Оралда Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған «Нағыз қазақ – домбыра» атты дәстүрлі ән кеші өтті.
Шараны Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы ұйымдастырды. Ұлттық өнер ұлықталған, жыр мен ән астасқан бұл кеш тыңдарманға ерекше рухани әсер сыйлады.
Ән кешін күйші, сөз зергері Дәулеткерей Құсайынов жүргізді. Кешті лекция форматында өрбіткен ол ақын шығармашылығы мен қазақ музыкасының байланысы туралы тағылымды деректермен бөлісті.
Қадыр жырының өміршеңдігі, оның халықтық сипаттағы құндылықтары мен ұлттық рухты оятатын ерекшеліктері жайлы кеңінен әңгімеледі. Көрермендер алдымен ақын туралы бейнефильм тамашалап, Қадыр Мырза Әлидің шығармашылық әлеміне тағы бір мәрте үңілді. Одан кейін Дина Нұрпейісова атындағы музыка мектебінің оқушылары «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» әнін орындап, жиналған қауымды жігерлендіріп жіберді.
Кеште қазақ музыкасының інжу маржандары орындалды. Ақынның сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Базарбай Жұманиязов, Теміржан Базарбаев, Ілия Жақанов, Тұяқберді Шәмелов, Донеділ Қажымов, Күләш Қуанышқалиева сынды сазгерлердің әндері көрерменге жол тартты. Ән мерекесіне өңіріміздің белгілі дәстүрлі әншілері атсалысып, халық жүрегіне жеткен әуендерді нақышына келтіре орындады.
Кей шығармаларды «Атамекен» фольклорлық ансамблі сүйемелдеді. Қадыр жырымен тербеліп, қазақ әнімен әуелеген тыңдарман рухани байып, ұлттық өнердің мәңгілігін тағы бір мәрте сезінді. Кеш шымылдығы күллі қазақтың жүрегінен орын алған «Өз елім» әнімен жабылды.
Жанерке Мерекеқызы,
«Орал өңірі