27.07.2023, 10:45
Оқылды: 72

Қаймен Есендияров: «Олимпиадаға қоса, көшпенділер додасынан да атлеттеріміз олжалы оралады деген ойдамыз»

– Қаймен Есенаманұлы, жыл бел ортадан ауды. Облыс спортшыларының биылғы жыл басынан бергі қандай жеңіс-жетістіктерін ерекше атар едіңіз?

каймен

Фотода: Қаймен Есендияров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы

– Дене шынықтыру және спорт – отандастарымыздың денсаулығын нығайтудың, жастарды сымбатты да намысқой қылып тәрбиелеудің және салауатты өмір салтын қалыптастырудың өте маңызды институттарының бірі екені баршаға аян.  Оған қоса спортшыларымыздың жетістігін салауатты өмір салтының насихаты десек, қателеспейтініміз анық.

Ұлтымыздың, Отанымыздың намысын ұран етіп, жеңіске жеткен спортшылардың қатарында батысқазақстандық спортшылардың бар екені, әрине, қуанышты. Облыс спортшыларының жетістіктеріне тоқталып өтер болсам, жыл басынан бері өңір спортшылары ресми республикалық және халықаралық жарыстарда (Әлем, Азия, ҚР чемпионаттары) жалпы саны 963 медальға қол жеткізді. Солардың 349-ы – алтын, 278-і – күміс және 336-сы – қола жүлде. Әлемдік додаларда топ жарып, көк байрағымызды көкке көтерген Орал өңірінің спортшылары қатарындағы биылғы жылғы садақ атудан Азия кубогі І кезеңінің күміс жүлдегері Алина Илиясова, каратэ киокушинкайдан әлем чемпионатының қола жүлдегері Вячеслав Хромов, көру  қабілеті төмен спортшылар арасында пара дзюдодан Азия чемпионатында командалық сайыста алтын, жекелей сында қола жүлдегер атанған Талғат Әжіғалиев, панкратионнан әлем чемпионатының қола жүлдегері Мөлдір Уахитқызы, қол күресінен жас жеткіншектер мен жастар және қыздар арасында Азия чемпиондары – Гүлсезім Төлеген, Мирай Ислямғали, Айдана  Әлжан, Көркем Сырым, Сұлтан Әділжанұлы, Ержан Ерболат, Мерует Байниязова, Жанна Қазтуғанова, күміс жүлдегерлер – Бауыржан Бақыт, Дана Бекеева, каноэ есуден әлем кубогі І кезеңінің жеңімпазы Мария Бровкова, муайтайдан әлем чемпионатының жүлдегері Владимир Антонов, дзюдодан Еуропа кубогінің жүлдегері Карина Такиева, спорттық және жауынгерлік самбодан Азия чемпионатының жеңімпаздары – Нұрбол Серіков, Темірлан Көлбай, Әділбек Сейсов, қола жүлдегер Құралай Қабрайқызы, грэпплингтен Азия чемпионатының жеңімпазы Азамат Меңғайыр, күміс жүлдегерлер – Ғимран Мұхит, Раида Хадербай, Армат Қабдолов, Айкөркем Ихсанова, Ерлан Мұхит, Гүлназ Әбдірахманова, Айымгүл Абылова, әйелдер күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зейнеп Баянова және қола жүлдегер Мейрамгүл Мақсот, велосипед спортынан Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері – Вадим Белугин, Жалғас Әбубәкір, ұлттық спорт түрі теңге ілуден Азия кубогінің жеңімпазы Бекнұр Серіков, тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында пара таэквондодан Европаның ашық чемпионатының қола жүлдегері Мәриям Сәлімгереева, әйелдер күресінен 15 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Фарида Әбдірахманова, жасөспірімдер мен жастар арасында байдарка мен каноэ есуден әлем чемпионатында 1000, 500, 200 метр қашықтықта алтын, күміс, қола жүлде алған Мария Бровкованың жеңістері мен жүлделері облыс тұрғындарының ортақ мақтанышы деп ойлаймын.

– Осыдан бір ай бұрын Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында өткен мемлекеттік қызметшілердің кезекті спартакиадасында батысқазақстандықтар жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Мұндай үлкен жетістікке қай аудан, қай мекеменің мемқызметшілері ерекше үлес қосты?

– Иә, биылғы жылдың 20-25 маусым күндері Жетісу облысының Талдықорған қаласында жергілікті атқарушы құрылымдардың қызметкерлері арасындағы республикалық спартакиада өтті. Жарысқа Астана, Шымкент қалаларынан және барлық облыстан 19 команда, яғни 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысты. Жарыс волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, жүзу, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және бильярд сықылды жеті спорт түрінен  өтті.

Жарыстың қорытындысы бойынша 7 спорт түрінен жалпыкомандалық есепте 131,5 ұпаймен бірінші орынға Түркістан облысы әкімдігінің командасы, 122,5 ұпаймен екінші орынға Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің командасы және 116 ұпаймен үшінші орынға Павлодар облысы әкімдігінің командасы ие болды. Біздің өңірдің командасы сапында 43 мемлекеттік қызметші жеті спорт түрі бойынша сайысқа түсті.

Жеке спорт түрлерінен жүлделі орынға ие болған қызметкерлер:

Шалқалап жүзуден I орын (50м) – Арданат Қаратай.

БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы (2022 жылғы республикалық спартакиаданың шалқалап  жүзуден  чемпионы).

Үстел теннисінен II орын – Нұрболат Садырбаев және Ақжарқын Сағынғали. Н. Садырбаев – Жәнібек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы, А. Сағынғали – облыстық қаржы басқармасының бас маманы (Нұрболат Садырбаев – 2022 жылғы республикалық спартакиаданың жекелей сын бойынша  қола  жүлдегері).

Тоғызқұмалақтан II орын (ерлер) – Әсет Шағыров. БҚО жер қатынастары басқармасының бас маманы (былтырғы республикалық спартакиаданың жекелей сын бойынша қола жүлдегері).

Командалық спорт түрлерінен жүлделі орынға ие болған  қызметкерлер:

2-орын – волейбол спорт түрінен.

Команда құрамы:

Аты-жөні Лауазымы
1 Каюпов Тлепберген Ерсайұлы БҚО әкімінің орынбасары
2 Қаратай Арданат Алматұлы БҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бас маманы
3 Рахымғалиев Берік Сергейұлы Казталов аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
4 Бауен Асыланбек Зиенетденұлы БҚО білім басқармасының бөлім басшысы
5 Касимов Артур Батыргерейұлы Казталов ауданының Қараөзен ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы
6 Умбеталиев Азамат

Максимұлы

Ақжайық аудандық мәслихат аппаратының басшысы
7 Биманов Руслан Бірлесұлы Ақжайық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
8 Хайруллин Асылжан Сүйінбекұлы Орал қ. Зашаған кенттік округі әкімінің орынбасары
9 Хайрушев Сұлтан Құмарұлы Бәйтерек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы
10 Аскар Айдос Саттарұлы БҚО қаржы басқармасының бас маманы
11 Хамитов Алмас Темірболатұлы Шыңғырлау ауданының Ақтау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы
12 Шукатова Әсем Мағалімқызы Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы
13 Султанова Қаламқас Сырымқызы Теректі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру, бақылау жұмыстары, мемлекеттік қызмет мониторингі және ақпараттандыру бөлімінің басшысы

Үлкен жетістікке қол жеткізуге барлық қатысушы өз үлесін қосты. Қатысушылардың сандық құрамы келесідей: облыстық басқармалар – 9 адам, Орал қаласы әкімдігі – 9 адам, БҚО әкімі аппараты – 4 адам, Ақжайық ауданы әкімдігі – 4 адам, Казталов ауданы әкімдігі – 4 адам, Бәйтерек ауданы әкімдігі – 3 адам, Бөрлі ауданы әкімдігі – 2 адам, Жәнібек ауданы әкімдігі – 2 адам, Шыңғырлау ауданы әкімдігі – 2 адам, ҚР АШМ, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің БҚО бойынша аумақтық инспекциясы – 1 адам, Бөкей ордасы ауданы әкімдігі – 1 адам, Сырым ауданы әкімдігі – 1 адам, Теректі ауданы әкімдігі – 1 адам.

Облыстың қай ауданында бұқаралық спорт кең қанат жаюда? Ал қай аудандарда бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлінбеуде?

– Қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 270 219 адамды немесе облыс халқының  39%-ын құрайды. Былтыр облыста салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 133 097 адамның қатысуымен 3011 іс-шара өтті. Ал биылғы  І жартыжылдықта біздің өңірде салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 66 844 адамның қатысуымен 1510 іс-шара, соның ішінде ауылдық жерлерде 41 956 адамның қатысуымен 1187 іс-шара  өткізілді.

Жыл басынан бері допты хоккей, волейбол және баскетболдан Қазақстан Республикасының алты чемпионаты, каратэ WKF-тен 1 халықаралық турнир, самбо күресі, көгалдағы хоккей, грек-рим күресінен бес республикалық турнир, байдарка мен каноэ есуден ҚР-ның VI жазғы спартакиадасы  өткізілді.

Енді аудандар бойынша алар болсақ, 2022 жылы спорттық іс-шараларды өткізуде көш бастап келе жатырған аудандар: Бөрлі ауданы – 502 іс-шара, Бәйтерек ауданы – 459 іс-шара, Жәнібек ауданы – 370 іс-шара (Сырым – 306, Жаңақала – 225, Қаратөбе – 185, Шыңғырлау – 135, Бөкей ордасы – 96) және спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруда кенжелеп қалған аудандар: Казталов ауданы – 89 іс-шара, Тасқала ауданы – 86 іс-шара, Теректі ауданы – 79 іс-шара, Ақжайық ауданы – 53 іс-шара.

Ағымдағы жылы облыс бойынша бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау үшін 235 млн 196 мың теңге қаржы қарастырылған. Бұл қаржы түрлі деңгейдегі жарыстар мен көпшілік-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға қажетті төрешілік қызмет, жүлде қоры (медаль, кубок), сыйлықтар, баннерлер мен билбордтар жасау, салтанатты шараларды өткізу шығындарына жұмсалады. Өткен жылы осындай қажеттіліктерге қазынадан 231 млн 518 мың теңге  бөлінген  болатын.

Аудандарда дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамыту, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу бойынша жұмыстарды аудандық спорт клубтарының спорт нұсқаушылары жүзеге асырады. Бөкей ордасы, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау аудандарының ауылдық округтері спорт нұсқаушыларымен толық қамтылса, әлгіндей мамандармен Ақжайық ауданы 33,3%, Бәйтерек ауданы 72,7%, Теректі ауданы 13,3%-ға  қамтылған.

Қаймен Есенаманұлы, келер жылы кезекті жазғы олимпиаданың алауы Фрацияның астанасы Парижде жағылмақ. Төрткүл дүние көз тігетін төртжылдықтың ең басты спорт бәсекесіне облыс спортшыларынан кімдер қатысуы мүмкін? Айтпақшы, ендігі жылы Оңтүстік Кәріс елінің Канвондо қаласында жасөспірімдердің төртінші қысқы олимпиадасы өтеді. Бұл жөнінен біздің жасөспірім-көкөрім спортшыларымыз хабардар  ма

– Спорт жолын таңдаған әр спортшының ең басты арманы – Олимп шыңын бағындыру. Біздің де келер жылы өтетін олимпиадаға қатысатын үміткерлеріміз баршылық. Қазіргі таңда спортшылар лицензиялық және өзге де жарыстарға қатысып, олимпиадаға дейін шеберліктерін шыңдап, тәжірибе жинақтауда. Олимпиадаға қатысушы үміткерлер қатарында Өтепберген Әлиев (ауыр атлетика), Алина Ілиясова (садақ ату), Мария Бровокова (байдарка мен каноэ есу), Даниил Андросов (жүзу спорты), Анастасия Панасович (әйелдер күресі), Шамиль Сагутдинов (садақ ату), Андрей Ергучев (байдарка мен каноэ есу), Иван Матвиенко (академиялық есу), Карина Такиева (дзюдо), Аңсарбек Ғайнуллин (дзюдо), Нұржан Исагалиев (еркін күрес), Даниял Сәбит (бокс), Сабыржан Ақхалыков (бокс), Неля Башарова (көгалдағы хоккей), Виктория Шаймарданова (көгалдағы хоккей), Вадим Белугин (велосипед спорты), Руслан Елубаев (велосипед спорты), Әлихан Мұстафин (садақ ату) бар. Осы спортшылар төрт жылдықтың басты додасына жолдама алады деген үміттеміз.

Жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиада ойындарының іріктеу жарыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шорт-трекшілеріміз – Мейіржан Төлеген, Ерасыл Шыңғысхан, Мерхат Тұрарбеков, Мадияр Мадихов, Санжар Бекежан, Гүлдана Жалмұқан, Мәлика Жолтабар және шаңғышы Дамир Кабикесов сынды спортшылар – аталған жарысқа қатысуға басты  үміткерлеріміз.

Биылғы маусым айында күллі түркі дүниесінің киелі шаһары саналатын Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың алқалы жиынында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі жылы Дүниежүзі-лік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтетінін айта келіп, осы байрақты бәсекеге даярлықты күн санап күшейту қажеттігін тілге тиек етті. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде біздің өңірде ұлттық спорт түрлерінің  жай-күйі нешік?

– Қазіргі таңда ұлттық спортқа бет бұрып жатқан жастардың қатары көбеюде. Жастардың халқымызға ежелден тән төл спорт түрлерін таңдауы, әрине, қуанарлық құбылыс. Қазіргі кездің өзінде облыс спортшылары қазақ күресі, тоғызқұмалақ, ұлттық ат спорты түрлерінен өтіп жатқан ел шемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп жүр. Бүгінгі негізгі мақсат – іріктеу жарыстарына қатысу және жолдамаға қол жеткізу. Осыған дейінгі өткен көшпенділер ойындарына облысымыздан Бекнұр Серіков қатысқан болатын. Бекнұр – ұлттық спорт түрі теңге ілуден биылғы Азия кубогінің жеңімпазы. Теңге ілуден бөлек, аударыспақ спорт түрінен де жолдама алуға  зор  мүмкіндігі  бар.

Жалпы, облыс атлеттерінің бүгінгі даярлықтарын саралай келе, жерлестеріміз келер жылғы жазғы олимпиадаға қоса, дүниежүзілік көшпенділер додасынан да олжалы оралар деген ойдамыз. Тек қай-қайсысы да спорттық жарақаттан аман болғай.

– «Ақжайық» биыл Қазақстан футболының жоғары тобына шыға ала ма? Қаржы-қаражат жағынан клубқа кімдер демеуші болып, барынша қолдау көрсетуде? Балалар футболының облыстағы даму деңгейі сізді қанағаттандырады ма? Балалар бапкерлерінің арасынан кімнің аты-жөнін айрықша атар едіңіз?

– Футбол клубының жоғары топқа шығып-шықпауы, әрине, біздің команданың ойын деңгейіне байланысты деп білемін. Клубтың қаржы-қаражатына тоқталар болсам, «Ақжайық» футбол командасының республикалық және халықаралық турнирлерде тиісті деңгейде өнер көрсете алмауына, былтыр бірінші топқа түсіп қалуына байланысты, биыл клубқа бюджеттен 400,0 млн теңге бөлінді. Клуб бюджетінің қысқаруына ықпал еткен жағдайлардың бірі – балалар-жасөспірімдер футболын дамыту мақсатында «№1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі» МКҚК жанынан футбол бөлімі ашылды. Қазіргі кезде ашылған бөлім өз жұмысын жүйелі жүргізуде.

– Өзіңіз биыл ардагерлер арасында самбодан Азия чемпионы атандыңыз. Жеңісті жолды жалғастыра бермек ниеттесіз бе? Әлде самбошының күртесін біржола шегеге ілетін кез келді ме?

– Бала кезден спортты серік еттім. Болашағымды спортпен байланыстыратыныма да сенімді болдым. Спорт жолын таңдап, спорт саласында қызмет атқарып жүргенім үшін өкінбеймін. Спорт маған көп дүниені үйретті. Соның бірі – темірдей тәртіп. Тәртіпке бағынған адам өзіне сенімді әрі оның ісі өнімді, нәтижелі болады. Менің ыңғайыма келген спорт түрі – күрес. Бұл спорт түрінен жеткен жетістіктерім, шүкір, баршылық. Ал бозкілемнен біржола кетіп-кетпеуім келер уақыт еншісінде. Бір әттеген-айы, уақыттың тапшылығынан залға күнделікті барып тұру мүмкін емес. Бірақ салауатты өмір салтын ұстанып, өзгелерге спортты, әсіресе бұқаралық спортты жеке өнегеммен насихаттауды жалғастыра бермекпін.

– Сіздің әдеби кітапты тұрақты оқитыныңыздан хабардармыз. Соңғы кездері қандай кітап оқыдыңыз және үшбу кітаптан алған әсеріңізді әңгімелеп берсеңіз?

– Адамның тұлға болып қалыптасуына зор септігін тигізетін дүние – кітап, яғни көркем әдебиет. Қазіргі технологияның дамып жатқан жаһандану заманында кітап оқуға деген қызығушылықты жоғалтпаған дұрыс. Сол себептен уақыттың тығыздығына қарамастан, қолыма кітап алып, өзімді рухани байытып отыруға тырысамын.

Бүгіндері қатардағы бапкерліктен Мәдениет және спорт министрінің орынбасарына дейін көтерілген Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, елімізге еңбегі сіңген бапкер, жерлес ағамыз Тастанбек Есентаевтың «Менің Олимпиада күнделігім» атты кітабын оқудамын. Самбодан спорт шебері, кикбоксингтен қара белбеу иесі, кикбоксинг пен тай боксы бойынша халықаралық дәрежедегі төреші Тастанбек ағамыз өзінің аталмыш кітабында спортшының қиындық пен құла бейнетке толы тыныс-тіршілігі, атлеттің жеңісі мен жеңілісі, сүйініші мен күйініші туралы  шынайы баяндайды.

Сұхбаттасқан: Бауыржан Әлжан,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале