9.08.2021, 15:37
Оқылды: 620

Инвестицияның игілігін ел көреді

Облыс бойынша жалпы 609 млрд. теңге инвестиция тарту  жоспарланған. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін облыс орталығы мен аудандарда 1,6 трлн. теңге болатын 230 жобаны жүзеге асырып, 6800-ден астам жұмыс орнын  құру  қарастырылған. Ал биыл жыл соңына дейін 115 жоба іске қосылып, 3900-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен кеңес отырысында айтылды. Сондай-ақ басқосуда халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру, егін жинау мен  мал азығын дайындау мәселелері де сөз болды.

e56ef621-1951-43f6-b55a-282e0487d8bd
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында  облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 31,1 пайызға төмендеп, 162,2 млрд. теңгені құрады. Былтырғы жылмен салыстырсақ, осы уақыт аралығында инвестиция 232,5 млрд. теңге болатын. Бұл негізінен тау-кен өндіру өнеркәсібінде тартылған инвестициялардың төмендеуімен байланысты болып отыр. Биыл 700 млрд. теңгеден астам қаржыға 115 жобаны іске қосу жоспарлануда. Жобалардың дені агроөнеркәсіп, қызмет көрсету, сауда, қоғамдық тамақтану салалары бойынша жүзеге аспақ. Өңірімізде инвестициялар тарту мақсатында бірқатар  жұмыстар жасалып жатыр. Айта кетсек, былтыр инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңестің төрт  отырысы өткізілді. Онда 17 жаңа жоба қолдау тапты. "Бизнеске арналған үкімет" жобасы, invest07.gov.kz инвестициялық портал жұмыс істейді. Биыл жүзеге асатын жобалар  қатарында Қарашығанақ өңдеу кешенінде газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау (КПО б.в.), жиһаз фабрикасын салу ("Квант"ЖШС) және сүт зауытын салу ("UralskTradeCompany"ЖШС) секілді ірі жобалар бар. Сондай-ақ, қызанақ және қияр өсіру бойынша жылыжай кешенінің құрылысы ("World Green Company" ЖШС), сүт-тауар фермасын салу ("Ringo-Milk" ЖШС), кірпіш зауытының құрылысы ("134" ЖШС) мен күн панельдерін шығаратын зауыт ("Green Spark Limited" ЖШС) секілді тың жобалар да аз емес, – деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов.

WhatsApp Image 2021-08-09 at 15.26.10

Өз кезегінде облыс әкімі инвестиция тарту ісінің отандық өндірісті, ішкі туризмді, әлеуметтік салаларды дамытудағы ролі зор екенін және облыстың инвестициялық әлеуетін арттыру мүмкіндіктерін зерделеп, жетілдіре түсу қажеттігін айтты.

Екі мыңға жуық бос жұмыс орны  бар

Кеңес отырысында көтерілген екінші мәселе – облыс тұрғындарын жұмыспен қамту. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Исатай Мыңбаевтың  айтуынша, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облысқа 6594,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бағдарлама аясында 11237 адам жұмысқа орналастырылса, тұрақты жұмыспен 4927 тұрғын қамтылған. Айта кетсек, бағдарламаның 1-бағыты аясында қысқа мерзімді оқуларға 488 адам жолданыпты. Ал бағдарламаның 2 бағыты бойынша 221 облыс тұрғыны 1128,2 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Шағын несие алған кәсіпкерлер 151 жаңа жұмыс орнын құрыпты. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері курсын  1106 адам оқып, олардың 509-ы грант пен несие алған. Биылғы жылдың I тоқсаны  бойынша облыста жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9%, 15-28 жас арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды  құраған.

WhatsApp Image 2021-08-09 at 15.26.09

– Жұмысқа орналастырылған 11237 адамның 4927-сі немесе 43,8% ғана тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Десе де Шыңғырлау, Казталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарында азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру төмен деңгейде ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда облыста 2 мыңға жуық бос жұмыс орны тіркеліп отыр. Олар Орал қаласы мен Бөрлі және Бәйтерек аудандарында. Бос жұмыс орындарына тоқталсақ, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласының мамандарына сұраныс басым. Былтырдан бастап жұмыссыз азаматтарды соның ішінде жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» механизмі іске қосылған еді. Биыл 67 адамды алғашқы жұмыс орындарына жолдауға 27,8 млн. теңге қаражат қарастырылды. Соңғы жеті айдың қорытындысы бойынша Орал қаласы және Бөрлі ауданынан 3 адам ғана жұмысқа жолданған. Басқа аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар әлі басталған жоқ. Биыл атаулы әлеуметтік көмек облыс бойынша 3630 отбасыға берілді. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, АӘК алушы отбасылар саны 14 %-ға төмендеп отыр, – деді Исатай Бекесұлы.

«Мал азығын дайындау қарқынын күшейту керек»

Кеңес отырысында егін жинау науқаны мен мал азығын дайындау мәселелері де талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының  басшысы Жасұлан Халиуллиннің мәліметінше, биыл облыс бойынша 151 мың тонна астық жинау көзделген.  Бүгінде  241,8 мың га жерге егілген дәнді дақылдар алқабынан 147,0 мың га дәнді дақыл орылып, 112,2 мың тонна өнім алынған. Сондай-ақ 3923 гектар жерге егілген картоптың 26 гектары жиналып, 326 тонна картоп алынған. 9879 тонна көкөніс өнімі жиналыпты.

WhatsApp Image 2021-08-09 at 15.26.10 (1)

– Облыста мал қыстағына қатысты туындаған мәселелерді уақтылы және сапалы ұйымдастыру мақсатында облыстық және аудандық деңгейде штабтар құрылды. Алдағы 2021-2022 жылдың мал қыстағына кіруге жоспарланып отырған 924,0 мың шартты мал басына 2739,0 мың тонна көлемінде шөп дайындау жоспарға енгізілді. Яғни биыл ауа райының қолайлылығына байланысты 1,5 жылға есептелген қор жинақталуда. 5 тамыздағы мәліметке сүйенсек, 2685,5 мың га шабындық шабылып, (облыстағы орташа өнімділігі 4,1 ц/га) 1140,1 мың тонна шөп даярланды. Бұл жалпы қажеттіліктің 41,6%-ын құрайды. Қолдағы ақпарат бойынша тек Бөрлі ауданында 1,4 мың тонна сабан жиналған, ал Бәйтерек, Теректі, Тасқала аудандарында сабан жиналмай отыр. Облыс бойынша шөп шабу науқаны Бөрлі ауданында – 63,7%, Бәйтерек ауданында – 56,4%, Шыңғырлауда – 54,7%, Теректіде 49,5% орындалып, жұмыс жақсы ұйымдастырылуда. Ал Жәнібек, Жаңақала, Сырым, Казталов аудандарында жұмыс мардымсыз жүргізілуде. Осыған орай  аудан әкімдері әр  ауылдық округ, елді мекен, тіпті  шаруашылықтағы мал азығы бойынша нақты есеп жүргізіп, шөп дайындау қарқынын үдету керек, – деді Жасұлан Жолдыбайұлы.

Техникалар қысқы кезеңге сақадай сай

Өңірімізде облыстық маңызы бар аутомобиль жолдарының желісі 1 620 шақырымды құрайды. Оның 770 шақырымы асфальтты-бетонды, 597-сі қиыршықтасты жамылғымен болса, 253-іне топырақ төселген. Кеңес отырысында облыс әкімі аутожолдарды күтіп ұстау, қысқы кезеңде тасжолдардағы қарды тазалау мәселесін де талқылап, аутожолға жауапты мердігерлердің техникаларының дайындығын тексерді.

WhatsApp Image 2021-08-09 at 15.26.11

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Айдар Менеевтің мәліметінше, облыстық маңызы бар аутомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау бойынша 13 телім жасақталған. Оның  біреуіне (Чапаев-Жаңақала-Сайқын а/ж) мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы 31.12.2022 жылға дейін келісімшарт жасалған. Қалған 12 телім мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша іске аспақ. Бүгінде төрт аутожол телімі бойынша конкурс аяқталып, үш жылға келісімшарт жасалған. Айта кетсек, «ЗеленСтрой» ЖШС (Бөрлі-Ақсай-Жымпиты және Ақсай-Приуральный тас жолы бойынша), «ОралЖолдары» ЖШС (Бөрлі-Ақсай-Жымпиты аутожолы бойынша), «Brat.M» ЖШС (Үлкен Шаган-Переметный) және «СтартСтройСервис» ЖШС (РФ шек-Жалпақтал-Жұлдыз-Қарасу) аталмыш бағытта аутомобиль жолдарын күтіп-ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау жұмыстарын атқарады. Бұл серіктестіктерде аутомобиль жолдарын жөндеу мен күтіп-ұстауға, оның ішінде қыста қажет жол техникалары бар. Олардың қарауында 44 бірлік қар тазалау техникасы жасақталған. Қысқы кезеңге алты жылыту пункті дайындалған, егер қажет болса, қолайсыз ауа райында транзиттік көлік күте алады. Ал аудандық маңызы бар 3462,7 шақырым жолды қыста күтіп-ұстау жұмыстарын 26 мердігер жауапкершілігіне алған. Олардың қарамағында 159 техника бар. Тайғақ кезінде жол апатының алдын алу үшін 100 дана көлемінде «Жылдамдықты шектеу» және «Тайғақ жол» уақытша жол белгілері дайындалған.

WhatsApp Image 2021-08-09 at 15.26.11 (1)

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі сала мамандарына жұмысты ширатуды тапсырды.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале