Республикалық бюджет бойынша 20 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді және 336 млрд теңге жұмсалмай қалды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев толыққанды айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджет шығыстары - 96,5%-ке, республикалық бюджет шығыстары – 98,3%-ке, жергілікті бюджет шығыстары 95,6%-ке орындалды.
«Республикалық бюджет бойынша 20 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді, оның ішінде 29 млрд теңге үнемделген және 307 млрд теңге игерілмей қалған. Әсіресе ішкі істер, өнеркәсіп және құрылыс, төтенше жағдайлар және мәдениет және ақпарат министрліктерінде көптеген қаражат игерілмеген», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Игерілмеудің негізгі себептері ретінде Қаржы министрі өнім берушілердің тауарларды уақытылы жеткізбейтінін, конкурстық рәсімдер дер кезінде өткізілмейтінін, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдері ұзаққа созылатынын айтты.
«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 12 трлн теңгені құрады және 531 млрд теңге жұмсалмай қалды. Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 желтоқсанға 1 трлн 752 млрд теңге бөлінген және оның 89,8% игерілген. Онда 3 млрд теңге – үнемделсе, 176 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Батыс-Қазақстан облыстарында қалыптасты», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Бұған дейін спикер мемлекеттік бюджетке 18,2 трлн теңге түскенін, жыл басынан бері жергілікті бюджеттерге түскен кірістер жоспардан асыра орындалғанын айтқан еді.