Бүгін Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында 1 наурыз Алғыс айту күніне орай өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен «Қазақтың кең пейілі...» атты дөңгелек үстел өтті.
Басқосуды аталмыш орталық директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Арман Сағидоллин ашып, жүргізіп отырды. Оның айтуынша, ашылғанына үш жыл болмаған бұл орталықта көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Соның ішінде танымал ақын-жазушылардың, мәдениет саласының ардагерлерінің, сала мамандарының кездесу, шығармашылық кештері, ел есінде қалған тұлғалардың еске алу жиындары өтеді. Одан басқа еліміздің мерекелеріне, атаулы күндеріне орайластырылған басқосу жиындары да ұйымдастырылады.
-Елбасымыз Алғыс айту күні туралы: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болады. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді», - деген болатын. Шынында да, Алғыс айту күні мейірімділіктің, еліміздің бірлігі мен берекесін нығайта түсетін халықтық мерекеге айналды, - деген Арман Сағидоллин жиынға қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтады.
Дөңгелек үстел басында ардагер-ұстаз Қуаныш Таубаев, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Әлжанова, «Ел және мұғалім» газетінің редакторы Жанбол Ғалиев және осы газет тілшісі Айымгүл Сүлейменова, облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі Галина Самойлова, ақын Үзілдік Елеубаева және өзгелері кеш тақырыбына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Олардың пікіріне сүйенсек, алғыс айту - шын жүректен шығатын, тұма бұлақтың суындай таза, жанға рухани азық болатын тілексөз. Алғыс айту күнін ұлттық мәдениетті, рухани құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктету бағытындағы жұмыстармен ұштастыру жайы кеңінен қозғалды.
Аудандағы Достық үйінде алты орталық жұмыс істейді. Алғыс айту күніне 1 наурыздың таңдалып алынғанына қуаныштымыз. Өйткені дәл осы күні 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде Ассамблея достықтың, бірліктің, тұтастықтың ұйытқысына айналды. Еліміздегі тыныштыққа, мамыражай тіршілікке әманда шүкіршілік етеміз. Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Жас ұрпаққа нәсіліне, діни ұстанымына қарамастан қоғамдағы ізгілікті, тұрақтылықты сақтауды аманаттағым келеді. Менің ата-анам тың игеру жылдары Қазақстанға көшіп келген. Міне, содан бергі 65 жыл бойы қазақ елінде тұрып жатырмын. Ылғи да беларус ұлтынан шыққан қазақстандықпын деп елімді мақтанышпен айтамын. Біздің этно-мәдени орталығында беларустармен қатар татарлар, қазақтар, өзбектер де бар. Осылай бірге болуымыз керек. Достықты ту ететін Ассамблея құрған жалғыз елміз. Сондықтан салиқалы саясаты үшін Елбасыға алғысымызды айтамыз. Бүгін жастардың үлкендерге, аға буын өкілдеріне осындай бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыз үшін алғыс айтатын күн болу керек деп білемін, - деді Теректі ауданындағы «Сябры» этно-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мария Плетенная.
Шара барысында Орынбек Меңдіқұлов «Анаға арнау», Арман Сағидоллин халық әні «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» әндерін әуелетсе, ақын Талғат Мықи «Аманат» атты өлеңін оқыды.
Басқосу соңында аталмыш орталық басшылығы атынан жиынға қатысқан бір топ азаматқа қоғамдағы белсенді еңбектері үшін алғысхаттар табыс етілді.
Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»