24.07.2026, 16:00
Оқылды: 7

Ірі кәсіпорын айыппұл арқалады

Биыл І жартыжылдықта облыста атмосфералық ауаға шамамен 33,4 мың тонна ластаушы заттар шығарылды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 мың тоннаға (27,3%) аз. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев баяндады.

РСК - Мурат Ермеккалиев

Спикердің мәліметінше, шығарындылар негізінен 2-санаттағы, яғни жергілікті атқарушы құрылымдар рұқсат берген кәсіпорындарда азайған. Ал атмосфералық ауаға шығарылған зиянды заттардың 48,5%-ы, яғни 16,04 мың тоннасы мұнай-газ кәсіпорындарына тиесілі. Жіктеп айтсақ, «ҚПО Б.В.» компаниясы – 8,7%, «Жайықмұнай» ЖШС – 5,2%, «Конденсат» АҚ – 3,5%, сондай-ақ «Орал» ЖМБ – 31%. Жалпы өңірде  ауа қабатының аса қатты ластанғаны туралы деректер тіркелмеген. Мұрат Шыманғалиұлының айтуынша, алғашқы алты айдағы облыс кәсіпорындарындағы нақты төгінділердің көлемі – 28,0 мың тонна. Бұл былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 15,2 мың тоннаға немесе 34,9%-ға аз. Ал осы кезеңде көмілген қалдықтардың көлемі 12,2 мың тоннаға артқан. Биыл бұл көрсеткіш 56,8 мың тонна болса, былтырғысы – 44,6 мың тонна.

– Экология департаментінің мемлекеттік инспекторлары бірінші жартыжылдықта 39 кәсіпорын мен ұйымда мемлекеттік бақылау іс-шараларын жүргізді. Оның ішінде 14 жоспардан тыс тексеру, 16 профилактикалық бақылау және біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша 9 тексеру өткізілді. Тексеру нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының 115 бұзушылығы анықталды. Оларды жою мақсатында берілген 61 нұсқаманың 33-і орындалды. Орындалу мерзімі аяқталмаған 28 нұсқама бақылауға алынды. Есепті кезеңде 2, 081 млрд теңгеге 22 әкімшілік айыппұл салу туралы қаулы шығарылды. Оның ішінде 2,065 млрд теңге жергілікті бюджет кірісіне өндірілді. Мысалы, биыл 3-16 ақпан аралығында «ҚПО Б.В.» компаниясына  жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде кәсіпорын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яғни экологиялық рұқсатта белгіленген қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін асырған. Сол үшін 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынып, толықтай мемлекет кірісіне өндірілді, – деді Мұрат Ермекқалиев.

2026 жылдың алты айында қозғалған 22 әкімшілік істің көбі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 344-бабы (Қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптарды бұзу) бойынша тіркелген. Осы бапқа сәйкес жеті әкімшілік іс қозғалып, 1,5 млн теңге айыппұл толық өндірілген.

Аталған заңнаманың 328-бабына (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) сәйкес 3 әкімшілік іс қаралған.  2 млрд теңгеден астам айыппұл  салынған.

Департамент басшысы облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша бекітілген 2026-2028 жылдарға арналған жол картасына да тоқталды.  Мәселен, «Өзен – Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбыры бойында орналасқан тарихи ластанған учаскелерде рекультивациялау жүргізілген. Бәйтерек ауданында 1675 шаршы метр, Ақжайық ауданының Чапаев ауылдық округінде 300 шаршы метр және Тайпақ ауылдық округінде 116933 шаршы метр аумақ қамтылған.  Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өткен акцияларға 85 573 адам қатысқан. 4 859,2 тонна қоқыс шығарылып, 36 147 түп ағаш отырғызылды. Мұрат Шыманғалиұлы тұрғындармен кері байланыс орнату мақсатында «Taza Qazaqstan» Telegram-боты іске қосылғанын атап  өтті.

 

Айна Имашева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале