Дүйсенбі күні қала әкімі Миржан Сатқанов шаһарымыздағы дарынды балалармен кездесті. Балалар жылы аясында ұйымдастырылған кездесуге 2021-2022 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жүлдегерлері және оларды дайындаған пән жетекшілері қатысты.
Биылғы жалпы білім беретін пәндерден олимпиаданың төртінші – республикалық кезеңіне Орал қаласынан 27 оқушы қатысып, бір оқушы – алтын, төртеуі – күміс, жетеуі қола жүлде иеленді.
Бұл былтырғы жылдың деңгейінен 3 пайызға көп.
– Оқушыларымыздың жоғары жетістікке жеткені бәрімізді қуантады. Осы деңгейге жету үшін сіздер тынбай ізденіп, табандылық таныттыңыздар. Бұл белес – адал еңбектеріңіздің нәтижесі. Білім жолында сіздерге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңыз бен әр кез қолдау танытып, бар жағдайды жасаған ата-аналарыңызға алғыс айтамыз. Қала мектептеріндегі білім беру үрдісі дұрыс жолға қойылған. Осы бағытта жүйелі жұмысымызды жалғастыра бермекпіз. Балаларымыздың биік белестерден көріне беретініне сенемін, – деді қала әкімі Миржан Сатқанов.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханованың айтуынша, мектеп оқушылары олимпиадасына биылғы жылы барлық буын оқушыларын қамту туралы шешім қабылданған. Бастауыш сынып, ортаңғы буын және жоғары сынып оқушылары үшін кезең-кезеңімен білім бәсекесі өткізілген. 5-6 сынып оқушылары арасындағы республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінің қорытындысында 16 оқушы облыстық кезеңге жолданып, 100 пайыз нәтижемен жүлдегерлер қатарынан табылған.
– Республикалық кезеңде жеті оқушы жүлделі орындарды иеленіп, мерейімізді асқақтатты. Бастауыш сынып оқушылары және 7-8 сынып шәкірттері арасында ұйымдастырылған республикалық олимпиадада екі оқушы алғысхатпен марапатталды. Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, құқық негіздері, өзін-өзі тану, математика, информатика, физика, химия, биология, география пәндері бойынша өткен олимпиада қорытындысында 77 оқушы облыстық кезеңге қатысып, 53-і жеңімпаз-жүлдегер қатарына енді. Республикалық кезеңге қатысқан 27 оқушының 12-сі үздік нәтиже көрсетіп, 1 оқушы алтын, 4 оқушы күміс, 7 оқушы қола медаль иеленді, – деп атап өтті Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
2021-2022 оқу жылындағы білім бәсекесінің нәтижесінде Орал қаласы командасы облыс бойынша бірінші орын иеленді. Сондай-ақ қаламыздағы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі республикалық үздік 100 мектептің қатарына енді.
Кездесу соңында республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қала әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлықтар табысталды. Ал жеңімпаз шәкірт дайындаған ұстаздарға қала әкімінің алғысхатына қоса, 50 мың теңге көлеміндегі сертификат сыйға берілді.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz