1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні
Адамның өміріндегі ең үлкен бақыт – перзент сүю, ал ең қымбат қазынасы – артында ізін жалғар ұрпағы. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Бұл тұрғыдан келгенде, кез келген мемлекет ұрпақ тәрбиесіне, олардың білімді болуына ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Жалпы балалар мен жасөспірімдер қандай салада жұмыс істей алады? Жұмыс уақытына шектеу бар ма және оларға қандай жұмыстар істеуге тыйым салынады? Бүлдіршіндердің еңбекке ерте араласқаны дұрыс па? Осы сауалдарға орай сала мамандары мен ата-аналардың пікірін білген едік.
Көрнекі сурет: zhaikpress.kz
Кәмелетке толмағандармен еңбек шарты жасала ма?
Жалпы балалар еңбегі бірнеше заңды құжат арқылы қорғалады. Олардың алғашқысы – БҰҰ-ның «Балалар құқықтарын қорғау туралы конвенциясы». Ал елімізде Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға рұқсат. Кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастырған кезде де олармен міндетті түрде еңбек шарты жасалуы тиіс. Бұл туралы облыстық еңбек инспекциясы басқармасының еңбек саласындағы бақылау және талдау бөлімінің басшысы Артур Батыров айтты. Оның мәліметінше, еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның заңды өкілдерінің біреуі қол қоюы тиіс. Еңбек шарты кәмелетке толмағандарды денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін жұмысты атқаруға тыйым салады. Жұмыстың қауіпті түрлеріне 18 жасқа толмағандар тартылмайды және жасөспірімдерді үстеме жұмысқа, түнгі уақыттағы жұмысқа, кезекшілікке шақыруға тыйым салынады. Сондай-ақ 18 жасқа дейінгі жұмысшыларға ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 08.12.2015 жылғы №944 бұйрығымен белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды көтеруге немесе тасуға тыйым салынады. Кәмелетке толмағандарды мінез-құлқына теріс әсер ететін жұмысқа тартуға болмайды (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық мекемелеріндегі жұмыс, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау және сату).
Еңбек кодексінде он сегіз жасқа толмағандарға жұмыс уақыты қысқартылған режім бойынша қарастырылған. Атап айтқанда:
– 14-тен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін аптасы-на 24 сағаттан аспайтын;
– 16-дан 18 жасқа дейінгі жұмысшылар үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты белгіленуі керек. Кәмелетке толмаған қызметкерлер түнгі уақытта – 22:00-ден 06:00-ге дейін жұмыс істей алмайды. Сондай-ақ Артур Жұмакелдіұлы жұмыс істеп жүрген жасөспірімдер де жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына шыға алатынын және оларды кезекті еңбек демалысынан кері шақыртып алуға жол берілмейтінін айтты. Кәмелетке толмағандарға қатысты еңбек заңнамасын бұзу деректері анықталған жағдайда жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 86-бабы 3-тармағына сәйкес, жұмыс беруші кәмелетке толмаған адамдарды еңбек шартын жасамай, жұмысқа тартса, 50-ден 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiне дейін айыппұл төлейді. Заңбұзушылықтар орын алған жағдайда, азаматтар БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасына (Орал қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 188, тел. 50-04-86, ресми сайт - enbek-bko.gov.kz) хабарласуларына болады.
Балаларға тыйым салынған жұмыстар
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің бұйрығымен он сегіз жасқа толмаған балаларға тыйым салынған жұмыстардың тізімі бекітілген. Тізімде 103 жұмыс түрі көрсетілген. Мысалы, электргазбен дәнекерлеушінің жұмысы, аутомобильдерді жөндеу жөніндегі слесарь, моншаға (саунаға) қызмет көрсету, шарап, спирттік өнімдер мен сыраны, сондай-ақ темекі өнімдерін сату және сақтау, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жұмыстарды жасауға болмайды. Сонымен қатар механикалық құрылғыларды, құрал-жабдықтарды ауыстыру үшін рұқсат етілген салмақ нормалары бар. Мәселен, 16-дан 18 жасқа дейінгі ұлдар 16,4 келіден, ал 16-дан 18 жасқа дейінгі қыздар 8,2 келі салмақтан ауыр зат көтермеуі тиіс. Одан бөлек, баланы құл есебінде ұстау, саудалау, қарыз өтеу үшін кіріптар қылу, қарулы қақтығыстарда пайдалануға тыйым салынады.
Жезөкшелікпен айналысуы, порнографиялық өнімдерді немесе соған ұқсас көріністерді шығаруға, есірткіні өндіруге және сатуға көкөрімдерді тарту заңға қайшы! Тіпті балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне немесе моральдық тұрғыда титтей де зиян келтіруі мүмкін кез келген жұмысқа шектеу қойылған.
Балалар мен жасөспірімдерге жалақы қандай көлемде төленуі тиіс деген сауалға тоқталсақ, олар да өзге қызметкерлер секілді жұмыс берушімен алдын ала келіскен жалақыны алады. Айына кем дегенде ең төменгі жалақыны алуы тиіс. Биыл оның мөлшері – 70 000 теңгеге тең. Айтпақшы, балалар мен жасөспірімдер жұмыс істеуден бас тартуға құқылы. «Бала құқығы» туралы заңның 16-бабы 1-тармағында «Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар» делінген.
Еңбекке ерте араласқаны дұрыс па?
Жас ұрпақ тәрбиесінде еңбекке баулудың маңызы жоғары. Қазақ ерте кезден-ақ жас баланы еңбексүйгіштікке, жалқаулықтан ада болуға үйреткен. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің өзі «Тәрбиенің негізі – еңбекте» дейді. Тіпті білім алудың өзі еңбек арқылы келеді. Ата-аналардың дені балалардың 16 жастан бастап еңбек еткенін құптайды. Жоғарыдағы сауалға орай бірқатар тұрғынмен тілдескен едік.
Гүлмира Мақажанова, мұғалім:
– Кәмелетке толмағандарды еркінен тыс ауыр жұмысқа «жеккендерді» жазалау керек. Оған еш қарсылығым жоқ. Алайда ата-анасының рұқсатымен денсаулығына нұқсан келтірмейтін, оқуына бөгет болмайтын жұмыстардан баланы алшақтату орынсыз. Мектепте де еңбек сабағында балаларға түрлі шаруаға икемді болуды үйретеді ғой. Сондықтан оқығанын, көргенін іс жүзінде жасап көргені дұрыс. Қазіргі уақытта баласын сабақтан қалдырып, жұмысқа жегіп қоятын ата-аналар мүлдем жоқ десек те болады. Барлық ата-ана перзентінің заман талабынан қалмай, білімді, сауатты болғанын қалайды. Мектеп жасындағы балалардың жұмысқа араласуы жазғы демалыс уақытында көбейеді. Қолынан келген жұмысты істеп, бос уақытында жанұясына жәрдемдескенін қылмыс көруге болмас.
Қандай жағдай болмасын, баланың еңбекке ерте араласқаны дұрыс деп санаймын.
Динара Бекетова, ата-ана:
– Менің үлкен балам Ерасыл биыл 9-сыныпты тәмамдады. Отбасында жұбайым ғана жұмыс істейді. Төрт баламыз бар. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Сондықтан жұбайымның тапқан табысы айдан-айға әзер жетеді. Ерасылым қазір жұмыс істеп, бізге көмектесіп жүр. Жұма, сенбі-жексенбіде мейрамханаларда даяшы болады. Кейде бұзылған көліктерді бөлшектеумен айналысады. Әрине, жұмысы қиын. Шаршайды. Алғашында баламыздың жұмыс істеуіне қарсы болғанымызбен, кейін келістік. Күнделікті жүріс-тұрысына ақшаны өзі тауып жүр. Жаңа оқу жылына да өзі дайындалады. Ұлымыз еңбекпен есейіп келеді. Үй шаруасын атқарғанда да бауырларына тапсырма беріп, орындауын қадағалайды. Ағасы келе жатқанда бауырлары есік алдындағы аяқ киімдерді реттеп қойып, төсектерді текшелеп жинап, үйді мұнтаздай етіп тазалап қоюға тырысады.
Бекасыл Мырзакерей,
16 жаста:
– Менің Орал қаласының Зашаған кентіндегі көлік жуу кешенінде жұмыс істеп жүргеніме екі айдан асты. Көлік жуамын. Жазғы демалыста былтырдан бері жұмыс істеп жүрмін. Жұмысым қиын болса да, қызық. Достарыммен бірге барамыз, бірге қайтамыз. Сыныптастарым жұмыс істейміз деген соң, мен де ата-анамнан рұқсат сұрағанмын. Олар бұрын жұмыс істеуіме рұқсат бермейтін. Кейін келісті. Тапқан ақшамды өзіме жаратамын. Еңбекақымды күн сайын алып тұрамын. Яғни әр жуған көліктен 500 теңге түседі. Базарларда арба сүйреп жүретін балалардың қасында менің жұмысым оңай ғой. Әр ауысымға екі баладан кезектесіп барамыз. Үйде болғанда да, әке-шешеме үйдің жұмыстарына жәрдемдесемін. Ауланы тазалап, бау-бақша егеміз. Арамшөптерін жұлып, суарамын. Адал еңбегіммен жұмыс істеп, ақша тапқан ұнайды.
Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»