13.10.2022, 12:45
Оқылды: 247

Ірі өндірісі бар іскерлерге өңіріміздің есігі ашық

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті 14-сессиясы өтті. Депутаттар алдында облыс әкімі Ғали Есқалиев есеп берді.   

IMG-20221013-WA0049

Халық қалаулылары күні бұрын әкімнің облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасының тезистерімен танысып, тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында талқылаған еді. Сондықтан сессия жұмысы  бірден сұрақ-жауап сипатында өрбіді. Облыстық мәслихаттың депутаты, «AMANAT» партиясының  облыстық филиалының атқарушы хатшысы Мұрат Мұқаев өңір басшысынан облыс орталығының қысқа дайындығы, жылу-қуат орталығының газ турбинасына қатысты мәселенің қай деңгейде шешілгенін, Жайықтың табанымен тартылатын резервтік газ құбыры құрылысының барысы туралы сұрады.

– Жылыту маусымына толық дайындықпен келдік. Өткен жылғы жылыту маусымы қалыпты, апатты жағдайларсыз өтті. Орталықтағы 12 мегаваттық агрегаттың құрылысын екі жыл бұрын басталды. Пандемия, одан ке-йінгі геосаяси жағдайларға байланысты құрылыс жұмыстары кешеуілдеді. Калугадағы турбина жасайтын өндіруші өз міндеттемесін келісімшарт негізінде толығымен орындайды. Әрине, ресейлік валютаның бағамына сәйкес турбина бағасы сәл қымбаттайды. Біз 200 млн теңге тауып, үстемелеп төлеуіміз керек. Ол тарап бұл соманы шегеруге әзірге келіспей отыр. Турбина қараша айында жеткізілуі тиіс. Желтоқсан айының аяғына дейін орнатып, жобаны іске қосамыз. Ол іске қосылып жатса, өңірімізде қосымша электр қуатын өндіруге мүмкіндік туады. Жылу-қуат орталығына қосымша қаражат түседі. Осының барлығы тарифті ұстап тұруға әсерін тигізеді.

Жайық мәселесі – күрделі сұрақ.  Үш жыл бұрын Ресейдің Омбы қаласында өткен форумда  екі мемлекеттің басшылары осы мәселе бойынша жұмыс тобын құруды тапсырған болатын.  Комиссия құрылып, бізге келіп бір мәрте есебін берді.  Бірақ ол есеп қоғамды қанағаттандырмады. Өткенде өңірімізге іссапармен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министріне аталмыш комиссияның күзде тағы бір келіп, атқарған жұмыстарының жайын баяндап кетсін деген ұсынысымды айттым. Комиссия құрамында ғылыми зерттеулермен айналысатын мамандар жоқтығы мәлім. Сол себептен ғылыми зерттеулер жүргізуге қосымша қаражат бөлінеді. Комиссия құрамына ғалымдарды кіргізді. Комиссияға мүшелікке жергілікті мамандарды енгізу жөніндегі ұсынысымызды министр қолдады. Енді комиссия қорытындысын күтеміз. Резервтік газ құбырына келсек, белгілі себептерге байланысты жауапкершілігі төмен компанияны сотқа бердік. Бірқатар жобаны жүзеге асырмаған бұл компания біздің өңірге қажет жоба-ны да орта жолда қалдырды. Біз жобаны қабылдаған жоқпыз әрі қаржысын толығымен төлемедік. Үш жыл бойы құбырлар ашық аспан астында қалып қойды. Сондықтан оларды сараптамадан өткіздік, өкінішке орай, 17 шақырым газ құбыры жарамсыз болып шықты. «КАТЭК» жобалаушы компаниясына 17 шақырым газ құбырын тартуға жоба жасауды тапсырдық.  Жоба қосымша қаржыны талап етеді. Бірақ қажетті жобаны жүзеге асыруымыз керек,  – деді Ғали Нәжімеденұлы.

Депутат Әлия Сәлиева сөз алып, әкімнің есебімен танысқанын, көп жұмыс істеліп жатқанын, бастамаларды қолдайтынын білдірді. Халық кездесулерде кардиоорталық ғимаратының ішінің дымқыл тартқанын, су басу қаупі барын айтып, жаңа кардиоғимарат салуды сұрайтынын жеткізді.  Бүгінде жекешеленіп кетсе де, дұрыс пайдаланылмай отырған  бұрынғы «Нива», «Кумыска» шипажайларын әлеуметтік салада пайдалану үшін кері қайтару мүмкіндігінің бар-жоғын сұрады.  Облыс басшысы қалалық көпбейінді аурухананың аумағындағы кардиоорталық құрылысы жобасының сәтсіз болғанын, онда медициналық жабдықтардан гөрі ғимаратқа көбірек көңіл бөлінгенін, сондықтан ол жобаның іске асырылмайтынын түсіндірді.

– Жаңа «Ақжайық» шағынауданында жаңа орталық салуға қам жасаудамыз. Жоба қарастырылуда. Бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен келісім бар. Кардиоорталық өңір халқына аса

қажет. «Нива» ғимараты – Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің мен-

шігінде. Сол орыннан шипажай ашуға қарсы емеспіз. Жақсы деңгейдегі шипажай ашуға қаржы құятын инвестор табылса, министрлікпен, университет басшылығымен сөйлесіп,  орынды алып беруге болады. Ол нысанды пандемия кезінде бірнеше инвесторға ұсынған едік. Келіссөздер үзіліп қалды. «Кумыскадан», «Нивадан» шипажай ашамын деген инвесторлар болса, есігіміз ашық. Қазір тағы бір үлкен коммуналдық меншіктегі нысанды инвесторларға ұсынбақпыз. Тек ондай нысандарды бюджетке ала алмаймыз,  – деп жауап берді облыс әкімі.

Халық қалаулысы Анвар Агаев «Қаражанбасмұнай» АҚ компаниясының битумды

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы арқылы тапсырыспен алдырту талабының дұрыс еместігі-

не шағымданды. «Қазавтожолдың» облыстық, аудандық, қалалық жолдарға не қатысы бар? Компанияның қызметі республикалық жолдар құрылысына ғана байланысты. Екі апталық жұмысымыз қалды. Қарашаның 1-інен бастап битумның қажеті болмайды. Бірақ битум келесі жылға қажет. Сондықтан түйткілді мәселені шешуге көмегіңіз керек», –  деді құрылысшы-депутат А. Агаев. Өңір басшысы елімізде битум жетіспейтінін, түйткілді мәселені анықтайтынын, «Қаражанбасмұнай» компаниясына облыс әкімдігі атынан қажетті қатынасхат берілетінін айтты. Депутаттар Орал  – Атырау күрежолын жаңарту жобасы, Қаратөбе ауданындағы тасқын судан зардап шеккен Шалғын ауылындағы тұрғын үй құрылыстары барысы жайында сұрап білді. Ғ. Есқалиев аталмыш күрежолдың жобасын жасақ-тау жұмысы жалғасып жатқанын, Шалғындағы үйлердің қазан айының аяғында, ауыл мектебі ғимаратының  жыл соңында пайдалануға берілетінін  әңгімеледі.

Депутат Тұрарбек Тілемісов қала аумағының жыл санап ұлғайып келе жатқанын, 6, 7, 9, 10-шағынаудандарға жаңа өрт сөндіру депосының қажеттігін еске салды. «2017 жылы қалалық мәслихатта депутат болған кезімізде, төтенше жағдайлар департаментіне 6-шағынауданнан бір гектардай жер телімін бөлгенбіз. Қаланың жаңа шағынаудандарына жаңа өрт сөндіру депосы керек. Бірде өрт сөндірушілерді шақыртуыма тура келді. Сонда олар қаланың ішімен жеткенше 26 минут уақыт өтті.  Жер бар, енді қаржы бөлінсе дейміз»,  – деп ұсынысын айтты Т. Тілемісов.  Өңір басшысы өрт сөндіру депосының жобалық құжаттамасының дайындалу үстінде екенін, құрылыстың келесі жылы басталатынын  айтты.

Азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы саласының түйткілді мәселелері де сессияға қатысушылардың назарынан тыс қалмады. «Өңірімізде 50 мың гектар мақсары орылмай тұр. Жаңбыр жауып, ауа райы оң қабақ танытпай отыр. Шаруалар орылған мақсарыны тазалап жатыр. Жақында Бәйтерек, Тасқала аудандарына іссапармен барып қайттым. Мақсарының кейбір дәні қарайып кеткен әрі қарай бұзылатыны анық. Биылғы өнім мол, бірақ сол мақсарыны сақтайтын орын жоқ. Оны тазалайтын техника тапшы. Штаб құруымыз керек шығар. Шығымы мол өнімді жинап алатын жағдай жасауымыз шарт. Тағам ретінде пайдаланбасақ та, мал азығына жемге қосуға болады ғой. Мал бордақылау алаңдарының көбі бос тұрғаны белгілі. Жұмыс істеп тұрған бордақылау алаңдарына арзан бағамен өткізетіндей мүмкіндік жасасақ, оларға көмек болар еді. Егістік жерлерді әртараптандыру дегенде диқандар мақсары мен күнбағыс екті. Әртараптандыру керек дегенмен ауыспалы егіс жүйесін ұмытып барамыз. Бидай егуді естен шығармалық. Қарақұмық, ноқат егуді қолға алсақ. Осы мәселелерді күн тәртібінен түсірмегеніміз жөн. Ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном, бас инженер, бас зоотехник қызмет етеді. Олар қағаздан бастарын көтермейді. Аудандарға, шаруашылықтарға шыға алмайды. Себебі көлік жоқ. Үш бөлімге бір көлік алып берсек, шаруашылықтарға баруға жағдай жасаймыз,  – деді депутат Серік Жарылғапов. Облыс әкімі бұл сұраққа қатысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловқа тиісті тапсырмалар берді. Аудандардағы астық сақтау қоймаларының басшыларымен сөйлесіп, мақсарыны жинап, сақтауға көмектерін беру керек екенін ескертті. Ауыспалы егіс жүйесін ескеруді, майлы дақылдарды егумен қатар бидай егуді жоспарлау қажеттігін айтты.   Аталмыш басқармаға келесі жылы көлік сатып алып беруді де қаржы басқармасы басшысына тапсырды.

IMG-20221013-WA0050

Жиынға онлайн сипатта қатысып отырған депутат Фарид Бахтиозиннің экономиканың дамуына қатысты қойған сауалына Ғали Есқалиев былай деп жауап берді: «Облыс экономикасына өсім тән. Өнеркәсіп өндірісінде, өңдеу саласындағы өсім қуантады. Мұнайгаздан басқа трансформаторлар, балық пен уылдырық, астық, макарон өнімдері экспортталуда. Жергілікті өнімдерді сыртқа шығару көлемі ұлғаюда. Жақсы жаңалық ретінде айтайын, Энергетика министрлігімен, «Қазақгаз» компаниясымен өңірдегі жаңа инвестициялық жобалар үшін  2 млрд 200 млн текше метр қосымша газ бөлінетіні жөніндегі меморандумға қол қойдық.  Газды өңдеуге қатысты жобаларды іздестірудеміз. Нақты ұсыныстар бар.  IT, сауда, делдал, көлік-логистика саласындағы, тікелей өндіріспен байланысты емес ресейлік компаниялар өңірімізге келуде.  Ағаш қаңқа (рама) жасайтын шағын компаниялар бар. Жақында инвестициялық форумда сүт және битум өндірісімен айналысқысы келетіндер барын білдік. Шетелдік, ресейлік компаниялар тарапынан ұсыныстар баршылық. 1-2 млн доллар шамасында инвестиция салатын шағын компаниялар жеткілікті. Келем дейтін инвесторларға жер бөліп, инфрақұрылым жағынан қолдау көрсетеміз. Өндіріс пен жұмыс орындарын ашқан кәсіпорындардың барлығы салық төлейді. Ірі өндірісі бар іскерлер немесе таныстарыңыз, көзкөргендеріңіз өңірімізге келгісі келсе, көмек көрсетеміз».

Сессияда облыс әкімінің есебі мақұлданды. Халық қалаулылары сессияда тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау, облыстың қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бекіту және басқа да мәселелерді қарап, мақұлдады.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің облыстық  мәслихат  депутаттары алдындағы  облыстың биылғы өткен тоғыз айдағы әдеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Гүлбаршын  Әжігереева, 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале