«СММ Бизнестех» ЖШС директоры Жанаргүл Дүйсенованың сөзіне сүйенсек, бұл компания соңғы жылдары Қытай Халық Республикасы және Корея Республикасынан елімізге инвестиция тарту жолында қызмет етіп келеді. Соның ішінде еліміздің батыс өңірлері Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына жиі ат басын бұрады.

Мысалға айтар болсақ, Ақтөбе және БҚО-да кореялық тұтас көп пәтерлі үйлерге ультрадыбысты есептеуіштер қойылды. Орал қаласындағы «Батыс су арнасы» ЖШС және «Жайықжылуқуат» АҚ кәсіпорындары қос-қостан есептегіштерге тапсырыс берді. Оның барлығы 12 мың АҚШ долларына шықты. Кореялық «НSCMT» компаниясы заманауи есептеуіштерді көп қабатты екі тұрғын үйдің жертөлесіне орнатты. Оңтүстік Кореяда жылу, су есептейтін құрылғының 80%-ын осы компания қойып, іске қосады. Олар тек үй ішілік, жертөледегі есептеуіштерді ғана емес, сонымен қатар жылу электр орталығындағы, ірі су кәсіпорындарындағы ультрадыбысты құрылғыларды орнатуға маманданған.
– Мұндай ақылды есептеуіштер көрсеткіштерді дәл әрі жылдам береді. Ысырапқа жол бермейді. Қай жерде ресурсты жоғалтасыз, соны айқын көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, су, жылу және басқа да қорды үнемдеуге көмектеседі. Былтыр Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен пәтерлерге осы цифрлық есептеуіштерді орнатуды қолға алдық. Салқын және ыстық суды есептейтін құрылғылар су қорын үнемдеп, коммуналдық мекемелерге есебін алыстан беріп отырады. Жеке пәтерлерге қожайындар өз есептерінен орната алады. Ал жертөледегі есептеуіштерді тұрғын үй кооперативтері, мүлік иеленушілер бірлестігі немесе жай серіктестіктер өз есебінен орната алады, – деді Жанаргүл Дүйсенова.

Кәсіпкер ультрадыбысты есептегіштер адамдар естімейтін ультрадыбыстық сигналдарды пайдаланатынын айтады. Құрылғы жұмыс істеген кезде суда толқын түрінде таралатын ерекше тербеліс пайда болады. Ультрадыбыстық шығын өлшегіш жұмыс істегенде белгілі жиілікте толқындар шығарады. Дыбыс толқындары ағынмен соқтығысқанда, олар бір-бірін итеріп, қарама-қарсы бағытта қозғалады. Бұл толқындардың бағытын өзгертуіне және қабылдағышқа жетуіне мүмкіндік береді. Кореялық есептеуіштер әдеттегі ресейлік, украиндық аналогтарынан сәл қымбатқа шығады. Өйткені сапалы деседі. Әрі пайдалану мерзімі де ұзақ. Кепілдік мерзімі 5 жыл болғанымен, 15-20 жыл бойы үздіксіз қызмет етеді. Арнайы бағдарламасын ұялы телефонға орнатып, қанша көлемде су пайдаланылғанын, көрсеткіштердің барлығын көріп отыруға болады.
«Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, су, жылу, басқа да ресурстарды пайдалану желісін аутоматтандыру, цифрландыру болып табылады. Еуропада пәтерледің есептеуіштері үй иелерінің шотындағы алдын ала салынған ақшасы біткен кезде, жарығын, жылуын, суын, электр қуатын айырып тастайды. Содан да өркениетті елдерде коммуналдық төлем үшін ешкім бережақ болмайды. Су да нан секілді тауар, нанды сатып алатын ақшаңыз болмаса, дүкенші оны бермейді. Міне, осыдан мұндай жүйенің коммуналдық кәсіпорындарға тиімді екенін көруге болады», – деді Ж. Дүйсенова. Кейіпкерімнің айтуына қарағанда, Бәйтерек ауданының Дариян ауылында аудандық әкімдіктің қолдауымен қытайлық «Beitun Hongtai Environmental Tech-nology Co., Ltd» компаниясының 250 тонналық су тазартқыш құрылғысы орнатылған. Ол құрылғы лас суды тазартып, көл қылып жинайды. Мұндай техникалық суды егістік, бау-бақша, мал суаруға жұмсайды. Қазіргі кезде нысан салынды. «Бұл инвесторды өңірге әкелуге біздің компания жұмыстанды», – деді Жанаргүл Дүйсенова.
2024 жылы қыркүйекте «СММ Бизнестех» ЖШС өңірге қытайлық 27 компанияның өкілдерін бастап келіп, инвестициялық форум өткізуге атсалысқан. Орал қаласында өткен инвестициялық форумға қытайлық компаниялар делегациясы келіп қатысқан. Заманауи инновациялық құрал-жабдық әкеп таныстырған. Осылайша осы ілкімді істерге отыздан енді асқан жас кәсіпкер Ж. Дүйсенова ұйытқы болыпты. Сонда көрмеге көкөніс, ет турайтын, тұшпара жасайтын және тағы басқа жабдықтар қойылып, ел-жұртқа көрсетілген. Сол таныстырылған құрал-жабдықты кәсіпкерлердің сұранысымен жеткізу және сервистік қызмет көрсету бойынша қытайлық компания жұмыстанады және Ақ Жайық өңіріне «СММ Бизнестех» ЖШС арқылы жібереді.
Қытайлық жабдықтарға техникалық қызмет көрсету орталығы Орал қаласында орналасқан. Аталған орталықта әзірге Қытайдан арнайы мамандар тиісті қызмет көрсетеді. Қытай мен батыс өңірлері арасында алтын көпір болып жүрген Жанаргүл Оразғалиқызы өңір кәсікерлерін Қытайда өтетін форумдарға апаруды ұйымдастырады. Сондай іс-сапарға тек өңірден емес, одан басқа Ақтау, Шымкент, Атырау жағынан да қатысқандар баршылық. Облыстағы 12 ауданның сегізінің өкілдері, әкімдік басшылары мен кәсіпкерлері 2024 жылы шілде айында Қытайдағы көрмеге қатысып қайтты. Мұндай іссапарлардың іскер адамдарға ой салатыны, жаңа бизнес ашуға жетелейтіні анық. Жергілікті кәсіпкерлер қауымынан сүт және томат өңдеу, шеге өндіру, мал сою пункті, тауық фабрикасы, жылыжай шаруашылығы бойынша құрал-жабдықтарға сұраныс бар. Осы бағыттар бойынша бірқатар жобалар дайындалуда. «Қажетті жабдықтарды Қытайдағы зауыттарға шығып, тікелей жасатып, әкеп орнатамыз. Қазір батысқазақстандық кәсіпкерлер кондитер, наубайхана жабдықтарына қызығушылық танытуда. Демалыс орындарына капсулды үйшіктер жеткізіп, орнатамыз. Биыл сол үйшіктердің өндірісін жолға қою жоспарланды», – деді кәсіпкер.

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Жанаргүл Дүйсенова мен Максим Пак екеуі жас мамандарды Қытайға апарып, оқытуды жоспарлап отыр.

«Біз Корея, Қытай және өзіміз туып-өскен өңірдің арасындағы сауда, мәдени, медициналық, іскерлік байланыстарды нығайтуға ниеттіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек» деген болатын. Сондықтан қолымыздан келгенінше инвестиция тартып, жаңа инновациялық технологияларды әкелуге қызмет етудеміз. Мұны біз азаматтық борышымыз деп білеміз», – деді Жанаргүл Оразғалиқызы.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»