– Қаймен Есенаманұлы, облыс спортының соңғы бірер жылдағы аяқ алысы қалай?
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұы Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында елімізде бұқаралық спортты, әсіресе, балалар спортын дамыту, дені сау, жанжақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін екпін түсіре айтқаны белгілі.
Осы мақсатта балаларды тегін спорттық үйірмелермен қамту үшін 2021 жылдың 1 маусымынан бастап Батыс Қазақстан облысында спорт секцияларын жан басына қаржыландыру тетігі жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа былтыр 194 209,0 мың теңге қаражат бөлінсе, биыл 350 000,0 мың теңге бөлінді.
Спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы қаржыландыруды жүзеге асыру үшін порталға 752 өтінім түсті. Соның ішінде 25 спорт түрлері бойынша спорттық тапсырысты жүзеге асыруға сәйкес келетін 80 өнім берушінің құжаттары мақұлданды. Жалпы, спортпен шұғылдануға 11 043 ваучер беріліп, соның ішінен 10 431 балаға ваучер белсендендірілді.
Былтыр облыста бұқаралық спортты дамыту мақсатында 101 066 адамның қатысуымен 2411 спорттық-бұқаралық іс-шара өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 232 860 адамды немесе облыс халқының 35 пайызын құрады. Ал ағымдағы жылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар санын 36 пайызға жеткізу жоспарлануда.
2021 жылы «#AulaFit» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып, жоба аясында Орал қаласындағы 9 аулада және Ақсай қаласындағы 1 аулада көп пәтерлі үйлердің әр түрлі жастағы тұрғындарымен күніне 4 мезгіл спорттық жаттығулар жүргізілді. Осындай жобалар мен игі істер биыл да жалғасын табуда.
Ендігі кезекте жоғары деңгейдегі спорттық жетістіктерге келейік. Өздеріңізге мәлім, 2021 жылы Жапонияның астанасы Токио қаласында өткен ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына еліміздің олимпиадалық құрамасы командасы сапында спорттық жүрістен Шейко Георгий, су добынан Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының қақпашысы Липилин Павел және қорғаушы Артюх Данил қатысты.
2022 жылдың 04-20 ақпан күндері аралығында Қытайдың астанасы Бейжіңде өткен ХХІV қысқы Олимпиада ойындарында шорт-трек бөлімінің спортшысы Әділ Ғалиахметов өнер көрсетті.
Олимпиада ойындары – төрт жылда бір өтетін әлемдегі ең үздік додалардың бірі. Жүзден жүйрік болып, іріктеу жарыстарында мәртебелі сайысқа лицензия ұтып алған өңіріміздің саңлақтары осы сайыста жоғары спорттық нәтижеге қол жеткізбесе де, лайықты өнер көрсетті деп есептеймін.
2021 жылы облыс спортшылары бойынша ресми республикалық және халықаралық жарыстарда (Әлем, Азия, ҚР чемпионаттары) 1076 медальға (352 алтын, 331 күміс, 393 қола) қол жеткізіп, спорт түрлері бойынша біздің өңірдің 14 спортшысы әлем чемпионы атанды. Мұндай рекордтық көрсеткіш облыста бұрын-соңды болмаған.
Биылғы басты спорттық жарыстардың бірі – Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін жазғы Азия ойындары. Осы жарыста батысқазақстандық спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізеді деген үміттеміз.
– Облыс аумағындағы, әсіресе, Орал қаласындағы кейбір спорт нысандары сенімгерлік басқаруға берілгендігінен хабардармыз. Осындай міндет-миссияны мойнына алған мекемелердің бәріне бірдей көңіліңіз тола ма?
– Күні бүгінге дейін сенімгерлік басқаруға Орал қаласында орналасқан «Ақжайық» стадионы, «Қысқы спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі – Мұз айдынды спорт сарайы МКҚК және Бәйтерек ауданының Асан ауылында орналасқан «Ұлттық спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК берілді.
Спорт нысандарын сенімгерлік басқаруға беру тиімді деп санаймын. Себебі сенімгерлік басқарушы сол нысан арқылы спортты дамытуға қоса, қаржылық пайдасын да ойлайды.
Сондықтан олар спортты серік еткен тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді ұйымдастырып, спортпен айналысуға тиімді жағдай жасауға ұмтылады.
Сенімгерлік басқарушымен келісімшарт жасалады. Келісімшарт бойынша сенімгерлік басқарушы сол нысанның дамуына үлесін қосуы тиіс. Осы мақсатта сенімгерлік басқарушы өз есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуі және спорт мектебі спортшыларының жарыстарға баруын қамтамасыз ету немесе спорттық құрал-жабдықтарды сатып алуы мүмкін.
Мысалы, Мұзсарайдың сенімгерлік басқарушысы өз қаражаты есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мұзды ұстауға арналған техникалық құрал-жабдықтарды сатып алып, Орал қаласының тұрғындары мен спорт мектебінің тәрбиеленушілері үшін сапалы жағдай жасап келеді. Қазірдің өзінде басқа спорт нысандарын да сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндіктері қарастырылуда.
– Қаймен Есенаманұлы, сіз тізгінін ұстаған сала бойынша биыл қандай нысандар жөнделіп-жаңғыртылады? Жаңадан іске қосылатын спорт нысандары бар ма?
– 2021 жылы «ҚПО б.в.» компаниясы есебінен 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені (Бөкей ордасы, Казталов, Теректі, Жәнібек, Шыңғырлау аудандары, Орал қаласы), жеке кәсіпкерлердің есебінен 2 спорттық кешен (Omega Sports, Дзюдо орталығы), ауыл тұрғындары қоры есебінен 3 хоккей қорапшасы (Казталов, Сырым аудандары), жергілікті бюджет есебінен 33 спорттық алаң (Ақжайық – 2, Бәйтерек – 2, Жәнібек – 1, Сырым – 2, Теректі – 3, Шыңғырлау – 2, Орал қаласы – 21) қолданысқа берілді. Ал биыл Ақжайық, Казталов және Тасқала аудандарында үш (3) дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Бұған қоса Ақжайық ауданының Тайпақ ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында осы жылы Шыңғырлау ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты күрделі жөндеуден өтеді.
– Аудан-ауылдарда спорт мамандары жеткілікті ме? Спорт саласы бойынша аудан-ауылдарға барған жас мамандарға жергілікті билік тарапынан әлеуметтік қолдау-көмек көрсетілуде ме?
– Президентіміздің тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні спорт саласындағы педагогтердің, соның ішінде жаттықтырушылардың жалақылары 75%-ға көтерілді. Келесі жылы 100%-ға дейін көтеру көзделуде. Әрине, облыста спорт мамандарының тапшылығы сезіледі. Себебі тиісті оқу орнын бітірген жастар жаттықтырушылық қызметтен гөрі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қызмет істеуді қалайды. Өйткені ол жердегі жұмыстың жауапкершілігі төмен, жалақысы жоғары. Сондықтан бейнеті көп бапкерлік жұмысқа жастар бара бермейді. Әрі бұқаралық спортты дамытумен тікелей айналысатын спорт нұсқаушылары да жетіспейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде.
Облыста «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 25 адамға тұрғын үй берілді. Бұл мақсат үшін 95,6 млн теңге бөлінді. Ал 2020 жылы 81,9 млн теңге бөлініп, 22 маман басыбайлы баспаналы болды. Қызмет бабымен қоныс аударған жас мамандарға көшерақы да берілуде. Мысалы, 2020 жылы 36 маман 9,8 млн теңге көшерақы алса, былтыр 7,8 миллион теңге көшерақы 27 адамға берілді. Сөйте тұра, көптеген жас мамандар ауылдық елді мекендерге барып қызмет істеуге әлі де тап құлықты емес. Бұл бағытта үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
– Ұлттық спортты дамыту және жалпы спорттың бұқаралығын арттыру бойынша облыстың қай ауданы көштің алды, ал қай ауданы көштің соңы? Бұл мәселе бойынша облыс орталығындағы жағдай нешік?
– Соңғы кездері біздің өңірде қазақ күресі, көкпар сықылды ұлттық спорт түрлерінің кенжелеп қалғаны айқын аңғарылады. Әсіресе, көкпардан республикалық жарыстардағы нәтижеміз өте төмен. Бүгіндері осы олқылықтарды түзету бағытында жұмыстанудамыз. Көкпардың деңгейін көтеру мақсатында биыл облыста аудан командаларының қатысуымен алғаш рет көкпар сайыстары өтті.
Облыстық деңгейде көкпарды дамытуда Жәнібек, Бәйтерек, Шыңғырлау аудандары белсенділік танытып, өзге аудандарға үлгі-өнеге көрсетуде.
Қазақ күресіне қатысты жағдайды жақсарту ниетімен палуандарды оқу-жаттығу жиындарымен қамтамасыз ету үшін бөлінетін қаржыны көбейттік. Бұдан бұрын бірде-бір спортшы оқу-жаттығу жиындарына қатыспаған. Ал спортшы сапалы оқу-жаттығу жиындары арқылы өзінің білмегенін біліп, шеберлігін шыңдап, тынымсыз еңбектің нәтижесінде көздеген мақсатына жете алады.
Облысымыздың барлық аудандарында қазақ күресі дамытылады.
Алайда облыстық деңгейдегі қазақ күресінің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтіні рас. Дегенмен, жүйелі жұмыстың, қажырлы еңбектің нәтижесінде біздің өңірде де қазақ күресінің жалауы асқақ желбірейтіндігіне сенімдімін.
Батысқазақстандық тоғызқұмалақшылар үнемі жоғары нәтижелер көрсетіп, республика бойынша көш бастап келеді. Әлем чемпионатының жүлдегерлері Сайлан Матылов пен Ализа Ерниязова, республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған көптеген спортшылар зияткерлік спортымыздың тынысын кеңітіп, көсегесін көгертуде. Ұлттық спортымыздың аталмыш түрін дамытуға Жаңақала, Бөрлі аудандарының спортшылары айтулы үлес қосып келеді. Жүйелі жетістіктердің нәтижесінде өңіріміздің тумасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері Дәулет Әбдікәрімов биыл тоғызқұмалақтан еліміздің құрама командасының бас жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды.
Батыс Қазақстан облыстық бәйге федерациясының қолдауымен Ақ Жайық атырабында соңғы жылдары ат бәйгесі спорты қарқын алды. Соның бір дәлелі былтыр Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық жарыста облысымыздың спортшысы тұңғыш рет жүлдеге ілікті. Бұл алдағы үлкен жетістіктердің бастамасы ғана деген үміт басым. Жалпы, облыс спорты үшін биылғы жыл былтырғыдан бетер жемісті болғай деген тілектеміз.
– Қаймен Есенаманұлы, осыдан біразырақ уақыт бұрын Мәдениет және спорт министрлігінде өткен алқа мәжілісінде сіз жоғары топтағы футбол командаларының құрамындағы легионерлерді азайту жөнінде мәселе көтердіңіз. Осы талап өзіміздің «Ақжайық» клубында орындалуда ма?
– Өзіңізге мәлім, футбол – әлемдегі ең танымал, әрі бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Сол себепті біздің өңірде де футболды дамытуға қолайлы жағдай жасалуы шарт.
Қазақстанда футбол мемлекеттік қаржыландыру бойынша жетекші спорт түрлерінің бірі болып табылады. Алайда кәсіби футбол клубтары негізінен шетелдік спортшылар мен жаттықтырушыларды тартуға бейім. Бұл бағыттағы қаржылық шығындар құпия болғандықтан күдік-күмәнді қоюлата түседі. Оған қоса, кейбір жергілікті спортшыларға өздерінің деңгейлеріне сәйкес келмейтін жоғары жалақы төленеді. Менің ойымша, бұл спортшының кәсіби тұрғыдан өсуін, көтерілуін тежейтін факторлардың бірі. Осының бәрін зерделеп, біз өз ұсыныстарымызды министрлікке ұсынған болатынбыз. Өз басым біздің ұсыныстарымыз қолдау тапты деп есептеймін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында кәсіби клубтарға мемлекет тарапынан бөлінетін ақшаны қайта қарау жөнінде тапсырма бергені аян. Президенттің аталмыш тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі республикалық футбол федерациясы басшылығымен бірлесе отырып, кәсіби клубтарға мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаржының шегі бекітілді.
Шектеу мөлшері:
– футбол мен шайбалы хоккейге 1,2 млрд теңгеден аспайды;
– басқа ойын спорт түрлеріне 450,0 млн теңгеден аспауы тиіс;
– спортшының ай сайынғы жалақысы 2,0 млн теңгеден аспайды.
Бүгінгі күні облыста кәсіби клубтарға қаржы бөлу барысында бұл шектеулер орындалып келеді. Биыл «Ақжайық» футбол клубына 1 100,0 млн теңге бөлінді.
«Ақжайықтың» қазіргі құрамында 26 футболшы бар. Олардың 12-сі жергілікті спортшы, екеуі қазақстандық, ал қалған 12-сі шетел спортшылары.
Бүгіндері «Ақжайық» футбол клубының балалар мен жасөспірімдер академиясында 500-ге жуық өрен жаттығады. Олардың жас ерекшелігі бойынша республикалық, халықаралық жарыстарға қатысу, спорттық құрал-жабдықтар мен спорттық киімдерді сатып алу шығындары бар екенін ескеру керек. Себебі халық арасында көбіне бөлінген қаржы негізінен тек шетел спортшыларына жұмсалады деген жаңсақ пікір туындап жатады. Жалпы, өңірдегі кәсіби командаларды қаржыландырудың жай-жапсары біздің басқарманың жіті бақылауында.
– Биылғы ел чемпионатында «Ақжайықтың» алдына қандай мұрат-мақсат қойдыңыздар?
– 2021 жылғы чемпионатты «Ақжайық» футбол клубы тоғызыншы орынмен тәмамдады. Бұл жақсы көрсеткіш деп есептеуге негіз бар. Себебі клуб соның алдында ғана бірінші топтан жоғары топқа, яғни премьер лигаға оралған болатын.
Биыл клуб басшылығының және команданың алдына былтырғыдан да жақсы нәтиже көрсету міндетін қойдық. Сонымен қатар жергілікті футболшылар негізгі құрамнан барынша көбірек орын табуы тиіс.
Сұхбаттасқан Файзолланың Бауыржаны,
zhaikpress.kz