4.07.2025, 9:00
Оқылды: 122

Қала бюджеті 3,8  млрд  теңгеге  ұлғайтылды

Жақында Орал  қалалық  әкімдігінде  мәслихаттың  кезектен  тыс  21-сессиясы  өтті.  Жиынға  қала  әкімі  Мұрат  Байменов, мәслихат депутаттары,  бөлім  басшылары  және  бұқаралық  ақпарат  құралдарының  өкілдері  қатысты.  Сессия  барысында  облыс  орталығы  мен  оған  қарасты  ауылдық  округ,  кенттердің  2025  жылға  арналған  бюджеті  нақтыланды.  Жолаушылар  көлігі,  жол  сапасы  және  жарықтандыру  мәселелері  талқыланып,  кейбір  комиссиялардың  құрамы өзгерді.

жп орал, торговый дом, улица4

Сессия барысында Орал бюджетінің кіріс-шығыс бойынша теңгерілгені айтылды. Қала бюджетін 3,8 млрд теңгеге ұлғайту жоспарланған. Оның ішінде  3,5 млрд теңгесі – жеке  кірістер  есебінен.

Бюджеттің негізгі бөлігі әлеуметтік салаға, енді бір бөлігі жөндеу және басқа да ұйымдастыру жұмыстарын аяқтауға бағытталған. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Азамат Қадыровтың айтуынша, бөлінген қаражатты тиімді пайдалану маңызды.

– Бұл қаражаттан құрылыс саласына – 1,1 млрд теңге, Орал қаласындағы №42 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысына – 536,9 млн теңге, 12-шағынаудан, 2-кварталдың және «Ақжайық» шағынауданындағы бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына – 436,8 млн теңге, «Ақжайық» шағын ауданында су бұру желілері бар кәріздік сорғы стансасының құрылысы – 100 млн теңге,  №53, №54, №55 тұрғын үйлердің инженерлік желілерін абаттандыру және салуға 11,6 млн теңге қарастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар қалалық жолаушылар тасымалын субсидиялауға 1 млрд теңге бөлінді,  жергілікті атқарушы құрылымның резерві – 716 млн теңге, – деді  Азамат Қадыров.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жақсартуға 415 млн теңге бағытталған.  Сондай-ақ IV деңгейдегі кенттердің бюджетін 446 млн теңгеге ұлғайту жоспарланған. Осылайша, барлық өзгерістерді ескере отырып, қайта нақтылаудан соң Орал қаласының бюджеті 72,3 млрд теңгені құрады. Жыл басынан бері Орал қаласы бюджеті бастапқы бекітілген 47 млрд теңгемен салыстырғанда 53,8 пайызға артты. Қала әкімі Мұрат Байменов халықпен 21  көшпелі  кездесу  өткізген.

–  Бізде қалада асфальт немесе топырақ жамылғысы жоқ 83-ке жуық көше бар.

Бұл үлкен жұмысты қажет етеді.  Сондықтан жыл сайын қала жолдарын қанағаттанарлық жағдайда ұстау үшін біз оған 2-3 миллиард теңге жібереміз. Қаланың барлық учаскелерін аралап, таныстым. Барлық мәселе кезең-кезеңімен шешіледі, – деді  сессияны түйіндеген қала әкімі Мұрат  Байменов.

Өз кезегінде сөз алған халық қалаулылары бюджетті мұндай нақтылау қаланың инфрақұрылымын дамытуға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдауға бағытталғанын  атап  өтті.

Гүлжамал Кенжеғалиева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале