30.01.2025, 10:30
Оқылды: 168

Қабырғаларды «сөйлеткен» суретші

Мурал өнері – бұл ғимараттардың қабырғаларына, көшелерге, көпірлерге салынатын көркемсурет өнері. Муралдар көбінесе қалалық кеңістіктерді көріктендіріп, қоғамдағы мәдениет, тарих және әлеуметтік мәселелерді бейнелейді.

 WhatsApp Image 2025-01-30 at 11.33.23

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз қаланың көшелеріндегі ғимараттарға әр беріп, қабырғаларды «сөйлеткен» суретші – Самат Тілегенұлы Жұлымов. Ол 1987 жылы Ресейдің Орынбор қаласында өмірге келген. Үш жасында ата-анасы Орал қаласының Селекционный ауылына қоныс аударған. Бала күнінен түрлі бояуларға қызығып, сурет салуға құмар болған ол сүйікті ісінен ешқашан жалықпайтынын айтады.

WhatsApp Image 2025-01-30 at 11.35.08

– Мені өнерге әкелген – алуан түске деген махаббат. 5-сыныпта оқып жүрген кезімнен көркемсурет мектебіне баратынмын. Сол жерде түрлі суретшілермен танысып, басқа қырымнан ашыла бастадым. Өзіме деген сенімділігім артты. Одан кейін М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың бейнелеу өнері мамандығы бойынша оқуға түстім. Сөйтіп, бұл саладағы білімім тереңдей берді. Бұл соқпаққа өзімнің жан қалауыммен түстім десем де болады. Жаным шексіздікке құмартты. Сондықтан ақ парақтың бетімен шектеліп қалғым келмеді. Жалпы, бұл салаға келмес бұрын татарстандық Рустам Кубик, еуропалық Чаз Баррисонның өнеріне қызығып қараушы едім. Суретшілігімнен бөлек, киім дизайнері және бейне-дизайнермін. Астана қаласында телевидение саласында жеті жыл қызмет атқардым. Сонымен қатар 14 жылдан бері Брэйк билеймін. Жалпы айтқанда, өнердің қай саласы болмасын, жаныма жақын, – дейді Самат Тілегенұлы.

WhatsApp Image 2025-01-30 at 11.34.30

Бүгінде мурал өнері әлем-нің түрлі қалаларында кеңінен танымал. Ол көбінесе урбанистикалық кеңістіктерді көріктендіру үшін, сондай-ақ көшедегі әлеуметтік месседждер мен заманауи мәселелерді көрсетудің құралы ретінде қолданылады. Көптеген қалада мурал фестивальдері өтіп, суретшілер үлкен көлемде сурет салып, қоғамға шығармашылық арқылы ой тастайды.

– Қабырғаға сурет салу қағазға сурет салудан мүлде бөлек. Оны Шолохов мекенжайындағы алғашқы муралымды салған кезде түсіндім (суретте). Көлемі, бояулар, үйлесімділік және т. б. Биіктікте тұрғанда бәрі басқаша көрінеді және қиынырақ. Біріншіден, жел тербейді. Тіпті кішкене самалдың өзі әсер етеді. Содан соң суреттің тегіс және дұрыс салынып жатқанын қарау үшін қайта-қайта жерге түсу қажет. Бірақ менің бір мінезім бар. Ол – бастаған істі барынша жақсы атқару және соңына дейін жеткізбей тынбау, – дейді кейіпкеріміз.

Муралдардың артықшылығы – олардың визуалды әсерінің қуатында. Олар адамдардың назарына бірден түседі және көбінесе саяси, экологиялық немесе мәдени мәселелерді қозғайды. Бүгінгі таңда мурал өнері технологиямен де бірігіп, 3D графикасы мен интерактивті элементтерді қолдана отырып, жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

– Жалпы, тапсырыстар әр жаз сайын түседі. Яғни қабырғаға сурет салуға ыңғайлы мезгіл – жаз. Әдетте қаладан жиналған қаражатқа немесе әкімдіктің тапсырысы бойынша жұмыс істеймін. Осы бағытта бірнеше жаңадан ашылған мектептің қабырғаларына сурет салдым. Сондай-ақ өз ойларын шындыққа айналдырғысы келетін және оның барынша әдемі шыққанын қалайтын жеке кәсіпкерлерден де тапсырыстар түсіп жатады. Бірнеше кофейня, дүкендермен бірлесіп жұмыс істедім. Бұл – өте жауапты іс. Сурет салудан, биіктікке шықпастан бұрын үлкен дайындық керек. Ең алдымен, ауа райын бақылаған жөн. Одан соң төбеге шығатын болсам, қауіпсіздік техникасы бойынша электриктің көмегіне жүгінемін. Содан кейін сақтандыру белбеуімен көтерілуге қамданамын. Және әр істің алдында сақтық шараларының барлығын орындаймын. Әйтпесе, құлап кету қаупі жоғары, – дейді суретші.

WhatsApp Image 2025-01-30 at 11.33.58

Қабырғаға сурет салу еріккеннің ермегі емес. Оған зор дайындық, үлкен жауапкершілік, кейде тіпті қолдау да қажет.

– Қаламыздың М. Мәметова ауданындағы шағын қабырғаларға сурет салғым келіп әкімдікке жүгінгенмін. Маған сонда біраз жабдықтар, эмульсия мен коллерлер бөлді. Жеке адамның мүддесі үшін емес, тұтас қала үшін жасалатын дүние болғандықтан, қандай қолдау болса да, үлкен көмек. Туған қалам болашақта Қазақстанның ең жарқын, жылы түстерге боялған қаласына ай-
налғанын қалаймын.
Барлық ауданы муралдарға толса екен деймін. Түрлі бояулар адамдардың өміріне, көңіл күйіне, ойларына әсер етеді. Ал егер бала күніңнен соны көріп өссең, өнер ой-өрісіңе, сана-сезіміңе әсер етпей қоймайды. Мен өзім арманшыл адам болған соң, бала күнімнен бәрін түрлі-түсті бейнеде көретінмін. Кейде көңілсіз адамдардың жүзіне қуаныш бейнелегім келеді. Олардың сұрғылттау өмірлерін түрлі-түстерге бояғым келеді, – дейді Самат Жұлымов.

Муралшылардың көп жұмысы ашық алаңдарда, биік қабырғаларда немесе құрылыс нысандарында орындалады. Бұл кезде жоғарыдан құлау, қираған немесе дұрыс бекітілмеген құрылғылардан жарақат алу ықтималдығы жоғары.

– Соңғы жұмыстарымның бірінде қауіпті жағдайға тап болдым. Арнайы техникамен жұмыс жасау оңай емес, бейжай қарамау керек. Өз өміріңе өзің жауаптысың, үндемей қалуға болмайды. Бірнәрсе дұрыс болмай қалса, дереу техниканы басқарып отырған адамға хабарлау керек. Әр минут үлкен рөл ойнайды. Бірақ өмір сонысымен құнды ғой. Онсыз болмайды. Әр сәт – маңызды. Бұл жай ермек емес. Менің түсінгенім осы. Кейде сурет салып жатқанда, өтіп бара жатқан тұрғындар «Қандай керемет! Әдемі шығып жатыр!» деп айқайлайтынын байқаймын. Сол кезде бәрінің бекер емес екенін түсінемін, – дейді ол.

Әр муралшының өзіндік қолтаңбасы бар. Бұл жұмыстың алғашқы кезеңінде суретші идея мен жалпы тұжырымды (концепцияны) таңдайды, содан кейін оны қабырғаға түсіру үшін қажетті материалдарды дайындайды. Аэрозольді бояулар, түрлі қылқаламдар мен шпательдер оның негізгі құралдары болып табылады. Ол бір суретті бірнеше күн салуы мүмкін, бірақ оның әрбір сызығы мен бояуы үлкен мағына-мәнге ие.

– Менің арманымды алғашқы муралым орындады десем де болады. Осы жолда маған көмектескендердің бәріне алғысым шексіз. Болашақта шығармашылық жұмыс істеп, оны туған қалам – Оралға сыйлағым келеді. Шын өнер тапсырыстан бөлектеу болады ғой. Негізі, алғашқы муралымды салып болған соң, енді сурет салмаймын дегенмін. Бірақ тәжірибе жинай келе мықты бола түседі екенсің. Өзім биіктіктен қорқушы едім, алайда өнерге деген махаббатым қорқынышымнан басымырақ болып шықты. Ал ештеңеден қорықпайтын адам үшін мүлде шектеу жоқ, – дейді суретші.

Байқағанымыздай, муралшы – тек суретші ғана емес, қоғамның көркемдік айнасы, қарапайым тұрғындардың үнін естіп, оны бояумен сөйлететін шебер. Оның қылқаламы тиген суреттер тек бүгіннің емес, болашақтың да жауһарына айналғай!

 

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале