Жақында Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында жас ақын-жазушы Нұрлан Едігеновтің «Бір қалам және жанрлар» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл іс-шара аталмыш орталықтың «Елеулі есімдер» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Маралбектің Нұрланы Жәнібек ауданындағы Ұзынкөл ауылының тумасы. Биыл жастық шақтың шырқау шыңы жиырма беске толған ақын жігіт Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында жемісті еңбек етіп келеді. Өнерге жаны құмар жастардың басын қосатын «Хамза қырандары» оқырмандар клубының жетекшісі. Күні кешегі әдеби кештің «Бір қалам және жанрлар» деп аталуы да тегін емес. Бүгінге дейін поэзия мен прозаны ұштастырған жас талант биыл сатира жанрына да қалам тартты. Оның осы әдеби кеште «Себеп – сіз» поэзия, «Махаббат патшалығы» проза, «Күлмей тұрып, ойлан!» сатира жанрындағы үш бірдей кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Нұрлан бауырымыз – өлкетану бағытында да талмай ізденіп, қалам тербеп, тарихи таным-тағылымы мол кітаптар жарыққа шығарған азамат.
Алдымен Ақ Жайықтың ақ шағаласына айналған ақын, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның бейнеэкраннан құттықтауы қосылды. Одан кейін облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы, ақын Алтынбек Ермекқалиев сөз сөйлеп, басқарма басшысының ақжарма тілегін жеткізді. Айта кетелік, бұл әдеби кешке Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов, ақын, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы, өлкетанушы Ахмедияр Батырханов, ақын, жазушы-журналист Мұнайдар Балмолда, ақын Үзілдік Елеубайқызы және Нұрланды жарық дүниеге әкелген анасы Армангүл мен ауылдас ағайындары, жыр сүйер оқырман қатысты. «Себеп – сіз» поэзия кітабының алғысөзін жазған Мұнайдар Балмолда жыр жинақ атауының өзі ерекше мағына беретінін айтады.
– Нұрлан бауырымның өзімен де, шығармашылығымен де бұрыннан таныспын. Қаламгер жас шығармашылық ізденіспен қоса, қазақтың маңдайалды тұлғаларының алдынан өтіп, ақ батасын алған. Бірде хас жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Қабдеш Жұмаділовті іздеп барса, енді бірде елге белгілі өнер иелері Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжановтың дастарқанынан дәм татқан. Ақ Жайық өлкесіндегі жасы мен жолы үлкен ақын-жазушыларды аға тұтып, құрмет білдіріп жүреді.
«Себеп – сіз» кітабы жарыққа шықпай тұрып, электронды нұсқасы қолыма тиген. Өлеңдегі салмақты ойларды салқынқандылықпен жеткізеді. Туған жерге деген жырлары да тарихтан тамыр тартады. Ал махаббат жайына келгенде жас ақынның тар-мағы тым тартымды. Нұрланның өлең-жырында «Л»-ға, «Г»-ге, «М»-ға, әсіресе «Л»-ға арнаған ғашықтық өлеңдері көп. Иә, бұл үрдіс ақындардың өмірінде болатын құбылыс. Осы алапат сезім иірімінде тал қармап, құрдымға жұтылып кетудің аз-ақ алдында тұрған ақын жігіт, ғашық болған қызына сөз айта алмай қиналған сәтін де суреттеген. Ол «Бата алмадым батпақ мына ғаламда» деп ішкі жан дүниесіндегі алай-дүлейді жеткізген. Өзінің үйленемін деп тырысып-ақ жүргенін жазудай-ақ жазады. Бірақ сұлулар «Себеп – сіз» ғашық жігітке «себеп – сіз» жауап қатуға лайық болмай тұр. «Себеп – сіз» деген атау бір қарағанда «себеп жоқ» деген мағынаны беріп тұрғандай. Иә, ақын жаны себепсіз ғашық болады. Ал ой көзімен қарағанда «бәріне себеп – Сіз» деп тұр ғой. Нұрлан кітап атауының өзін пәлсапаға құрған. Тамаша теңеу, ұтымды сөз тіркесі ойлантады, – деді Мұнайдар ақын.
Үш түрлі жанрды қамтитын үш кітап та «Бейбарыс» баспасында қатталған. Кеш иесі Нұрлан Едігенов аталмыш баспаның басшысы Мейрамбек Сұлтанов пен кітаптың қатесіз шығуына жәрдемдескен Аманжол Исламғалиға алғыс айтты.
– Осы күнге дейін бірнеше кітаптың шығуына атсалыстым. Фәниге ерте бет түзеген ақын Нарынбек Жұмашевтің өлеңдерін жинап, ақынның соңында сөзі қалсын деген ниетпен «Таң нұры» деп аталатын жыр жинақ құрастырдым. Оған қоса, «Салқын жыр» поэзиялық, «Жұмбақ қыз – Перизат» прозалық кітаптарым жарық көрді. Биыл «Абай жолы – дара жол» және «Әулие Әтеш ата» атты кітаптарым оқырман назарына ұсынылды. Бір түсінгенім, кітап басып шығару оңай дүние емес екен. Жоғарыда сөзіме өзек еткен кітаптарды шығаруға ұстазым, ақын Талап Таймасұлы көмектесті. Ал бүгін таныстырылымы өтіп жатқан үш кітапты баспагер Мейрамбек досыммен баспаханада екі күн, екі түн қонып, ұйқыға бас ұрмай біраз машақатын көріп, шығардық. Өмірімдегі айшықты сәттерді, естеліктерді қойын парағыма жазып жүремін. Осы жылдың маусымында 25 жасқа толдым. Осы орайда жазған-сызғанымды кітап етіп шығару ойға келді. Сатира жанрындағы «Күлмей тұрып, ойлан!» кітабымды алдымен белгілі жазушы, осы жанрдың жілігін шағып, майын ішкен Аманкелді Шахинге көрсетіп алдым. Ол кісі шынайы ризашылығын білдіріп, осы жанрда қалам тербеуімді, одан әрі жалғастыруымды қолдап, батасын берді, – дейді жас қаламгер.
Әдеби шарада «Махаббат патшалығы» кітабының лентасын Талап Таймасұлы мен Үзілдік Елеубайқызы қиса, «Күлмей тұрып, ойлан!» кітабының «тұсауын кесу» Мұнайдар Балмолда мен Ахмедияр Батырхановқа ұсынылды. Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлы мен Нұрланның анасы Анаргүл апа «Себеп – сіз» кітабының лентасын қиды. Жаннұр Ахметов Маралбектің Нұрланына жылы лебізін айтып, Жәнібек жұртшылығының атынан шапан жапты.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»