Орал қаласы бойынша үй салуға жер сұрағандардың саны 72 мыңнан асып кеткен. Тұрғындарға жер учаскелерін жаппай үлестірудің тоқтағанына он жылға жуықтады. «Үй салу үшін жер кезегінде бірнеше жылдан бері тұрмыз. Осы мақсатта жер телімдерін беру ісі тым ұзаққа созылуда. Бұған қандай іс-шараларды қолға алып жатырсыз?» деген сауал жолдады онлайн кездесуде тұрғындар қала әкіміне. Шаһар басшысы биыл мыңнан астам жер учаскесі дайындалатынын айтып, тұрғындардың үміт шоғын тұтатты.
– Қала бойынша 72 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Круглоозерный кентінде 1141 жер учаскесін егжей-тегжейлі жоспарлау жүргізілуде. Қазіргі кезде су құбырын тарту қолға алынды. Биыл газ құбыры мен электр желісін де жеткіземіз. Жыл аяғында жеке үй салушыларға жер телімін бере бастаймыз, – деді қала әкімі Абат Шыныбеков.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz