5.09.2022, 22:57
Оқылды: 156

Қайтқан жерде қайыр бар

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өңір аумағындағы жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі бойынша кеңес өтті.

ea15695b-ee9c-4733-b91a-af1b715efcb7

– Жер ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалану үшін және ауылдағы төрт түлік малды жаю үшін жайылым алқаптарымен қамтамасыз ету мәселелері өзекті екені белгілі. Қазақстан Республикасы Президенті биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында игерілмей жатқан және заңсыз рәсімделген жер учаскелеріне қатысты шараларды күшейтуді тапсырды. Облыс бойынша бұл бағытта жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде және бақылауда, – деді жиынды ашқан облыс әкімі.

35099310-bf59-4167-af6e-3c461946d2a4

Жиында айтылғандай, ағымдағы жылы заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізіліп, бақылау функциялары әкімдіктерден алынып, орталық уәкілетті құрылымға қайтарылды. Осыған орай облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев жер ресурстарын тиімді пайдалану бағытында облыс көлемінде атқарылған жұмыстар жайын баян етті. Баяндамашы жер телімдерін пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекет тарапынан заңнамаларды жетілдіру, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануына бақылауды күшейту, елді мекен жерлерін қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету, жерлерді шаруашылық айналымға тарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып отырғанын жеткізді. Облыс аумағы 15 млн 133 мың гектарды құраса, соның ішіндегі елді мекен жерінің ауданы – 2 млн 288 мың га. Елді мекен жері көлемінің 93%-ы немесе 2 млн 129 мың гектары жайылымдық болғанымен, мал басының көбеюіне байланысты кейбір елді мекенде жайылым жетіспеушілігі байқалады.

b8d4d08a-fabf-4f1f-a513-6300fe38a3bc

– Ел Президентінің жайылымдарды ауыл халқына қайтару жөніндегі тапсырмасына орай елді мекендерді жайылымдармен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы құрылымдармен бірқатар жұмыс атқарылуда. Облыс бойынша жалпы көлемі 249 514 га жайылымдық және шабындық жер учаскелері резервке қойылды (Жаңақала, Қаратөбе, Жәнібек, Бәйтерек аудандарында). Жалпы көлемі 547 га мәжбүрлеп иеліктен (Орал қаласында, Бәйтерек ауданында) шығарылды. Ауылдық округ әкімінің аппараттарына 4 356 га тұрақты жер пайдалануға (Тасқала ауданы бойынша) берілді. Сондай-ақ 27 мың 570 га құрайтын жайылым жер учаскелері елді мекен жерінің санатына (Теректі ауданында) ауыстырылды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жергілікті атқарушы құрылымдар елді мекендерді жалпы көлемі 282 мың га құрайтын жайылымдық және шабындық алқаптармен қамтамасыз ете алады, - деген Мұрат Аманкелдіұлы бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын айтты.

Кеңесте мәлім болғанындай, облыс бойынша 2019-2021 жылдары игерілмеген 1 млн 193 мың гектар шамасындағы жер телімдері анықталса, оның 225 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 739 мың гектарды құрайтын жер телімдерінің иелері жерді мақсатына сай игеруге кірісті. 2022 жылғы 1 қаңтарынан бастап бақылауды күшейту мақсатында аумақтық бөлімшелерін құра отырып, жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функциялары қайта орталық уәкілетті құрылымның ведомствосына қайтарылды. Қазіргі кезде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тексеру және мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен жүзеге асырылуда. Биыл Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тексеру жүргізуге тыйым салу туралы Жарлығына өзгерістер енгізіліп, енді оларға тексеру жүргізуге мүмкіндік берілді. Осыған орай ағымдағы жылы қалалық және аудандық жер қатынастары саласындағы уәкілетті құрылымдар жерлерді тексеру жұмыстарын жалғастыру, одан әрі бақылауды күшейту, тексеру амалдарын жүргізу үшін пайдаланылмай жатқан 305 мың гектар құрайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің құжаттарын облыстық департаментке жолданды.

– Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке және әкімдіктерге игерілмей жатқан және заңсыз табысталған жер учаскелерін қайтарып алу бойынша тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. 2023 жылдың соңына дейін еліміз бойынша 10 млн гектарды, жыл соңына дейін 5 млн гектарды қайтару жоспарланды. Облыс бойынша жыл соңына дейін 250 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып отыр, – деді аталмыш М. Өмірәлиев.
Жерді ұтымды пайдалану мониторингін қазіргі таңда ғарыштық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында облыс аумағында геоақпараттық портал жұмыс жасауда. Өтініш берушілер мен мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері арасындағы байланысты төмендету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеу мақсатында 2021 жылы Орал қаласы, Бөрлі ауданының және Бәйтерек ауданының орталықтары бойынша барлық мүдделі ұйыммен жер учаскесін таңдау актісін келісудің аутоматтандырылған рәсімі енгізілді. Нәтижесінде үш аудан орталығы бойынша электронды келісім беру рәсіміне 24 мекеме қосылды. Қазіргі уақытта 1 474 жер учаскесін таңдау актісі электронды түрде келісілді. Биылғы жылдың өткен мерзімі ішінде 10 аудан орталығында (Ақжайық, Тасқала, Казталов, Жаңақала, Жәнібек, Бөкей ордасы, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары) мүдделі ұйымдармен жер учаскесін таңдау актісін келісу рәсімін аутоматтандыру бойынша жұмыстар жалғастырылуда.

Ағымдағы жылы аудандық жергілікті атқарушы құрылымдармен 32 конкурс өткізіліп, нәтижесінде 158,8 мың гектарды құрайтын 250 жер учаскесі табысталды. Сондай-ақ 18,4 мың гектарды құрайтын 39 жер учаскесін табыстау бойынша алты конкурс өткізу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді экономикалық айналымға конкурстар арқылы енгізу ауыл шаруашылығының дамуына оң септігін тигізуде. Биылғы жылдың өзінде жаңа 134 агроқұрылым құрылды, өткен жылғы мал басы көрсеткішімен салыстырғанда мүйізді ірі қараның саны 20%-ға, қой-ешкі 24%-ға, жылқының жалпы саны 13%-ға көбейді. Сондай-ақ егіс көлемі 3,3%-ға ұлғайды.
Жиын барысында облыс әкімі өңірде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерінің көлемін нақтылап сұрады.
- 2019-2021 жылдары 1 млн 193 мың гектар игерілмеген жер анықталса, биылғы жылдың ішінде ғарыштық мониторингтік әлеуеті негізінде және атқарушы құрылымдардың жұмыстарымен пайдаланылмаған 305 мың гектар жер анықталды. Жыл соңына дейін болжам бойынша 170 мың гектар жерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жерді игермеген жер пайдаланушылардың баршасының тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады, – деді Мұрат Өмірәлиев.

Кеңесте пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қатысты қабылданып жатқан шаралар жөнінде облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Тахир Нұрахметов баяндады. Баяндамашының айтуынша, жыл басынан бері 252 субъектіге ауыл шаруашылығы мақсатында беріліп, пайдаланылмай отырған 305 мың жер учаскелері анықталды. Түсінік жұмыстарының нәтижесінде 101 субъекті 147962 гектар жерін қайта игеруге кірісті. Он субъект 13 030 гектар жер учаскелерін өз еркімен мемлекетке қайтарған. Алты субъектіден 8 мың гектар жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы департаменттің талап-арызы негізінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімдері шықты. 55677 гектар жер учаскесіне тексеру жүргізіліп, жер телімдерін тиімді, мақсатқа сай пайдаланбаған 27 субъектіге бір жылға нұсқама берілді. Департамент 108 субъектісінің 80074 гектар жер учаскесіне тексеру жүргізу үшін хабарлама табыстау жұмыстарымен айналысуда. Облыс бойынша 250 мың гектар пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы 2022 жылға арналған жоспар бекітіліп, аудандарға жолданды.

– Өткен сегіз айдың қорытындысында игерілмеген 305 мың гектар жер анықталды. Жылдың соңына дейін тағы 170 мың гектар жер анықталады деп болжануда. Сонда жыл бойынша жарты миллион гектар пайдаланылмаған жер анықталады. Осы бағыттағы қарқынды жұмысты жалғастыруымыз керек. Жерді пайдаланбай отырған азаматтардың, шаруа қожалықтарының, ЖШС-лардың тізімдерін БАҚ-тарға береміз. Сондықтан жер иелері мен жалға алушыларға осы тізімге кіргілеріңіз келмесе, тексерісті күтпей, жерді игеруді бастаңыздар немесе мемлекетке кері қайтарыңыздар. Аудандарда ауыл шаруашылығы мақсаттағы бос жатқан жерлердің тізімі анықталды. Енді кәсіпкерлер конкурсқа шығарылған сол жерлерді геопорталдан көре алады. Жер комиссияларының жұмыстарына сын көп айтылады. Жер комиссияларының жұмыстарын ширатуды Президент те тапсырды. Жер комиссиясының рәсімдеріне қатысты өзгерістер енгізуге ұсыныстар беруіміз керек. Жер беру рәсімдерін оңтайландыруға келсек, Орал қаласында жер телімдерін алған кезде, коммуналдық мекемелер мен басқа да мекеме-кәсіпорындар өз келісімдерін 100% электронды түрде береді. Мұндай үрдіс барлық ауданда болуы тиіс. Қайтарылған немесе игеріле бастаған жерлерді тиімді пайдалану маңызды. Соңғы үш жарым жылдың ішінде 1 млн 400 мың гектар шамасындағы игерілмеген жер көлемі анықталды. Қайтқан жердің қайырын көрудеміз. Мысалы, мал саны 20 пайызға көбейіп, дәнді және майлы дақылдар егістігінің көлемі бес пайызға ұлғайды. Тұрақты суармалы жерлердің көлемі 700 гектарға ұлғайды. Бұл – жақсы нәтиже. 1000 гектар жайылымдық жерде шамамен 140-150 ірі қара малды ұстауға болады. Егер ол егістік жер болса, онда 120-140 млн теңге табыс табуға мүмкіндік бар. 1000 гектар жер кем дегенде 5-6 адамды асырайды. Бізде қағаз жүзінде иесі бар, бірақ пайдаланылмай жатқан 1 400 000 гектар жер анықталып отыр. Игеруге болатын жерлерді тиімді пайдалануымыз керек. Өйткені сол игерілмеген жерлер азаматтардың нақты табыс табатын нысандарына айналуы тиіс, – деп басқосуды қорытқан өңір басшысы тиісті мемқұрылымдарға тиісті тапсырмалар берді.

Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале