Шілде-тамыз айларында үлкен-кішінің аңсары қарбыз-қауынға ауатыны аян. Сөйте тұра, ішінара аталмыш бақша дақылдарынан уланып жататынын естиміз. Осы орайда қарбыздың құрамында нитрат бар-жоғын қалай анықтайды? Жалпы сапалы, тәтті қарбызды қалай таңдау керек? Өңірімізде жаз маусымы басталғалы «ала доптан» улану деректері тіркелді ме? Уланып қалған жағдайда алғашқы көмекті қалай көрсету қажет? Осы сауалдар төңірегінде сала мамандарымен тілдескен едік.
Фотоға түсірген Жанат Көшкінбай
«Қарбыз-қауыннан улану деректері тіркелген жоқ» Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне қарасты тамақтану нысандарын бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Гүлжанат Ғатауованың айтуынша, өңірімізде соңғы екі жылда қарбыз-қауыннан улану деректері тіркелмеген. Десе де, «Сақтықта қорлық жоқ», тұтынатын өніміңізді мұқият тексеріп алғаныңыз абзал.
Өйткені кей бағбандар жеміс-жидек пен көкөністерді тез жинап алу үшін оларға тыңайтқыштар қосады. Соның бірі – азот қышқылының тұзы – нитраттар. Тыңайтқыштың аз мөлшері ағзамызға зиянын тигізбегенімен, олардың шектен тыс мөлшері өте қауіпті. Адам ағзасына түскен нитраттар тотығу үдерісінің нәтижесінде нитриттерге, яғни уға айналады. Сондай-ақ нитраттың шамадан тыс мөлшері адамды бауыр, бүйрек дертіне, асқазанның қатерлі ісігіне, жүйке жүйесі мен жүрек, қан-тамыр ауруларына душар етіп, иммунитеттің төмендеуіне негіз болады. Маманның мәліметінше, қарбыздағы нитраттардың рұқсат етілген мөлшері – 60 мг/кг, қауында – 90 мг/кг.
Қарбыз-қауындағы нитраттың көп мөлшерінен уланған адамның жүрегі айнып, басы айналып, іші өтеді. Сондай-ақ дене қызуы көтеріліп, іші ауырады, буындары әлсірейді. Бұл белгілер байқалса, дәрігерге жүгіну қажет. «Жедел жәрдем» келгенше науқас энтеросорбенттерді (мысалы, белсендірілген көмір) қабылдап, көп мөлшерде су ішуі керек. Егер улану белгілері жүкті әйелдерде, қарияларда немесе 12 жасқа дейінгі балаларда болса, «Жедел жәрдемді» шұғыл шақырған жөн. Өйткені нитраттар улы нитриттерге айналғанда, қандағы гемоглобинді метгемоглобинге айналдырады. Соның нәтижесінде науқаста тахикардия, тұншығу белгілері пайда болады. Улану салдарынан науқас қайтыс болуы мүмкін.
Гүлжанат Ержанқызы қарбыз-қауыннан ішек инфекциясын жұқтырмас үшін бірқатар сақтық шараларын ұсынды:
Қарбыз немесе қауынды сатып алғанда, қабығының жарықсыз, сызатсыз және майыспай бүтін болуына назар аудару керек. Жемістерді тасымалдау кезінде жиі лақтырады. Қабығының жарығы арқылы бактериялар ішіне кіріп кетуі мүмкін, ал майысқан жерлері көбінесе қарбыздың мәйегінің қышқылдануына әкеледі;
Алдын ала кесілген қауын-қарбызды сатып алуға болмайды. Өйткені көп жағдайда лас пышақтар қолданылып, бақша дақылының мәйегіне ішек инфекцияларының қоздырғыштары түсіп, әртүрлі жұқпалы дертке ұрындыруы ықтимал;
Қауын-қарбызды тілер алдында қабық сыртындағы кірдің мәйекке түсіп кетпеуі үшін ағып тұрған судың астында щеткамен жақсылап жуу керек;
Қауын-қарбызды келесі күнге қалдырмай, бірден жеп қойған жөн. Өйткені шырынды мәйегіндегі қанттың көп болуы оны бактериялар үшін тартымды ортаға айналдырады. Егер қарбыз немесе қауын желінбей қалса, кесілген жерді тағамға арналған үлдірмен жауып, тоңазытқышқа шикі азық-түліктен (жұмыртқа және шикі еттен) бөлек қою керек;
Сондай-ақ жол бойындағы жеміс-жидектерді, қарбыз-қауынды сатып алмаған жөн. Біріншіден, сатушыларда өнімнің сапасын растайтын құжаттар болмауы мүмкін. Екіншіден, әсіресе қарбызды бақшадан үзіп алып, жинағаннан кейін де олар «дем алуды» жалғастырады. Яғни «ала доптар» автокөлік шығаратын газдардың құрамындағы ауыр металдарды өзіне тез сіңіреді.
«Ұл» ма, «қыз» ба?
Тәжірибелі бағбандар қарбызды әзіл-шыны аралас жынысқа бөліп қарайды екен. Бірде Орал қаласындағы «Мирлан» орталық базарынан қарбыз сатып алайын дегенде, сатушы «Ұл» ма, «қыз» ба?» деп сұрады. Сол кезде «Ол қалай?» деп анық-қанығын біліп алған едім. «Түбіндегі қара дақ (сабағына қарама-қарсы жағындағы) үлкен болса, онда ол – «қыз» қарбыз. Ал құйрығындағы дағы кішкентай болса, ол «ұл» қарбыз деседі. Әрине, қарбыздың «ұл-қызы» болмайды. Бірақ осы даққа қарап, қарбыздың тәттілігін ажыратуға болады деседі. Тәжірибеде дәлелденгендей, «ұл» қарбызға қарағанда «қыз» қарбыздың дәні аз және әлдеқайда тәтті болады екен. Сондай-ақ «қыз» қарбыз доп-домалақ болып келеді.
Бағбандар қарбызды сатып аларда қабығына мән беру қажеттігін айтады. Пішіні домалақ, ал сыртының түсі қанық болуы керек. Ал сабағы жағында жырығы болса, ол тәп-тәтті дегенді білдіреді. Негізі, қауын-қарбыз күннің ыстығы мен өзінің тәттілігінің әсерінен жарылады. Қарбызды қолға алып, оны алақанмен ұрып көру де сапалы өнім алуға септігін тигізеді. Жемісті ұрғанда ол тақылдамай, дүңк етсе, шырынды бөлігінің айтарлықтай таза әрі жеуге жарамды екенін білдіреді. Бұзылмаған қарбыз айтарлықтай ауыр болады. Сондықтан салмағы ауыр қарбызды тұтынған абзал.
Сағағына мән берген жөн. Қарбыздың сағағы қураған болуы керек. Егер сағағы жасыл немесе өткір пышақпен кесілген болса, бұл толық піспеген қарбыз дей беріңіз. Сонымен қатар мұндай белгі қарбыздың ұзақ уақыт бойы тұрып қалғанын білдіреді. Ал сағағы жоқ қарбызды мүлде сатып алудың қажеті жоқ.
Таза піскен қарбыздың қабығында сары жолақтар болады. Қарбызды дұрыс таңдай алмайтындар осындай сары жолақтардан қорқып жатады. Керісінше, мұндай қарбыз өте дәмді әрі таза піскен болып саналады. Сондай-ақ қарбыздың қабығын тырнап көрсеңіз, астынан аппақ қабат әрі қарбыздың хош иісі шығуы тиіс. Бұл да қарбыздың піскенінің бір белгісі.
Ине салынбағанына көз жеткізіңіз. Қарбыздың қабығына мұқият қараңыз. Онда инелерден қалған тесіктердің болуы кәдік. Яғни қарбыз табиғи жолмен пісіп жетілмегенде, оны тыңайтқыштар егу арқылы тез қызартуға қол жеткізеді. Тек қарбызды емес, қызанақты да дәл осылай селитра жіберіп, уақытынан бұрын қызартатындар бар. Қабығында осындай тесіктер мен қара нүктелері барларын да сатып алмаңыздар. Базарда болсын, дүкенде болсын қарбызды сатып аларда кесіп көрсетуін өтінбеңіз. Өйткені мұндай жағдайда қарбызға жуылмаған пышақтан, қарбыз қабығынан зиянды заттар түсуі мүмкін. Қарбыздың сырты жылтыр болса – оның жақсы піскенінің белгісі.
Қарбыздың құрамында нитрат бар-жоғын қалай анықтайды?
Ол үшін қарбызды үйге әкелгеннен кейін суға салып қою керек. Сонда қарбыз судың бетіне қалқып шығады немесе түбіне шөгеді. Суға батқан қарбызды ойланбастан сатушыға қайта апарып берсеңіз болады. Оны жеудің қажеті жоқ. Қарбызды кескеннен кейін ортасында сары түсті ширатылған жіп секілді жолақты көрсеңіз, бұл – нитраттардың қайнар көзі. Тілінген қарбыз бір түсті қызыл болса ғана оның тыңайтқышсыз, таза екеніне көз жеткізе аламыз. Балаларға қарбыздың ортасын кесіп беріңіз. Мамандар қарбызды кесіп жегенде «етті» жерінен 3 сантиметрдей қалдыру керектігін айтады. Себебі қабығына жақын жердегі бөлігінде тыңайтқыштар көп жиналады. Сондықтан да қарбыздың бір бөлігін тұтастай жемей, аз-аздан жеген дұрыс. Ал уланып қалудан сақтанғыңыз келсе, әсіресе балалардың ауырмағанын қаласаңыз, ортасын кесіп беріңіз. Сондай-ақ өнімнің құрамында нитрат бар-жоғын тексеру үшін мәйегінен кесіп алып, бір стақан суға салып қою керек. Егер су қызғылт түске боялса, онда оның құрамында нитраттардың көп екенін білдіреді.
Қарбыздың пайдасы мен зиянын да біле жүріңіз
Қарбыз калориясыз болғандықтан, оның ағзаға тигізер пайдасы көп. Бұл өнімнің 92 пайызы судан тұрады. Диетологтар қарбызды бірегей диеталық тағам ретінде құнды екенін алға тартады. Десе де, құнарсыз екен деп қомағайлыққа салынуға тағы болмайды. Тәулігіне екі-үш келіден көп қолдансаңыз, пайдасынан гөрі зияны көбейіп кетеді.
Орал қалалық №5 емхананың терапевті Жаннұр Өтепқалиеваның мәліметінше, қарбызды бүйрек пен бауырға, ішкі ағзаға тұз, тас жиналғанда көбірек жеген абзал. Бұл өнім артериялық қан қысымын қалыпқа келтіретін қасиетке де ие және темірге бай. Сондықтан анемияға шалдыққандарға да көп тұтыну қажет. Ағзамыздағы артық холестеринді шығаруға, қан-тамырларының ішкі бетіне холестериннің сіңіп, түйіншек болып жиналып, шоғырланып қалуын болдырмау (атеросклероз) үшін де өте пайдалы. Әсіресе жаз мезгілінде буын ауруларымен ауырғандарға (артрит), ағзадағы зат алмасу үрдісінің бұзылған кезінде немесе қанда несеп қышқылы артып, тұздардың буындарда, дене мүшелерінің басқа тіндерінде жиналуынан пайда болған созылмалы сырқаттарға (подагра) да қарбыз ем.
Қарбыздың тек ішіндегі шырынды бөлігі ғана тұтынуға жарамды десеңіз де, қателесесіз. Оның дәндері мен қабығы, шырыны да дәрілік мақсатта пайдаланылады. Бұл – несеп жүргізуде таптырмайтын ем. Сондай-ақ семіздік «синдромымен» басы қатқандар үшін қарбыз жеп, тез-ақ қалыпқа келуге болады. Диетаның бұл түрі өз нәтижесін аз уақытта-ақ көрсетеді. Безгекке шалдыққандар болса, өнімді шырын ретінде тұтынғандары абзал.
Көру қабілеті нашарлаған жандар мен тынымсыз тіршіліктен шаршағандар қарбыз жесе, ағзалары «С» және «А» дәрумендерін сіңіреді. Ал қарбызды шектен тыс тұтыну – бүйрекке күш түсіреді. Яғни бұл өнім зәрді айдап, бүйректің қызметін күшейтетіндіктен, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде шамадан тыс тұтынуға болмайды. Сонымен қатар судың мұндай мөлшерімен ағзадағы шлактар мен токсиндер ғана емес, қажетті минералдар да ағып кететінін қаперден шығармау шарт. Қант диабетімен есепте тұрған науқастар да қарбызды көп жемегені жөн. Себебі ол қандағы қант мөлшерін көтеріп жіберуі мүмкін.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»