8.02.2024, 10:00
Оқылды: 135

Қайтпас Қайсар ғалым туралы хикая

Жәлиттің Қайсары бала кезінде күрмеуі көп, қиындығы мол ғылым жолына түсерін бағамдаған жоқ. Өзі құралпы балалар секілді техникаға, спортқа әуес боп өсті. Физика, математика пәндерін есі кетіп оқитын. Кеңестер одағы тұсында ауыл-аудандарда радиотораптардың радиолары көшелерде самбырлап тұратын. Әкесі Тасқала ауданындағы Екінші Шежін ауылындағы сондай торапта жұмыс іс­теді, анасы телефонист болды. Құлыншақтай құлдыраңдап, еліктеп өс­кен ағасы Әбілтайдың Қазанға оқу­ға барамын деген ойын үйдегілер құптамады. Ол екі жыл бойы дайындалып, институттан келген тапсырмаларды орындап жүрген-ді. Оң мен солын танымаған бозбаланы «Тума-туыс жоқ бейтаныс елде, бөтен шаһарда қиналып қаларсың? Жасарып келе жатқан жоқпыз. Одан да елге де, бізге де пайдаң тиетін дәрігер бол», – деген әкесі тұңғышын Ақтөбенің медициналық институтына баруға көндіреді. Одан кейінгі әпкесі Гүлнәр Оралдағы ауыл шаруашылығы институтының бухгалтерлік есеп мамандығына оқуға түсті. Қарындасы Гүлбану да Әбілтай ағасының жолын қуып, Ақтөбенің медициналық институтын бітірді. Бүгіндері ол – жоғары санатты аллерголог-дәрігер. Кенже қарындасы Эльмира әпкесі Гүлнәрдің ізінше бухгалтерлік есеп мамандығын оқыды. Анасы марқұм Ақзиба Сапарғалиқызы әнді сызылтып, әуезді дауыспен айтатын. Эльмира да сол ғазиз жанға тартқан өнерлі, өткен жылы Мәскеу қаласына Андрей Малаховтың «Песни от всей души» деген хабарына қатысып, ән салып көпшілікті сүйсінтіп келді.

78e3ec65-395f-47e0-94e9-83d366493d95

Ол кезде жоғары оқу орнына екінің бірі түсе бермейтін. Мектеп бітірген 30 адамның екі-үшеуінің ғана бағы жанып, студент атанатын. Комсомолдық шопандар бригадасында және өндірісте еңбек еткендерге, әскер қатарынан келгендерге, дайындық курсында оқығандарға басымдық берілетін.  Әкесінің досы ветеринар еді. Ауыл арасында беделді-тұғын. Соның жолын қуса, жаман болмайды әрі ауылға керек мамандық деген әке­нің бірауыз сөзі болашақ мамандығына қатысты әңгімеге нүкте қояды. Қарашаңырақта әкенің айтқаны балалары үшін заң болатын. Қайсар 8-сыныпта Алматыдағы зооветеринарлық институтқа хат жазып, тапсырмаларын алып, ветеринария мамандығына оқуға түсуге дайындалды. 1978 жылы мектеп бітіріп, Алматыға барып, институттың жатақханасына орналасады. Бірінші сабақ биологиядан ауызша емтиханды «беске» тапсырады.

– Келесі емтихан физикадан болды. Ассистент аудиторияны аралап, қарап жүрген. Бір кезде менің қасыма келіп, жазғанымды үстімнен төне түсіп, оқыды. Содан соң: «Жү­ріңіз комиссия төрағасына», – деді. «Жауап беруге кезегім келмеді, төрағаға неге апарасыз?» деп шошып кеттім, жүрек шіркін атойлап қоя берді. Төрағаға сүйрелеп алып келді. Жылауға шақ тұрмын. Төраға маған қарап қолын созды.  Оның жауап жазған парақшамды сұрап тұрғанын қайдан білейін, амандасқалы тұрған шығар деп қолын қысып, сілкілеп жатырмын. Комиссия мүшелері күлкіге қарық болды. Ассистент әйел: «Профессордың қолын алып жатырсың, болашақта профессор боласың», – деді жымиып. Төраға қай жақтан келгенімді сұрады. Жазғанымды қарап: «Жауаптарың төрт пен бестің арасында. Сондықтан қосымша сұрақтар қойып, бағаңды нақтылаймыз, сабырға кел», – деді жылы­ұшырап. Тұрақты температурадағы газ көлемі мен қысымының арасындағы байланысты анықтайтын Бойль-Мариот заңы туралы сұрады. Тағы бір сұрақ қойды. Қабылдау комиссиясының төрағасы жауаптарыма риза болып, батыстың жігіттері білімге құштар, келешекте жақсы студент атанып, болашағыңды ғылыммен байланыстырарсың деп ынталандырып қойды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, профессор боласың деген сөз көкейімде жатталып қалды. Бүгінде ветеринария ғылымдарының докторымын, әлі күнге сол шуақты сөзді, абзал жандарды есіме аламын, – деп толқи сөйледі ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Көшәлиев.

Қайсар Көшәлиев2

Кейіпкеріміз 1983 жылы соңғы курста жүріп үйленді. Сүйген қызы Кәмиланың әке-шешесі қайтыс болып, бойжеткен Шыңғырлау ауданынан Өзбекстандағы Гагарин қаласында тұратын үлкен әпкесі Сәнияның қолына барып, Ұратөбе деген қаладан бухгалтерлік курс бітірген. Кейін Алматыдағы Толқын апасының үйінде тұрып, жұмыс істеп жүрген кезі еді. «Үйдегілерге қоңырау шалып, үйлене­тінімді айттым. Әкем қыстың көзі қырауда, ту-у Өзбекстанға малды тастап бара алмайтынын жеткізді. Өзің құда түсіп, келінді өзің алып кел деп рұқсатын берді. Жаспыз, ештеңені уайымдаған жоқпын, құда түсуге Ұратөбеге жетіп бардым. Сәния апа тума-туыс, көрші-көлемін жинап, дастарқан жайды. Кәмила екеумізді ортаға отырғызды.  Құда да, құдағай да, болашақ күйеу де – өзім, әңгімені әкемнің рұқсатымен құда түсуге келгенімнен бастадым. Бажам Шымкент жақтың жігіті еді, астарлап сөйлейтін. Ал мен орысша оқығанмын, не айтқысы келгенін түсінбедім. Содан не керек, қыз жағы менен қалыңмал сұрады. Ол жақтың салты – сондай. Кәмилаға айтсам, ол да орысша оқыған, «Я дойная корова что ли?» деп ал кеп жыласын. Алматыға жеткен соң, өзіміз үйленіп аламыз деп әрең жұбаттым. Қалыңмал беретін қалтам жұқа, содан кері қайттық. Алматыда шағындап той жасамақшы боп жүргенбіз. Бір күні Сәния апа мен бажам Тұрғанбек кеп қалды. Той жасамақшы боп жүргенімізді біліп, көмек қолдарын созды. Бажам қаржы құрылымдарын тексеретін орында қызметте еді, жылқы, қой әкеп сойды. Курстастарымды шақырып, тойды дүркіретіп жасадық. Жазда әке-шешем ауылда той жасады. Сонда бірге келген Тұрғанбек ағам: «Мына Қайсардан қалыңмал алайын деп әрі-бері айналдырсам да, түк шықпады, қайта өзім екі есе шығындандым» деп жұртты күлдіртіп еді.  Онымен аға-іні боп сыйластық, бір жыл турасында өмірден өтті жарықтық. Қайын апамыз ақын Сырбай Мәуленовпен көрші тұрды. Тұңғышым дүниеге келгенде Сырбай аға шілдеханаға зайыбымен келіп, ұлымның есімін Дәурен деп қойды. Ақ батасын берді. Еһ-һ, ол да бір дәурен еді, шіркін!» – деп өміріндегі жанды жылытар сәттерді еске алды Қайсар Жәлит­ұлы.

Оқу орнын бітірген соң, Отар ғылыми-зерттеу институтына (қазір биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ҒЗИ) жолдама алды. Баспана берілмейтін болған соң қызметін тастап, туған жерге оралды. Оралдағы Бортау (Меловые горки) кентіндегі ауыл шаруашылығы институтының оқу-тәжірибелік шаруашылығына бас мал дәрігері болып қызметке тұрды. Ауылдан ескі пәтер бұйырды. Шаруашылықтағы сүтті 300 аналыққа өзі дәрігер әрі санитар болды. Сөйтіп, тәжірибе жинақтады. Ветеринария факультетінің басшылығы қызметіңізді жақсы атқарсаңыз, аспирантураға жолдама береміз деп көп үміттендірді. Оқу-тәжірибелік шаруашылықтың директоры оған өзінің зоотехниктік міндетін де жүктей беретін. Қазан қаласындағы Н. Бауман атындағы мемлекеттік ветеринарлық академияның аспирантурасына оқуға баратынын жасырып, әскери комиссариатқа керек деп мінездемесіне қол қойғызып алады. Өндірісте кісі жоқ деген сылтаумен оқуға жібермей тастайды деп қорықты. Татар­станнан оқуға шақырту алғанында нәсілі бөтен басшысы: «Тебе куда? Таких как ты не берут в аспирантуру», – деп қағазын лақтырып тастай салды. Заңгерден кеңес алып, оқуға жібермеуге қақы жоқ дегенді естіген қайсар жанды нендей пәрмен тоқтатсын?! Аспирантураға емтихан тапсырамын деп өтініш жазып, Қазан қайдасың деп кете барады.

Емтиханда теориядан гөрі тәжірибеге көңіл бөлінді. Аналыққа кесарь тілігі отасын жасағанмын. Ол кезде шаруашылықтарда мұндай оталар жасала бермейтін. Соны әңгімелеп едім, комиссия мүшелері ықылас қоя тыңдады. Ағылшын тілінен соңғы емтиханда жұмыс орнымнан телеграмма келді. Онда мені кері қайтаруды, теріс мінездеме беретінін жазыпты басшымыз. Сұранбай кетті деп жасаған қи­тұрқылығы. Комиссиядағылар не бүлдіріп едіңіз деп сұрады. Болған жағдайды айтуға тура келді. Академияға зертханашы болып қызметке қалыңыз деген ұсыныс айтылды. Баспана беріледі, кандидаттық минимумдарды тапсырасыз десті.  Қалмадым, көңіл күйім түсіп, Оралға қайтып келдім. СХИ-дың басшылығына кіріп, қызметтен босату туралы арыз жаздым. Ауыл шаруашылығы техникумындағы ветеринария бөлімшесіне қызметке тұрдым. Күзде студенттермен бірге Жаңақала ауданына құрылысқа жұмысқа барып келдім. Одан келісімен кабинет меңгерушісі етіп қойды. Көп ұзамай СХИ-дағылар мені өздеріне қызметке шақырды. Техникумдағы ветеринария бөлімшесінің меңгерушісі Жанат Ерғалиева: «Жассың, саған өсу керек» деп ақыл-кеңесін берді. Аспирантураға барам дегелі үш жыл өтіп кетті. Тағы хат жазып, аспирантураға емтихан тапсыруға шақырту алдым. Алғаш рет Қазанға оқуға келгенде патологиялық анатомия факультетінің деканы болған Ғазим Идрисов академияның ректоры қызметіне жоғарылапты. Емтиханда танып, қолдады. Патанатомия мамандығына қабылдандым. Академияның проректоры, ветеринария ғылымдарының докторы Марат Сафин туберкулездің патоморфологиясы деген тақырыптағы диссертациялық жұмысыма жетекшілік жасады, – дейді ғалым.

Мықты ғалымдардың, жақсы адамдардың жанашырлығын, қамқорлығын көрген Қайсар Жәлит­ұлының өзі де қызмет барысында жастарға жөн сілтеп, қамқорлық танытумен келеді. Шәкірт тәрбиеледі. Күні ке­ше Пайғамбар жасына келдім деп дастарқан жайғанда өзге қонақтармен бірге шәкірттері де көп келді. Сырымдық Тілек деген бір шәкірті (қазір Теректі ауданында ветеринария бөлімінің басшысы) үйленерде ғалым ағасының бас құда болып барғанын еске алып, алғыс айтты. Шымкенттің тумасы Серік Әлімбеков (Оралдағы колледждердің бірінде директор) есімді жасқа ту-у-у, Қазан қаласынан келін әкелуге құда болып барғаны да айтылды. Құрдастары: «Бәріне қалай үлгергенсің? Жастарды оқытып, ғылымға баулып қоймай, оларға келін де әперіпсің ғой» – дейді қағытып... Қиналған жандарға, ауылдастарына қолұшын созу, жабырқап, жүдегенді жұбатып, көмектесу оның қанында бар қасиет. Оны студенттері, ізіне ерген шәкірт-ғалымдар, ауылдастары біледі. Ветеринария ғылымында өзіндік із қалдырды. Жарияланымдары 240-тан асады, 4 монографияны, 10 оқу құралын, 3 электронды оқулық жазды, 6 патенті бар, қала берді 9 мақаласы Thomson Reyters, Scopus мәліметтер базасына енгізілген. Кезінде ветеринарлық факультеттің деканы, биотехнология және табиғатты пайдалану институтының директоры, «Agrotechhab» жобалық кеңсесінің басшысы болды, бүгінде ветеринарлық клиникалық ғылымдар мектебінің жетекшісі қызметін абыроймен атқаруда. Соңғыда тиісті министрліктің гранты бойынша Жайық популяциясы киіктерінің гельминтоздарын диагностикалаудың кешенді әдістері, алдын алу шараларын құру жобасына ғылыми жетекші болды. Ғылым жолындағы қажырлы еңбегін «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері мен басқа да марапаттары айшықтай түседі.

Ортасына сыйлы, қарапайым, өзгеге деген ізет-құрметі, мейірімі арнасынан асып-тасыған өзендей сезілетін Қайсар Жәлитұлы жары Кәмила екеуі алтын асықтай қос ұлды білімді азамат етіп тәрбиеледі. Қазіргі кезде ата-әже атанып, ұрпағының қызығын көріп отыр. Дәурені Алматыдағы азаматтық авиация академиясын, одан кейін Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университеттің машина жасау факультетін бітірді. Әке өнегесімен ғылым жолына түсті.  Амортизаторларды қайта қалпына келтірудің әдісін ойлап тапты. Осы жаңалығымен Білім және ғылым министрлігінің қомақты грантын ұтып алды. Қазір Астанада отбасы­мен тұрады. Ғалымның кенжесі Дидар Ресейдің Самара қаласындағы Поволжье мемлекеттік телекоммуникациялар және ақпараттар университетін бітірді. Бүгіндері Атыраудағы «Шеврон» компаниясында инженер-жобалаушы болып еңбек етуде. Жақсылардың ішіндегі жайсаңы, ғалымдардың ішіндегі қажымас қайраттысы Қайсар Жәлитұлының үлгі-өнегесі кейінгі толқынға жұғысты болсын дейміз.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале