ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдағы алғашқы жұмыс кеңесінде қолжетімді көлік қатынасын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
25 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық өңірінде ауа райы күрт бұзылған.
Ауа райына байланысты 150-ге жуық ескерту жарияланып, көлік жолдарында қозғалыс тоқтады және шектелді.
«Жалпы орталық және жергілікті мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізді. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жекелеген ведомстволар мен ұйымдардың өзара іс-қимылын күшейту керек», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы барлық үйлестіру штабының жұмысын жандандыруды, көлік жолдары мен елді мекендердегі көшелерді қардан тәулік бойы тазартып отыруды, сондай-ақ жолаушыларды жылыту бекеттеріне шұғыл эвакуациялау үшін көлік құралдарының қорын қалыптастыруды талап етті.
«Көлік министрлігі мен “ҚазАвтоЖол” компаниясы республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуы керек. ТЖМ Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, қолайсыз ауа райы туралы халықты алдын ала хабардар етуі тиіс», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов шектеулер кезінде көлік құралдарының қозғалысына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді және қажет болған жағдайда арнайы техниканы күрделі жол учаскелеріне жедел жіберуді тапсырды.