Ұлтына қызмет ету – әр азаматтың парызы. Қаламгер қауым да бұл қызметтен тыс қалмайды. Қаламына серт берген сәттен бастап осынау абыройлы міндетті қал-қадерінше атқаруға кірісетіні шындық. Ал сол міндетті жауапкершілікпен атқарып, абырой биігіне көтерілетіндер көп болмауы мүмкін. Ұлтты бар болмысымен – жақсысы мен жаманын, ұлылығы мен қарапайымдылығын, дәстүрі мен дінін, әдебі мен ділін, өткені мен бүгінін – асқан сүйіспеншілікпен, шынайы суреткерлікпен, табиғи һәм қазақы қалпымен жырлау, тек жырлап қана қоймай, кіршіксіз көңілмен сезіну, жүрек үнімен тыңдау, ақыл-таныммен ұғыну оңай емес. Сол зәудем биікті бағындырған ақындардың бел ортасында қазақтың Қадыры жүретіні ақиқат.

Қазақ пен дала – егіз ұғым! Қадыр мен дала – қатар аққан қос арна! Сол даланы мекендеген ұлттың ұлан-ғайыр өмірі мен далалық көңілі, сол елдің ханзадасы мен ханшайымы, батыры мен баһадүрі, олардың өрлігі мен ерлігі, жомарттығы мен кішіпейілділігі, мәрттігі мен әлсіздігі, сол даланың аң-құсы мен тау-тасы, зеңгір аспаны мен көгілдір көлі, бетегелі белі мен аңызақ шөлі ақын жырларында қатталған. Ең бастысы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды да, аласапыран күй кешкен қиын-қыстау кезеңді де, сақ дәуірінен бүгінгі қазақ қоғамына аман-сау жеткізіп, болашақ ұрпаққа аманаттаған тау тұлғалы асыл азаматтарын да ұлықтауды назардан тыс қалдырмағанын аңғарамыз. Сол даланың иесі мен киесі, жаны мен жүрегі – қазақ пен дала – егіз өрімдей қатар жырланды, қос арнадай қатар ақты, егіз лебіздей жүрекке жетті. Оған куә Қадыр қаламынан туған туындылар мен ақын ойынан ақтарылған ақжарылқап шешен сөздері мен көсем сөздері, қазақы қалжыңдары мен ақмылтық пікірлері. Анақарыс болып шешенсіді, Күлтегін болып көсемсіді, Аяз би болып толғанды, Махамбет болып ақырды, Құрманғазы болып төгілді, Жайық болып егілді, Алтай болып арқаланды, Сарыарқаның самалы болып есті, Алатаудай айбаттанды, Қаратаудай қайраттанды, Сыр болып ақты, шаң болып, қақты, көкпардай тартты, аударыспақтай атты. Жолбарысы болып атылды, Сырым болып жапырды. Сөзбен сапырды, ақылмен қатырды. Жүрекпен жеткізді, өңменіңнен өткізді. Иә, солай. Қадыр мен қазақ сөзбен жарысты, Қадыр мен дала сөйтіп табысты. Ұтқан – Қадыр мен қазақ, ұтылған – саусақпен санарлық аз-ақ.
«Уақыттың қадірін білген Қадырдың қадірін білетін уақыт жетті» деп айтқанымыз еске түседі. Өзі оқыған қарашаңыраққа келген кездесу сәтінде ойымызды осылай жұптап, өзіне естірте айтқанымыз да рас еді. Сәтімен айтылған сөз, ретімен айтылған пікір деп қабылдадық.
Ақынның алғашқы жинақтарының бірі «Ақ отауда» кең даланың ұланы «Өкілдік» өлеңінде:
Қалада туып ұлдарым, қалада ұзақ тұрсам да,
Кемедей мұзды мұхитта амалсыз қалған құрсауда.
Мен өзім, достар, о бастан далалық гүлдің бүршігі ем,
Кең дала болып күлемін, кең дала болып күрсінем! – деп туабітті далалық екеніне күмән келтірмейді, оқырманын иландыра түседі, нандыра сөйлейді. Бұл ойын ақын «Бұлбұл бағында» үдете түседі.
Уақытыңды әңгімемен ұт мейлі,
Ұзақ сапар ауыр міндет жүктейді.
Жүресің кеп, жүресің кеп, жүресің,
Бірақ далаң ой секілді бітпейді.
Ой – түпсіз терең тұңғиық болса, дала шетсіз, шексіз әлемімен ақынды өзіне ынтықтырады, ұлы даланың адамдарын кіші болып қалмауға үндейді.
Уа, далам! Кеңдігіңе тамсандым көп,
Айта алман бәрін жазып тауыса алдым деп.
Сен – алып пластинка дөңгеленген,
Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп.
Даланың құдіретін қанша жырласа да, тауыса алмайтынын білген ақын өзгеше ой түюге шебер, даланың асқақтығын әнімен әлдилеп өткісі келетінін жасырмайды. Даланың кеңдігін ақын жүрегіне сыйдырғысы келгендей, жалпақ даланың баласына аспан аясы да тар қалпақтай көрінетінін әдемі салыстыру арқылы ойын әсерлі жеткізеді. Даланың мұңын жырлап, сырына қанығу үшін, тарихын безбендеп, тағдырын түсіну үшін ақын көңілінің кең көкжиегін, ақын сезімінің алғаусыз әлемін ұққандай боламыз. Әр өлеңі – бір әлем, әр жинағы – жыр әлемі екенін Қадыр ақын оқырманы ақиқаттай қабылдайды. Өлең өлкесіндегі ақын өрнектері әр өлеңінен байқалып, ой орманшысының ойлы оралымдары, кестелі бейнелеулері зерлі сөздің зергерінің қолынан шыққандай қалып танытады, мың бояулы даланың ғажайып полотносы көз алдыңа келеді, сан тағдырлы жолы алдыңда көлбеңдейді, санаңды тілгілейді. Ақын қаламын бірде мұңға малып, бірде табиғат бояуының табиғи қалпынан алып жазғандай әсер қалдырады. Ақынның «Ой орманының» өзіне тән сырлы әлемі бар, өзгеше өрнек бар.

«Дала дидарында» көне заман көріністеріне көбірек жүгінеді. Сырын ішіне бүккен маң даланың бақыты мен қасіретінен сабақ алуға шақырады. Ұлы даланың дара тұлғаларын түгендеп, ұлттық мінезімізге айналып бара жатқан ұлттық ойындардың табиғатына үңіледі. Асаудың жалына жармасқан жігіттің жанында жүреді, бәйгеде жарысқан тұлпардың ізіне үңіледі. Көкпар тартқан азаматтың қанын қыздырады, қыз қуған жігіттің тұлпарына дем береді. Күрескен қазақтың қасынан табылып, тойға келгендерге «Талантты бағалаңдар тірісінде!» деп тілегін жеткізеді. Қазақтың бір жақсысын бар жақсыға балап, жаманын сыбайды.
Бір жаманы – қыздарын малға сатып,
Бір жақсысы – сүйгенін алып қашқан.
Қазақтың жомарттығы мен кеңдігін, дарқандығы мен тектілігін тағы да даламен астастырады.
Табиғаттан бабамыз ала берген секілді:
Дарқандықты қазаққа дала берген секілді.
Сол даланың шоқжұлдыздары – дана дидарлары – «Дала дидарында» тізбектеліп, көз алдыңнан өтеді. Ақыл-ойдың кені Фарабиден бастап күш атасы Қажымұқанға дейін бар жақсымызды түгендеп шығады. Ақынның айтар түпкі ойы – салмақты, арқалатар жүгі – ауыр.
Сайын далаң – өзің анаң, өз әкең,
Сол далаға тартпай туған аз екен.
Осындай да ұл таба алам дегендей,
Тапқан сені қазекең!
Сендер қиналсаңдар, дала бірге қиналатынын меңзейді, сендердің жеңістерің даланы марқайтады деп тұрғандай. Қиындық көрсең, дала мұңаяды. Кеудеңді шаттық кернесе, дала қуанады. Ақын жаны да даналарымыздың даналық ойларымен қуаттанады, даланың тынысымен жүрегі бірге соғатынын сездіреді.
«Домбыра» жинағындағы ақын ойына зер салыңыз:
Телегей боп қызыл қан далада аққан,
Тала түскен бабамыз қала-тақтан.
Тайталасып жүріп-ақ осы қазақ,
Егін салып,
Мал баққан,
Бала тапқан.
Қазақ ата кәсібіне адал, салт-дәстүріне берік, өмір сүру салтына ұстамды. Қазақы қалпы мен салтын сақтап келе жатқан ұлтын ақын әрдайым мақтаныш етеді. Домбыраның пернелері мен кітаптың тарау-өлеңдерін сабақтастырып, азаматтық әуенмен әлдилейді, қос ішегінен күмбірлеген күй орнына сыңғырлаған жыр төгіледі. Егіз ішектің беу-беуі мен гөй-гөйіне құлақ түріп, домбырасының құлақ күйін келтіріп, үстіңгі ішек пен астыңғы ішектің үндесуінен үйлесімді үн шығаратын дәулескер күйшіден ақтаңгер ақынның несі кем?! Қадыр ақынның «Домбыра» жинағындағы табиғат-жаратылыс, адам-азамат, достық-жолдастық, арман-үміт, мұрат-мүдде пернелерінің (тарау аттарының) өмір күйін шертетініне куә боламыз, шешен ішектерінен өмір сабақтары сыр шертетінін аңғарамыз, шанағынан күй саулап, күй емес-ау жыр саулап жататынына таңдай қағамыз.
Білгің келсе біздің жайды,
содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Қазақ – нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
Домбыра – баба тарихтың куәсі, өткеннің көзі, бүгінгі қазақтың өзі, ертеңгі қазаққа жетер сөзі. Қадыр ақын жыр тілімен өмір-өзеннің ағысын жырлайды, домбыра үнінен өмір-тарихтың қағысын естиді, қазақ пен домбыра тоғысынан өмірдің өзін көреді, бұрынғының сөзін естиді, бүгінгінің кейпін көреді, болашақтың бейнесін бағамдайды.
Қадыр ақынның «Домбырасы» – шерлі тарихтың шежіресі, азаматтық әуеннің үлгісі, өткен мен бүгіннің жалғасы, болашақтың алтын көпірі іспетті. Қолға домбыра алмай-ақ, домбырамен үн қату, қадірлі аспап арқылы асқақ ой айта білу, қос ішектен төгілген күй-керуенді жыр-нөсерге айналдыра алу – Қадырдың бақыты. Қадырдың бақыты – қазақтың бақыты!
«Алақанның» да айтары бар. Еларалық татулықты, халықтар достығын ақын өзгеше һәм өзінше өрнектейді. Өзбек өңіріндегі өмірді ақындық көзбен көреді, ежелгі тарихымыздың ортақтастығынан ой түюге шақырады, тағдырлы тұлғаларымыздың туыстығынан сабақтастық іздейді. Ал қырғыз құшағы ақынды жатсынбайды, шын көңілмен құшады.
Қазақ пенен қырғыздарды бөлмеген ғой бір кезде,
Қазақбайлар өздерінде, қырғызбайлар жүр бізде.
Мен бөтендік байқамадым қырғыз, қазақ түрінен,
Біз ұмытқан қазақ сөзін табам қырғыз тілінен.
Ақынға тәжік топырағы бөтен емес, ал түркімен төрін ұсынады. Бүгінде достық деген ұғымды бағалау саяси сипат алып кеткені мәлім, ақын ұғымындағы достықтың қадірін сезінесің, бір-біріне аялы алақандарының жылуын таратып, шын пейілмен достық құшағын айқара ашқанына күмәнсіз қарайсың. Сол достық рәуішті іздейсің, ондай сезім ақынның сөзінде, тарихтың тезінде қалғандай күй кешесің, әлденеге қамығып, елегізисің. Садриддин Айниге соғылған дүреден денең түршігеді. Елдің қамын жеген асылдардың аянышты тағдыры, өнерге жасаған қиянаты, өнерпазды қорлаған кесепаты ақын жанын аяусыз тілгілейді. Өз туғанындай жаны ашып, оның өнегелі өмірін адамзатқа сабақ етеді.
Ақындарға ұстап жүрген қолға алау,
Мүмкін емес заман жайлы толғамау.
Елдің қамын жеген адам
Ел үшін
Таяқты да жеуге тиіс болғаны-ау!
Қамыққан ақын көңілін кім жұбатар?! Достықтың қадірін Қадырдай түсінген жандардың бұл күнде азайғанын кімге түсіндірерсің? «Достық жүрекке сияды, ақылға сыймайды» дейтін Қадыр ақынның достық пен жолдастықты жоғары қоюы – кім-кімге де үлгі, ұрпаққа өнеге.
Сайын даланың салқар көші болашаққа беттеп барады. Сол даланың думаны таусылмасын дейтін ақын арманы әрдайым ойына серік, өлеңіне – көрік. Ақын үшін дала мен құдірет біте қайнасқан, ажырағысыз қалыпта. Қазақы атаумен нәрленген «Қорамсақ», «Көкпар» жинақтары да дала жырымен сусындатып, дала үнімен әлдилейді.
Шіркін, дала әуен ғой тұнып тұрған!
Ән мен күйге сен мені құнықтырған.
Соның бәрін өткізем,
Жеткізем деп,
Сөз бен сазды, бауырым, былықтырман.
Сол даланың қызығына куә болсам, бақытын жырласам, қуанышына ортақтассам дейтін ақын көңілін түсінесің. Өмірдің әр сәтіне ғашық ақын жүрегі уақыт атты құдіретті бағалауға келгенде көбімізден оқ бойы озық ойлы екенін аңғарамыз.
Жылдар өтсе, мейлі ғой,
Өте берсін!
Сәттер өтіп барады,
Осы қиын!
Уақыттың қадірін ерте ұққан Қадыр ақынның жырларының өн бойынан зымыран уақыттың баянсызын үнемі қаперімізге салып отыратынын байқаймыз. «Асыққан уақыт бізбен кеңеспейді» дейтін ақын уақыт еншісінің бұйырғанын көру, өткенін жырлау, болашағына тілеулес болу бақытым деп сенеді.
Ал «Қызыл кітап» – қоғамның жанайқайы. Адамзат баласының айналасына, қоршаған ортаға адами көзқарасының қажет екенін, аялы алақанының жылуы әманда керектігін сездіріп отыруымен құнды. Өмір парақтарының алуан түсі адам өмірінің де мәнді тұстарын саралайды. Мылтық атылмаса, ұя бұзылмаса, адам баласы да, аң-құс та туған жерінен безінбесе – тыныштық күзетшісі һәм табиғат сақшысы ақын арманы – адамзат ойымен үндесіп, сабақтасып жатыр.
Сұлуларға,
Сырбазға,
Кербезіңе
Қарадым мен қашанда жыр көзімен.
Ақын Қадыр ақын боп қалса-дағы,
Ғашық Қадыр қалады өзіңменен!
Ғашықтық пен махаббатты жырламаған ақын кемде-кем. Ал Қадырдың махаббаты – қадірлі махаббат. Ізгі ұғымды жырлауға келгенде ақынның айтары бөлек, музасы – ерек. Өмірге ғашық көзбен қарайтын ақынның сұлулыққа іңкәрлігі, сүйіспеншілікке ынтызарлығы, махаббатқа адалдығы сүйсіндірмей қоймайды, сендірмей тынбайды.
Сүйеу болды қашанда елім әні,
Елім әні – тарихқа танымалы.
Сендей қайсар құдайым жар бермесе,
Келер ме еді өмірге менің әлім?!
Ақын махаббатына куә – өзінің жырлары, ал дәлел керек болса – Салтанат сұлуға ынтық сезімі, ақын сүйіспеншілігінің себебін іздесеңіз – оған кінәлілерді алыстан іздемейсіз – олар ешкімге ұқсамайтын қазақ арулары, қазақтың ақтамақ қарлығаштары мен бойжеткендері. Олардың жан сұлулығы, тән тазалығы, мейірбан жүзі, нәркес көзі, ақ-адал сөзі. Қазақ қызы – Қадыр жырларының бел баласы, ару тағдыры – ақын өлеңдерінің өзегі. «Ақырзаман» кітабын оқығанда ақын жарының, яғни Салтанат сұлудың сөзбен салынған картинасын көргендей әсерленеміз. Ақын сезімінің адалдығына, алдамайтынына шәк келтірмейміз. «Махаббатсыз – өмір бос» екеніне тағы да бір көз жеткізе түсеміз. Қадырдың махаббаты – қазақы қалыптан туған, халық әдебімен әрленген, ұлттық нақышпен өрілген – бұл тақырыпта Абай салған сүрлеуді Қадырша жаңғыртқан қазақы махаббат.
Әр күн сайын құлшынып,
Әр күн сайын түле бір.
Мәңгі күрес – тіршілік,
Мәңгі майдан – бұл өмір.
Осынау «Шырғалаңы» көп «Мәңгілік майданда» өмірді Қадырша түсіну һәм түйсіну, қазақы болмыс пен адами құндылықтарды ақынша сезіну һәм қабылдау бір басқа, өзгеше әлем. Адам мен оның өмірін жырлауға келгенде ақын жаны кейде шуақты, кейде мұңды, ал енді бірде асау, біресе жұмсақ. Өмір өткелдерінің мәні мен мәнісіне бойлап қана қоймай, өзгеше ой түю, өзіндік тұжырым жасау – ақынның әзелгі әдеті.

Елімен ерлер көгермек,
Көгермес көңіл толмаса.
Қадыр боп маған не керек,
Қадірлі Қадыр болмасам?!
Қара өлеңге нәр берген, қазақ өмірін мәңгі өрген, қазақ сөзінен мән терген ақынның өмірлік мұраты мен ақындық кредосы айқын: қадірсіз болмау еліңе, қадірлі болу – тегінде. Ұлтқа қызмет етудің сан үлгісі болар, ал Қадыр ісі – қадірлі іс. Ұлтыңды сүюдің өнегелі іс екенін әркім-ақ білер, ал бар парасат-пайымыңмен жырлап өту – ақынның ақынының ғана қолынан келер әрекет. Өмірді жырлау үшін келген ақын жыры да өміршең.
Мен ақынмын,
Әулие емен,
Бақсы емен.
Әрине ғой, күндерім бар көксеген.
Соның бірі –
Ел есінен шықпайтын
Жазып кету ғажайып бір жақсы өлең.
Бір өлеңі мың өлеңге айналған, әр өлеңі қазақтың құнды мұрасындай қабылданатын, бар өлеңі қазақ үшін жазылып, жүрегі қазақ деп соққан Қадыр ақынның ғажайып жырлары әр кезең оқырманын тұщынтып келеді, әр буын өзіне жақын тұтады. «Өз елім менің! Өзегім менің! Жырыма қосып жүремін» деген ақынды елі де ұмытпақ емес. Бұл – нағыз қазақ ақынының бақыты! Қазақтың Қадырының бақыты!
Шоқан Шортанбай,
әдебиеттанушы,
Алматы қаласы