Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкай шаһарды залалсыздандыру жұмысын жүргізетін арнайы құрылымдардың дайындығын тексеріп, жаңа тапсырмалар берді.
Бұған дейінгі залалсыздандыру жұмыстарын «Жайық таза қала» мекемесі мен төтенше жағдайлар басқармасының құрылымдары жүргізген болса, бүгін бұл шараға Қорғаныс министрлігінің жасағы келіп қосылды.
- Осы күнге дейін төтенше жағдай басқамасының жасақтары қаламыздың магистральды көшелері мен қоқыс алаңдарын бір реттік дезинфекциялаудан өткізгені белгілі. Бүгін залалсыздандыру жұмыстарының екінші кезеңі басталды. Жасақтарға тапсырмалар берілді. Көппәтерлі үйлерді де залалсыздандырамыз. Атқарылатын дезинфекциялау жұмыстары қала әкімі бекіткен жоспарға сай жасалады. Қорғаныс істері жөніндегі қызмет жасағы түске дейін Жәңгір хан көшесін, атап айтқанда. Әзірбайжан көшесінен Айтқұлов көшесіне дейінгі жерді, түстен кейін базарға іргелес жатқан көшелерді залалсыздандырса, төтенше жағдайлар департаментінің жасағы Шаған жағалауы, Сәкен Сейфуллин, Алмазов және Мұстахым Ықсанов көшелерінде жұмыстанатын болады,- деді қала әкімінің орынбасары.
Мирас Рүстемұлының айтуынша, аталған жұмысқа 150 адам мен 22 техника тартылған. Қорғаныс істер министрлігінен сарбаздар да залалсыздандыру ісіне қатысады. Сонымен қатар қоғамдық көліктер мен иесіз қалған тұрғын үйлер де дезинфекцияланады екен.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz