13.04.2023, 15:31
Оқылды: 5301

Қадір түнін қалай өткіземіз және Қыдыр ата келе ма? Нұрлан имам жауап берді

2023 жылғы Қадір түні белгіленді. Ол сәуірдің 17-нен 18-іне қараған түнге сәйкес келіп тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

c16a0038-7cda-448e-a3f2-1d7db1d088ab

Фото: ru.freepik.com

Қадір түні араб тілінде Ляйлятуль-Кадр немесе Аль-Кадр деп айтылады. Мағынасы "қасиетті, қадірлі, құдіретті, маңызды түн" дегенді білдіреді. Қадір түнінде Мұхаммед пайғамбарға Жәбірейіл періште келіп, Құранды берген деп саналады. Бұл Рамазан айының аяғы, яғни он түнінің бірі болған. Ораза айында мың айдан да қадірлі түн бар екені айтылады. Бұл түн Қадір түніне сәйкес келеді. Қадір түні туралы Құран Кәрімнің "Қадір сүресінде" де айтылған.

Құранда Қадір түні оразаның соңғы он түнінің бірінде екені айтылған, бірақ нақты күні айтылмаған. Бұл түні періштелер жерге түсіп, береке орнайды деп саналады. Періштелердің жерге түсуі Қадір түнінің маңызды екенін көрсетеді.

Халық арасында танымал Нұрлан имам бір сөзінде бұл тағдыр түні екенін айтып өтті.

"Қадір түні оразаның соңғы он күнінде, тақ күнге келеді деп айтады. Бірақ енді кейбір кезде жұпқа түсіп қалуы мүмкін. Қадір түні - тағдыр түні. Қадір түнін қаттырақ күтуге тырысу керек. Себебі кем дегенде бір жылдық өмірі жазылады. Мысалы, біреу тағдыры шешіліп жатқанда ұйықтап жатпайды ғой", - дейді ол Youtube каналында.

Қадір түнінде не істеу керек?

Қадір түні басталғанға дейін толық дәрет алған жөн, сонымен қатар, теріс ойлардан жаны мен жүрегін аулақ ұстаған дұрыс. Осы түнде жасаған күнәлар үшін кешірім сұрап, өкініп, көп дұға еткен жөн. Құлшылық жасап, сауапқа кенелетін ең ұтымды уақыт - қадір түні. Сонымен қатар, Құран оқып, мағынасын түсініп, діни білім алған абзал екені айтылады.

Қадір түнінде не істемеу керек?

·         Зиян нәрселерден аулақ болған жөн.

·         Дінде рұқсат етілмеген нәрселерді істеуге болмайды. Мысалы, ішімдік ішуге болмайды.

·         Біреудің сыртынан ғайбат айтуға, бос әңгімеге үйір болуға болмайды.

·         Түнде ұйықтамаған абзал, оның орнына құлшылық еткен жөн.

·         Ұрысуға, біреу туралы жаман нәрсе айтуға болмайды.

·         Фильмдер мен ойын-сауық бағдарламаларын көріп, уақытты бос өткізуге болмайды.

Нұрлан имам бұл түнді шама келгенше құлшылықпен өткізуге кеңес берді.

"Бір нәрсені түсіну керек, түнін емес, таңын атқызу керек. Көбісі түнін өткізеді де, таңғы уақытта ұйықтап қалады. Біздегі қателік осы. Ұйықтамауға тырысу керек және шама келгенше құлшылық ғибадат, жақсы амалдар жасау керек. Дұғалардың қабыл болатын кезінде әдетте адамдар кішкене қол жаяды да тоқтап қалады ғой, тоқтамай дұға қыла беру керек. Бір дұғадан кейін тағы бір дұға, шай ішіп отырып та дұға ете беру керек. Қасыңызда тұрған періштелер "әумин" десе, ісіңіздің бәрі оңынан жүреді. Тағдырлы түндеріңізде тағдырға әсер ететін көп жақсы амалдар жасау керек", - дейді имам бейнероликте.

Қыдыр ата келе ма?

Сондай-ақ ол бұл түні Қыдыр атаны күтудің қажеті жоқ екенін айтты.

"Қадір түні кейбір адамдар аспанды қарап, бірдеңе өтті ме деп қарайды және сол күні бір нәрсе келеді деп күтеді. Қыдыр аташка, Қыдыр апашка деген кейіпкерлер жоқ. Ешкімді күтудің керегі жоқ. Ал кейбіреулер терезені ашып қояды, шекер қояды, дастархан жаяды. Ешкім келмейді, ешкімді күтпеу керек. Кімде кім күтсе, көзіне елестеп, оның адасып кету қаупі бар. Бұл біреуді күтіп есеп айырысатын күн емес, "мен отырамын, мен отыру үшін маған мынау келу керек, Қадір келу керек" деген жоқ. Бұл тек құлшылық түні", - деп ескертті имам.

massaget.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале