29.11.2022, 10:30
Оқылды: 49

Ислам үмітті ақтады

Болгарияда батуттық гимнастикадан әлем чемпионаты өтті. Аталған чемпионатта 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ислам Қабдолов ел намысын қорғады.

IMG-20221129-WA0018

Биыл 13-14 жастағы спортшылар арасында бақ сынаған Ислам жанкүйерлерінің үмітін ақтап, күміс жүлдегер атанды.

Әлемнің әр түкпірінен жиылған кіл мықтымен күш сынасуға мүмкіндік алған Ислам намысты қолдан бермеуге тырысты. Жарыс ережесіне сай акробатикалық жолда секірген үздік 30 спортшының сегізі сайысты жалғастырды. Олардың қатарында Ислам да болды. Одан соң төрт гимнасшы суперфиналда бақ сынады. Төрттікке енген Ислам Қабдолов шешуші сәтте осы кезге дейін алдын орап келген АҚШ пен Англия спортшыларын қапы қалдырып, екінші орынға табан тіреді.

– Бұл әлем чемпионаты ұлым үшін қиын болды. Үйде отырып тақым қыстық. Баламның жеңісі барша қазақ еліне ортақ, қуаныштымын! – деді Исламның әкесі Есенкелді Айсағалиев ақжолтай хабарды естіп, арнайы құттықтағанымызда.

Айта кетейік, биыл 13-14 жастағы спортшылармен бақ сынасқан Исламның жасы он екіде.

Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале