Қазіргі уақытта мектептің көбінде инклюзивті білім беретін сыныптар ашылып ол сыныптарда мүмкіндігі шектеулі балалар білім алып жатыр. Бір ғана БҚО-ның өзінде 4 572 бала инклюзив сыныптарында оқып жүр.

мектеп

БҚО-да мектепке дейінгі ұйымдарда 17 арнайы топ, 29 инклюзивті тәрбиелеу кабинеті  бар екен. Ол топтарда 144 бала арнайы білім алып, 368 бала тәрбиеленіп жатыр.

Бізге бұл туралы БҚО Білім басқармасы арнайы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Шынар Бауеденова айтты.

- БҚО-да психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемесі есебінде ерекше білімді қажет ететін 6 628 бала тұр. Оның ішінде 1 425 бала мүгедек санатына жатады. Жалпы білім беретін  мектептерде 341 бала оқып жүр. Ал 367 бала үйден білім алса, арнайы түзету мектептерінде 603 оқушы оқып жүр. Даму мүмкіндігі шектеулі баланы анықтау және олардың білім алуына жағдай жасау мақсатында облыс бойынша төрт психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес жұмыс істеп тұр, - деді Шынар Бауеденова.

Инклюзивті білім беру бұл жәй оқыту емес. Бұл жерде мұғалімнің шеберлігінен бөлек сабыры тексерілетіні бар. Ал Үкімет өз тарапынан инклюзивті білім алатын балаға барлық жағдайды жасауы тиіс. Бұл ретте БҚО-да 345 мектеп инклюзивті білім беруге жағдайы жасалған деген баға алыпты. Жалпы өңірде 226 дефектолог пен 221 логопед маманы бар.

Жалпы инклюзивті білім беру тәжірибесі сәтті жүріп жатыр ма? Біз осы сұрақты білім басқармасының маманына қойдық.

- Қай нәрсе де басында қиын болары сөзсіз. Инклюзивті білім берудің мақсаты-мүмкіндігі бар баланы шектемей керсінше топқа, ортаға қосуды көздейді. Иә, қиындығы бар. Бірақ нәтиже де бар. Мысалы, сөйлей алмайтын бала топқа қосылып тым жақсы сөйлеп кетті. Ортаға мүлде қосылып көрмеген бала мектепке келгесін ашылып, тым жақсы нәтиже беріп жатқандары бар, - дейді БҚО Білім басқармасы арнайы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Шынар Бауеденова.

Мүмкіндігі шектеулі баланы топқа қосып оқытудың шынымен оң нәтижесі барын бізге ардагер ұстаз Дариға Ғазезқызы да айтып берді.

Дариға Ғазезқызы  мектеп мейірім мекеніне айналуы тиіс деп есептейді. Егер баланы «сен соқырсың, сен ақсақсың» деп қоғамнан жырақтата берсек ертеңіміз не болады деп күрсінеді ұстаз.

- Мен ұстаз ретінде айтсам, ауру баланы «сенің сау баламен бір сыныпта отыруға құқың жоқ» деп бөлуге жүрегім шыдамайды. Менің өзімнің де алдыма тұтықпасы бар, эпилепсиясы бар, аяғы ақсақ бала да келді. Мен ондай кезде ұлдармен бөлек, қыздармен бөлек психологиялық әңгімелер жүргіздім. Сондай жұмыстың нәтижесінде олар ортадан шеттелмей жақсы болып кетті. Тұтықпасы барлар сөйлеп кетті, эпилепсиясы бар бала ҰБТ кезінде де ұстамасы ұстамай аман кетті. Дені сау балалардан еш кемшілігі жоқ, бірдей білім алып кетті. Тіпті тұтықпасы бар балам мектеп бітіріп дәрігерлікті таңдап, қазір үлкен дәрігер болды. Сонда бала күнінде денсаулықтың қадірін бейсаналы түрде сезді ме екен деп ойлаймын кейде. Ал эпилепсиясы бар балаларым болған. Олар қазір мықты маманға айналды. Жағдайларын жасады, бай тұрады. Сонда мен кезінде «мына талып қалатындарды құртындар» деп шеттетіп тастасам олардың бүгінгі тағдыры не болар еді? Бұл жерде әңгіме ұстаздың жүрегіне келіп тіреледі. Ұстаз жүрегі баланы алалап, бөлелеуге шыдамайды. Мейірімді мектептер болуы тиіс. Әр мектептің бір мінезі, болмысы болады. Тәжірибелі, жүрегі жылы мұғалім көп. Тәрбие жұмысына басым көңіл бөлетін мектептерге басымдық беріп ауру балаларды сондай мектептерге жолдамамен жіберу керек.

Бұл деген тек тән жарақаты емес қой, жандары да жаралы балалар олар. Осы орайдан қарасақ инклюзивті тәрбиенің ауқымы кең. Себебі әр балаға ерекше көңілмен қарау бүгінгі ұстаздың міндеті,-дейді Дариға Мұштанова.

Дариға Мұштанова - белгілі ақын, ұстаз. Ұзақ жыл бойына БҚО-дағы алдыңғы қатарлы озық мектептердің алды болған «Үміт» гимназиясын басқарды. Ардагер ұстаз 40-жылдан астам ұстаздық өтілінде алдына сан түрлі тағдыр иесі келгенін айтады.

- Мектеп те, мұғалім де ең алдымен адамгершілк кредосын алға қою керек. Біздің халық өте дана болған. Көреген болған. Инклюзивті білім дегеннің өзі біздің менталитетімізбен үйлесіп, ұштасып жатуы керек, - дейді ақын Дариға апай.

«Қалыпты балаға ерекше баланы қосып оқытудың екінші жағы бар. Баланың бойындағы жанашырлық қасиетті оятуға жұмыс істейді. Он саусақтың қайсысын кессең сол аурады дейді ғой. Ал ұрпақты, болашақ қоғамның мынаусы жақсы, мынаусы жаман деу, мынау артық, мынау кем деп қарауға болмайды. Қазіргі уақытта инклюзивті білім беру екінші сатыға өтуі керек. Жетіле түсу керек. Алқалы топта бір жері кем адамға тесіліп қарауға болмайтынын біздің өзіміздің қазақы тәрбие ұғындырп отыр. Сол ұлттық тәрбиені негізге алып, қайта жанандырып мектепте қолдану керек. Ақсақтар мектебі, соқырлар мектебі деп оларды бөліп тастауға қарсымын. Себебі ондай арнайы мектепте оқыған балалар өздерін өмір бойы кем көреді.  Сондықтан да инклюзивті білім дегеннің өзі адамгершілік құндылыққа негізделуі керек. Баланың жанын жараламай, білім бере алу да үлкен өнер. Көңіл мектебі, пейіл мектебі деген бар қазақта. Соны тірілту керек, жаңарту керек. Қазір ешкімнің көңіліне қарамайтын безбүйрек қоғамға керек әдіс. Инклюзивті білімнің негізі осыда жатыр», - деді Дариға Мұштанова.

Бізбен сұқбаттасып отырып Дариға Ғазезқызы алдына келген сан түрлі шәкіртін есіне алды. Апай олардың бәрін мейірім ғана ортаға қосты дейді. Инклюзивті білім беру үшін мұғалімнің өзінің білімі өте терең ал жүрегі кең болуы керек деп қорытты сөзін.

Ал қоғам белсендісі Тілекқабыл Нұрышев болса инклюзивті білім беру деген нағыз бизнеске айналдды дейді.

Оның сөзінше бұл қып-қызыл ақша, бизнес.

- Менің пікірімше инклюзивті білім беру деген қазір бизнеске айналып кетті. Себебі осыны оқытатындар, үйрететіндер үшін өте тиімді болып тұр. Мұғалімнің жалақысына азын-шоғын тиын  қосады да мұғалімді ақылы оқытады. Мысалы екі апталық курс 25 мың. Инклюзивті оқытуда тегін оқу жоқ. Барлығы ақылы. Екі аптада ол мұғалім не үйренеді? Қазір не көп дефектолог, логопед көп, екі апта курсты оқып алады да  бәрі дефектолог, бәрі логопед. Сонда нақты білімді кім береді? Ондай мұғалім ауру бала түгілі сау баланы да жөндеп оқыта алмайды, - дейді педагог зерттеуші Тілекқабыл Нұрышев.

Инклюзивті сыныптарда білім беретін мұғалімдерге күштің көбірек түсетіні рас. Бұл пікірді мектеп мұғалімдері өздері де мойындап отыр. Себебі ерекше күтімді қажет ететін балаға кететін уақыт та, ресурс та бөлек. Соған сай еңбек ақы төленсе жақсы. Алайда Қазақастанда инклюзивті сыныптарға білім беретін мұғалімдер мардымсыз ждалақыға жұмыс істейтіндерін айтады.

Сондай мамандардың бірі – Айнұр Сабыр.

- Инклюзивті білім беру теорияда жақсы. Ауру бала сау баланың ортасында өзін тең ұстасын, сау сезінсін дегенмен іс жүзінде қиындығы бар. Себебі баланың бәрі бірдей емес, диагноздары әр түрлі. Біз күнде мектепте көріп жүрміз ғой. Жүйкесі өте жұқарған балалар бар. Қасында отырған сау баланы салып қалады, қаламсап тығып алады.  Мұғалім бір уақытта сабақ беріп, бір уақытта ана баланы қарап отыру керек. Бір сыныпта 25-30 бала болса оның екеуі ерекше білімді қажет етеді. Егер бала мүлде жүре алмайтын болса ғана оның қасына көмекші береді. Ал өзі жүріп тұратын бала болса онда көмекші педагог берілмейді. Инклюзивті сыныптарда буллинг күшті. Қанша айтсақ та балалар ерекше баланы кемсітеді.Түсіндірсек те  баланың аты бала. Келемеждейді, күледі. Тіпті қатты төбелеседі. Ал мұғалім соның бәрімен алысып отырады. Бұдан бөлек инклюзив сыныптарға сабақ беретін мұғалімдерге өте аз ақша төленеді. Әр сабаққа 400-500 теңге аралығында ғана төленеді. Қанша еңбек, қанша жұмыс жасалады. Оның есебі өте көп, бітпейтін қағазы бар және басқа мұғалімдердей емес инклюзив сыныптарды тексере береді.  Осы жерде сапалы білім мәселесі туындайды, -  дейді қаладағы мектептердің бірінде сабақ беретін Айнұр Сабыр.

Қоғамда аутизм, ДЦП, дауна синдромдарын  жұқпалы аурулар қатарына жатқызбайды. Олар айналасына залал келтірмейтін аурулар есептеледі. Бірақ қазақ сынықтан басқаның бәрі жұғады дейді. Жоғарыдағы әкенің сөзінің жаны бардай. Аталған аурулар жұқпайды десе де айналасына өз әсерін тигізетінін ешкім жоққа шығара қоймас. Бірақ ақын, ардагер ұстаз Дариға Мұштанова айтқандай бүгінгідей безбүйрек қоғамда мүмкін бәріне мейіріммен қарап, адамгершілікті алға шығару қажет шығар. Инклюзивті білім берудің де басты миссиясы.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале