Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұжымы пандемия кезінде де көптеген жұмыстарды жүзеге асыруда. Оның ішінде онлайн бағытында өткен шаралардың маңызы зор.
Қадыр орталығынан алынған мәліметке сүйенсек, орталықтың қолдауымен Ақжайық ауданы «Атамекен» ауылындағы М.Өтемісов атындағы мектептің жанынан құрылған «Жерұйық» үйірмесінің ұйымдастыруымен Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығына арналған онлайн-байқау ұйымдастырылды.
Сындарлы сәтте «Біз біргеміз» жалпыұлттық акциясына қатысқан белсенді волонтерлардың арасында ақындар да бар.
БҚО әкімі Ғали Есқалиев коронавируспен күрес жағдайында мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бойынша «Biz Birgemiz» республикалық акциясына қатысқан белсенді волонтерларға алғысхат табыстаған болатын. Олардың арасында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкерлері, белгілі айтыскерлер Талғат Мықи мен Эльдар Ихсанов бар. Олар ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғысхатымен марапатталды.
Ал 27 маусым Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұжымы үшін өте ерекше күн екендігі белгілі. Осыдан тура 5 жыл бұрын маусымның 27-ші жұлдызында ақын атындағы орталық есігін айқара ашты. Сол уақыттан бері Қадыр ақынның жоқшысына айналған орталық, ойшыл, үлкен парасат иесінің шығармашылығын насихаттап келеді.
Жұртшылықтың назарына ақынның 85 жылдығы мен 5 жылдыққа орай арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылып жүр.
Ұлттық домбыра күні құрметіне орай Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының қызметкері, түрлі байқаулардың жеңімпазы Берік Шаймарданов Нұрғиса Тілендиевтің "Әлқисса" күйін орындады.
Ұлы ақын, ойшыл, данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елімізде шаралар ұйымдастырылуда. Абай атамыз ұлтымыздан шыққан ұлы тұлға. Қазақ руханиятындағы ойшылдың қолтаңбасы ерекше.
Осы күн құрметіне орай Қадыр орталығының қызметкері Эльдар Ихсанов Абай атамыздың "Өлсе өлер табиғат, адам өлмес" атты өлеңін оқыды.
Елді жайлаған індетке байланысты қашықтықтан жұмыс жасап жатқан рухани орданың тыныс-тірлшілігі онлайн бейнеролик арқылы жолданып отырады.
Жағдай тұрақталса, Қадыр орталығы қалыпты жұмыс күніне қайта көшіп, қызметін одан әрі жандандыра түспек.
Ертай Бимұханов,
zhaikpress.kz