2.07.2021, 10:03
Оқылды: 284

«Ізгі ғұмырдың» тұсауы кесілді

Мемлекет және қоғам қайраткері болған Рахметолла Хамитұлы Сүйербаевтың есімі – Ақ Жайық жұртына кеңінен мәшһүр. Өткен жылы шілде айында 82 жасқа қараған шағында дүниеден озған азаматтың қайтыс болғанына 1 жыл болып қалыпты. Осыған орай Рахаңның жарқын істері мен ерен еңбекке толы жылдарын баяндайтын «Ізгі ғұмыр» атты естеліктер жинағы жарық көрді.

1 (33) (1)

Онда Рахметолла Сүйербаев туралы мемлекет қайраткерлері Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Қуаныш Сұлтановтың естеліктері берілген. Сондай-ақ асыл азаматты жақсы білген, қатар жүрген, қызметтес болған тұстастарының, әріптес інілерінің, тума-туыстарының, жан жарының, ұл-қыздары мен немерелерінің естеліктері топтастырылған.

Өткен сәрсенбінің сәтінде «Ізгі ғұмырдың» Орал қаласындағы Достық үйінде тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Рахаңды көре қалған, сырлас-пікірлес, қызметтес болған Ақ Жайықтың жайсаңдары мен жақсылары жиналды. Әрине, пандемияға қарсы барлық сақтық шарасы сақталған басқосуда талай жүрекжарды сырлар ағытылды. Жарқырап өткен жайсаңды еске алған жиында қимастық сезімі мен сағыныш жүректі тербеп тұрды. Жанарларға лықсып келіп қалған жас та болмай қалған жоқ. Әсіресе, Рахметолла Хамитұлының өмірлік серігі болған Мария Темірғалиқызының толқыған сөздері мәңгілік тарқамайтын сағыныштай өрілді.

– Рахаңды мәңгілік есте қалдыруға арналған бұл жинаққа үлес қосуда облыс азаматтарымен қатар, еліміздің де айтулы тұлғалары аянып қалған жоқ. Қай-қай жағынан да үлкен көмектерін көрсетті. Ол міне, 400 беттік естеліктер жинағы болып, қолдарыңызға тиіп жатыр. Бұл кітапқа сондай-ақ осында отырған бәріңіз де естеліктеріңізді беріп, атсалыстыңыздар. Жинақта Рахаңның елге болсын деп еңбек еткен кезеңдерінің барлығы дерлік қамтылды. Ел есінде жүрер ескерткіш болып қалатынына сенемін. Ұрпағына да баға жетпес дүние деп есептеймін. Баршаңызға рақмет! - деді Мария апамыз.

Тұсаукесерде А.Есенғалиев, Т.Рысбеков, В.Исмагулов, Т.Сапаров, Д.Саратов, Б.Кәкімова және басқалар сыр бөлісті.

Рахаңның ұлы Ғарифолла Сүйербаев та ағынан жарыла сөйледі. Анасы Мария Темірғалиқызы екеуі  абзал азаматқа қаламмен өріліп, сөзбен соғылған ескерткіш – «Ізгі ғұмырдың» тұсауын кесті.

 

Есенжол Қыстаубаев,

zhaikpress.kz

Суретті түсірген Эльвира Меңдіғали

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале