26.09.2022, 11:15
Оқылды: 80

Ипотекалық несие – құрылыс кілті

Облыстағы құрылыс компаниялары  үкіметіне  «7-20-25» ипотекалық несиелеу бағдарламасының мерзімін ұзартуды немесе жаңа, тиімдірек бағдарлама әзірлеуді ұсынуда. Өйткені жыл соңында аталмыш бағдарламаны қаржыландыру аяқталады. Құрылысшылар қазіргі нарықтағы қиындық туралы  «Атамекен» ҰКП облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

 i4UmW119b8wyiaQKIGSytGJXfHZG00u4EAeHMaqm

Фото: informburo.kz

«Қазақстан құрылысшылар одағы» БҚОФ директоры Александр Қарағойшиннің айтуынша, бүгінде құрылыс нарығына бөлінетін қаражат аз. Қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның мерзімі аяқталуға жақын. Алайда тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны күн сайын артып келеді. Мысалы, БҰҰ стандартына сәйкес 1 адамға кем дегенде 30 шаршы метрден келуі тиіс екен. Бірақ Қазақстанда бұл көрсеткіш 23 шаршы метрге тең. Бүгінде елімізде баспанасыз жүрген 4,5 млн шамасында адам бар.

– Егер қазір тиісті іс-шараларды қолға алмасақ, алдағы 7-8 жылда баспанаға мұқтаждар саны 10 миллион адамға дейін жетуі мүмкін. Халықтың Қазақстанның барлық қаласынан баспана алуы үшін арзан немесе пайызсыз ипотека керек. Елімізде екінші деңгейлі банктер қаржыландыратын «7-20-25» бағдарламасы бар. Бағдарлама жүзеге асқалы бері біздің облыс бойынша оған қатысуға 8354 адам өтініш білдірген. Бірақ  бар болғаны 1677 адамның өті-ніші мақұлданды. Бұл – өте аз көрсеткіш. Бағдарламаның талабы бойынша сатып алатын үйдің құны 15 миллион теңгеден аспауы керек. Бұл қаражат  1 не 2 бөлмелі баспана алуға ғана жетеді. Ал 3-4 бөлмелі пәтердің бағасы одан қымбат. Облыста тұрғын үйлер салынып жатқанымен, пәтерлерді сатып алу қарқыны төмендеп кетті, – деді Александр Қарағойшин.

«СКК «Бәйтерек» ЖШС директоры Абылай Бақтығалиев те  құрылысшыларды «7-20-25» бағдарламасының жыл соңында аяқталатыны алаңдататынын айтты. Ол «Аталмыш бағдарламаны қолдану мерзімін екі жылға ұзартып,  баспананың шектік бағасын 25 млн теңгеге дейін өсіру керек» деген  ұсынысын ортаға салды. Оның айтуынша, жыл басынан бері пәтерлердің сатылымы айтарлықтай төмендеген. Ал бұл жағдай компанияларды тұрғын үйлердің құрылысымен қатар,  жұмысшы күшін де азайтуға мәжбүрлейді.

– Құрылысшылар да шығынға ұшырамаудың амалын қарастырады. Біз құрылысты азайтып, екі үй емес, бір үй саламыз. Өйткені пәтерге сұраныс болмаса, көп үй салудың да қажеті жоқ. Ал құрылыстың қарқыны төмендесе, жұмысшылар да қысқарады деген сөз.  Мысалы, 10-шағынауданда 236 пәтерлік үй салдық. Оның тек 120-сын ғана саттық. Пәтерлердің жартысы бос тұр. Сондықтан құрылыс көлемін қысқартуға мәжбүрміз. Біз тіпті келесі жылға жоспар да жасамаймыз, – дейді Абылай Бақтығалиев.

«Орал Полимер» ЖШС директоры Махамбет Батырғалиев жыл басынан бері құрылыс материалдарының айтарлықтай қымбаттағанын, бұл пәтердің шаршы метр құнына да  әсер еткенін айтты. Негізінен, экономкласты үйлер салатын бұл компания да баспана бағасын көтеруге мәжбүр. «Былтыр  пәтерлердің шаршы метрін 160 000 теңгеден саттық. Биыл бұл баға 200 000 теңгеден 230 000 теңгеге дейін жетті. Тұрғындар онсыз да  пәтер алуға қиналатын еді. Енді  ипотекалық бағдарлама аяқталатын болса, баспана алу бұрынғыдан да оңай болмайын деп тұр. Сондықтан бұл салада шектік бағасы жоғары ипотекалық бағдарлама қажет»,  – дейді серіктестік директоры.

Осылайша, құрылыс саласының өкілдері үкіметке ипотекалық несиелеу бағдарламасындағы шекті бағаны 15 млн теңгеден 25 млн теңгеге дейін көтеруді ұсынып отыр. Сондай-ақ олар  ипотекалық бағдарламаның мерзімін ұзартпаса, құрылыс компаниялары жұмыс көлемін 50 пайызға қысқартатынын алға тартты. «Кәсіпкерлер көтеріп отырған мәселе еліміздің өзге аймақтарына да тән. Бағдарлама бойынша сатып алатын баспананың шектік бағасы әр өңірде әр түрлі. Тұрғындар да осы шекті бағаны көтеру қажет екенін айтып, мәселе көтеріп жүр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы  құрылысшылардың ұсыныстарын қолдайды. Олар бұл мәселені жоғарыдағы құзырлы мекемелерге жолдады», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Қуланбаев.

 Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале