25.02.2025, 12:45
Оқылды: 183

Инновациялық технологияны өндіріске енгізеді  

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің  ғалымдары мен «Тұран ПромРесурс» ЖШС өкілдері кездесіп, тұрақты даму және ғылыми зерттеулерді коммерциаландыру бойынша лицензиялық келісімшартқа қол қойды. Бұлуниверситет тарихындағы көптен бері жасалған келісімшарт. Бұл туралы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің медиаорталығы хабарлады.

БҚАТУ жоба-1

Бұл іс-шараға Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев, технологиялық даму орталығының басшысы Айгүл Қазамбаева, технологияларды коммерцияландыру және бизнес-инкубациялау офисінің басшысы Гүлшат Айешева және «Тұран ПромРесурс» ЖШС өкілдері қатысты. Бір жыл бұрын өндірістегілер ғалым Сәрсенбек Монтаевтың шыны қалдықтарын пайдалану арқылы бетон өрнектастарын шығару бойынша инновациялық технологиясына қызығушылық танытқан-тұғын. Енді олар өнертабыс патентін иеленген ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге ниет білдірді. Өзара келісімге келген қос тарап   ғылым мен өндірісті ұштастыруға уағдаласты.

–  Бұдан бес жыл бұрын қолға алынған жоба еді. Ғылымға негізделген жоба бойынша экологиялық жағынан пайдалы, тиімді құрылыс материалдарын өндіруге және қалдықсыз өндіріс құруға болады. «Тұран ПромРесурс» серіктестігі  біздің технологиямыз бойынша өнім өндіруге ниетті. Біз өз командамызбен  өндіріс орнына ғылыми көмек көрсетіп,  кеңес береміз. Өндірістегі жұмыстарға жас ғалымдар да тартылады. Құрылыс материалын дайындап, нарыққа шығарғанға дейінгі үрдіске тұрақты қатысамыз. Бүгінде  отандық ғылымның алдындағы міндет-мақсат та –  осы, яғни ғылымның жетістіктерін өндіріске енгізіп, ел экономикасына қызмет етуіміз керек, – дейді ғалым Сәрсенбек Әлиакбарұлы.

Ғалымның 150-ден астам ғылыми жұмысы және 30 патенттелген өнертабысы бар.  Бұл жоба бойынша мемлекеттік грант ұтып алып, отандық және шетелдік сараптамашылардың назарына іліккен. Сонымен қатар үш жыл бойы тәжірибе өткізілген. Содан кейін жобаны коммерциализациялау қадамы басталған. Аталған жобаға Бәйтерек ауданындағы Рубежинское аулындағы керамикалық кірпіш зауытындағылар қызығушылық білдірген. Алдағы көктемде онда өндірістік сынақтар өткізіледі деп жоспарлануда. Ал Оралдағы «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары  корпорациясы» АҚ  жоба бойынша өндірістік сынақ жасады. Енді өнімнің сапасын жақсарту бағытында жұмыстар басталған. Өңірдегі үш кәсіпорында университеттің жобасы «жанданып» жатса, керемет емес пе?!

«Тұран ПромРесурс» ЖШС директоры Гүлмаржан Оқашева да жергілікті ғалымдардың ғылыми жетістігі үшін қуанышты екенін жеткізді. – Осыған дейін құрылыс материалдары саласындағы көптеген ғылыми жұмысты зерделедік. Солардың ішінде Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғалымдарының шыны қалдықтарын кәдеге жарату бағытындағы ізденістері мен ұсыныстары көңілімізден шықты. Қоршаған ортаның тазалығын сақтауда, табиғи ресурстарды үнемдеуде жақсы нәтиже берері сөзсіз, – дейді Гүлмаржан Абылайқызы.

Оралдық «Тұран ПромРесурс» кәсіпорны 2014 жылдан бері өндірістік қалдықтарды жинау, тасымалдау, өңдеу қызметтерімен айналысады. Кәсіпорын шыны қалдықтарынан өрнектас шығаратын технологияны сатып алуға келіскен. Алдағы уақытта келісімшарт аясында ғылыми әзірлеме бойынша өндіріске қажетті технологиялық құрылғылар алынады. Одан әрі бизнес-жоспарға сәйкес өндіріс ошағы шыны қалдықтары қосылған өрнектастарды шығарады.

– Өндірісте шыны қалдықтарын ұсақтап, оған бетон қосады. Сонда құм үнемделеді. Мұндай жолмен жасалған материал сапалы, су өткізбейді, аязға төзімді, коррозияға қарсы шыдас береді. Осы технологиямен өндірілген өрнектас өміршең, кемінде 30 жылға дейін бұзылмай жата береді. Егер де өрнектас жасау барысында шикізат құрамына кремний жынысын, яғни опоканы қосар болса, онда материалдың химиялық төзімділігі бірнеше есе артады. Ондай тау жынысының кен орны Тасқала ауданының аумағында бар, – деді Сәрсенбек Монтаев.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале