11.02.2026, 9:15
Оқылды: 55

Қайырымдылық – қанымызға сіңген қасиет

Біз сонау 70-ші жылдары мектеп бітіріп, кейін Алматыда оқыдық, студенттік шақтарды бастан кештік. Бүгінде сол жылдарға көңілдің көк дөненімен жиі саяхаттап, сағы­нып отыратын жастамыз. Сондайда маған ол жылдардағы адамдар, адами қарым-қатынастар ерекше ыстық көрінеді де тұрады. Бөлек, шынайы, таза еді. Ал бүгінгі заманда адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынас суып, үлкен-кіші қалайда пайдаға, ақшаға, байлыққа ұмтылған жанталас басталып кеткендей. Ол кезде «Адам адамға дос, бауыр, жолдас» деген қағида бәрінен биік тұратын. Бір-біріне көмек көрсетуге, достыққа ұмтылатын. Төмендегі әңгімемде өз басымнан өткен бір жайт соған дәлел болатындай. 

WhatsApp Image 2026-02-05 at 10.59.11

Алматыға оқуға дос қызым Нәбия екеуміз «Первомай» кеңшарынан бірге аттандық. Ол Қазақ мемлекеттік университетіне (КазГУ-ге) оқуға  талаптанып барады. Мен баяғыдан дәрігер болсам деп армандаушы едім. Сондықтан көздеп келе жатқаным – Алматы мемлекеттік медицина институты. Екеумізді Алматыға бізден бір жыл бұрын барған, ауылдасымыз Айман қарсы алып, нағашысының үйіне алып келді. Жеңгесі қаталдау ма, әлде келген-кеткен адамды жақтырмайтын кісікиік адам ба екен, әйтеуір, бізді онша ұната қоймады. Ауылдың баласы болсақ та, оны қарс түйілген қабағынан байқадық. Қателеспеппіз, жеңгей бізге бір күнге ғана қонып шығуға рұқсат берді. Екінші күні ауылдың қыздарының жалдамалы пәтеріне уақытша орналастық. Айман бізге барынша көмектесіп, құжаттарымызды аяқтай жүріп тапсырды. Ең соңында  жатақханаға қалай баратынымды, қай жерден түсетінімді тәптіштеп түсіндіріп, трамвайға мінгізіп жіберді. Трамвай деген көлікке тұңғыш  мінуім, салдырлап,  ұрып келеді, ішімнен «кішкентай пойыз сияқты екен» деп таңқалып қоямын. Қолымда нән шабадан және одан да кем емес созылмалы торшасетка, өздері зілдей, іштеріндегі заттарымның дені – кітаптар. Есік алдында түсуге оңай болсын деп жақын тұрғанмын, біреу жолды бөгеп жатқан ауыр шемоданымды әрі апарып қойыпты. Адам иін тіресіп тұр, шығатын аялдамам келіп қалып, шемоданымды сүйрелеп, есікке жеткенше трамвай жүріп кетті. Сол асқаннан мол асып,  шығатын жерімнен зытымға  барып түстім. Енді қалай, қайда барамын, білмеймін. Кездескендерден сұрасам, иықтарын қиқаң еткізіп, өтіп кетеді. Такси ұстаудың да ретін білмеймін. Мирзоян көшесімен 182-үйдің қасына келіппін. Ал мен бұл көшенің басына баруым керек. Қолым талып, әбден шаршадым. Қарным аш, шөлден қаталап барамын. Тротуармен жүрсем, қайдағы бір жігіттер тиісе бастады. Сосын ұзын жолдың қақ ортасына түсіп алып, ілбіп келемін, жан-жағымнан машиналар зулап өтіп жатыр. Қас қарайып, қараңғылық түсе бастады, мен әлі жүріп келемін. Бір кезде қолында нан, сүт салған ашық торшасы бар ағай: – Бантигі желбіреген қарындасым, (шынында да бантигім бар болатын) адасып жүрсің бе, квартира тауып берсем, төлейтін ақшаң бар ма? – дейді. Қуанып кеткенім сонша: – Ағатай, адасып кеттім, ақшам бар, квартира тауып беріңізші?.. – деп әлгі кісіге жыларман болып жабыса кеттім.

– Қанекей, ең ауыр затыңды маған бер. Шемоданымды қолына ұстаттым.

– Апырмай, зілдей ғой, мынаның ішіне тас салып қойғансың ба?

– Жоқ, ағай, кітаптарым ғой...

– Алматыға жалғыз келгенің қалай, ата-анаң бар ма, біреуі неге әкеліп тастамаған?

– Әке-шешем бар, бәрі жұмыста. Директор жұмыстан босатпады...

– Өзің пысық қыз екенсің, мен де сен сияқты баяғыда Алматыға жалғыз келгенмін. Осылай адасып жүргенімде бір ағай кездесіп, үйіне алып барды. Қондырды, келесі күні документтерімді институтқа тапсыруға көмектесті. Бүгінде архитектормын әрі институтта сабақ беремін.

Осылай әңгіме соғып, ағайдың үйіне келдік. –  Жеңгең балаларыммен Қызылордасына төркіндеп кетті. Қысылма, бүгінше осында боласың, ертең институтыңды тауып аласың, – дей жүріп, ағай шай әзірледі. Шайға қанып, тамаққа тойып алдым. Есіней бастағанымды байқап қалса керек, «Қазір балаларымның бөлмесіне төсек салып беремін, әзірше залға отыра тұр» деп ағай бәйек болып жүр. Залдың қабырғалары толып тұрған кітап. Біздің ауылдың кітапханасындағы (олардың бәрін мен оқып тауысқанмын) кітаптардан көп сияқты деп  шамаладым. Есім кетіп қарап жүрмін. Төсегімнің дайын  екенін айтқан ағай дәретхананы көрсетіп, «Ертеңге дейін  сау бол, демал!» деп өзінің бөлмесіне кетті. Бір үйдің ішінде тұрып, «Сау бол!» дегеніне таң қалдым. Біз ауылда өскендерміз, үйдің ішіндегі туалетке қалай барамын деп ұялсам да, ол шаруаны реттеп, төсекке қисайдым. Мына ағай ұзын бойлы, жүзі қаталдау, кең маңдайлы, бұйра шашы селдірей бастаған кісі екен. Үш бөлмелі үйде оңаша екеніміз енді есіме түсіп, біртүрлі қорқа бастағандаймын ба?.. Комсомол билетім мен паспортымды, аттестатымды бөлек алып, жастығымның астына тықтым. Ақшамның бәрін шемоданыма салып, оның аузын кілттемей, бөлмеден шығарып қойдым. Жатардың алдында ағайға Айманның телефонын бергенмін, ол кісі сөйлесіп, досым таңертең келіп, алып кетемін депті. Жастыққа басым тиген бойда қатты шаршағанмын ғой, сеспей ұйықтаппын. Таңертең бетіме терезеден түскен күн сәулесінен оянып кеттім. Сағат 11 болған, ағай менің тұрғанымды сезсе керек, есікті тықылдатып жатыр.

– Да, да, – дегенімді естіп, есікті жайлап ашқан ағайдың басы көрінгенде «Сәлем бердік!» – дедім. Оныма ағай мәз болып күліп:

– Батыстың қыздарының әдеті осылай сәлемдесетін. Жүр, жуын, таңғы шайыңды іш, – деді. Сүтке ботқа пісіріп қойыпты, бұрын мен көрмеген тоқаштар мен тәттілер толып тұр дастарханда. Интернатта жатып оқыған біз жау қуып келе жатқандай тез тамақтанатынбыз. Ән сағатта кашаны тауысып, үш-төрт тоқаш пен тәттіні жеп, тыңқиып алдым. Бір кезде дәлізде тұрған телефон шылдырлап қоя берді. Ағай барып біреумен сөйлесе бастады. Сірә, жұмыс орнынан хабарласқан ғой, ағай жұмысқа кешігіп жатқанының себебін айтты. «Ауылдан оқуға келген қыз бала көшеде адасып жүр екен, үйге әкеліп, қондырдым. Ұйқыдан жай тұрды, қазір шайын бергесін барамын» дегені маған апанық естілді. Мәссаған! Ағайды жұмысынан қалдырғаныма кешірім сұрап жатырмын. Сосын ас қайтарып, ағайға рақметімді айтып, әжемнен үйренген батамды бердім. «Даланың, ауылдың исі аңқып тұр!» – деп ағай әрі мәз, әрі риза. «Айналайын, оқуыңа түсіп кет, бақытты бол!» – деп мені жатақханаға  апарғалы жиналғанда Айман  да жетті таксилетіп. Оны оңашалап, бір қолымда бес, екінші қолымда он сом «Ағайға қанша берейін?» десем, ол «Өй, есің дұрыс па, бір түнге бола он сом беремін дегенің не, бір сом бер, жарайды!» – деп ұрысты. «Қалай бір сом беремін, ұят қой», деп жатқанымда ағай естіп қойған ғой, «Әй, айналайындар-ай, ештеңенің керегі жоқ, кеше ойнап айтқанмын, аман болыңдар! Ал сен ештеңеден қорықпайтын, батыл әрі пысық қыз екенсің, осы бетіңнен тайма, оқуыңа міндетті түрде түсесің», – деп ағалық батасын беріп, бізді  шығарып салды.

Алға озыңқырап айтайын, бірінші курстың қысқы каникулына ауылға барғанда осы оқиғаны анама жыр қылып айтып бердім. Марқұм анамның танымайтын, көрмеген-білмеген сол азаматқа көшеде шемоданын сүйретіп, адасып жүрген торғайдай қызына жасаған жақсылығы үшін айтқан алғысы мен Алла разы болсынын мен қазір жеткізіп айтып бере алмаймын. Қатты риза болған анам сонда соғымнан сыбаға-сәлемдеме деп қазы-қарта, май мен құрт беріп жіберді. Мен анамның сол сәлемдемесін жеріне жеткізіп орындай алмағаныма әлі күнге өкінемін. Екі рет бардым. Үйде ешкім болмай, сағаттап күтіп отырамын. Көршілерінің есігін қақсам, ешқайсысы ашпады. Сабақ ауыр, уақыт жетпейді. Бара-бара ұмытыла бастады. Ақыры, анамның сәлемдемесі ағайға бұйырмады...

Осы күні отырып алып ойлаймын. Қазірде мейірім мен қайырым түгел құрып кеткен жоқ қой. Дегенмен, сонау 60-70-80-ші жылдардың адамдары, адами қарым-қатынастары, адамгершіліктері бүгінгілерден мүлдем ерекше болған сияқты. Өзіңіз ойлаңызшы, мүлдем танымайтын ауылдың қызын көрген кез келген адам қазір заттарын арқалап әкеліп, үйіне қондыра ма? Құдай сақтасын, панасыз, қорғансыз қалған жанды қазір зорлап, зомбылап кету көбейіп тұр ғой. Ал сол кезде мен де жас, аңғал болып тұрмын-ау, танымайтын алпамсадай еркекпен көшеде кездесіп, жетегіне еріп жүре беріппін, оңаша үйіне барып қоныппын. Не деген балалық-ай десеңізші...

Бірақ сол ағайдың қайырымдылығы мен қазақи ба­уырмалдығын өмір бойына ұмытпай келемін!

Меңсұлу Жұматова,

№6 емхананың дәрігерлік-консультативтік  комиссия төрайымы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале