13.02.2024, 10:45
Оқылды: 58

«Қаладан – ауылға» жобасы: Жаңатаңда жаңа өмір бастайды

Күні бүгінге дейін Оралда жалдамалы үйде тұрған Сисеновтер отбасы енді Казталов ауданының Болашақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң елді мекенінде жаңа өмір бастамақ. Жетінші  ақпан күні аталған аудан әкімі Асланбек Сарқұлов облыс орталығынан көшуге бел байлаған жанұя мүшелерімен кездесіп, өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің игі бастамасы – 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы жайында біраз мағлұмат айтты. Оған қоса ауылдың дамуына үлес қосуға ниеттенген отбасыға алғысын жеткізді.

 каладан ауылга (4)

– Казталов ауданында осы жобаны жүзеге асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жаңатаң, Әбіш, Көпкүтір, Жас, Сарықұдық, Саралжын, Сатыбалды, Көмекші, яғни жалпы саны 8 елді мекенге жанұяларды көшіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Тілге тиек етілген ауылдарда 2 231 тұрғын бар. 22-сіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 26 бос жұмыс орны бар. Сарықұдық негізгі мектебі 2022 жылы бой көтеріп, пайдалануға берілді. Саралжын ауылында 60 орындық білім ұясы салынуда. Казталов ауданын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес 2024 жылы Көпкүтір, 2025 жылы Жаңатаң, Сатыбалды, Әбіш, 2026 жылы Жас, Көмекші ауылдарында мектептер салынады. Шаруа қожалықтарын құруға 57 525 гектарды құрайтын бос жер учаскелері бар. Әбіш ауылы Сарыөзен бойында орналасқан. Бау-бақша егуге қолайлы. Жалпы осы 8 елді мекенде 29 әлеуметтік нысан, 104 шаруашылық нысаны жұмыс істейді. Сонымен қатар осы елді мекендерге жеке инвестор есебінен  үй салу жоспарлануда. Көшіп келгендерге жергілікті демеушілердің қолдауымен ұсақ және ірі қара малы беріледі. 1 млн 476 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізуге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алуға мүмкіндік бар, – деді Асланбек Ахметоллаұлы (суретте).

асланбек саркулов

Аудан басшысының мәлімдеуінше, аудан аумағындағы елді мекендерден көшіп кеткен тұрғындардың тізімі түзілген. Алдағы уақытта ауылдарға қоныс аударатындар тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, жұмысқа орналастырылады. Бүгінге дейін Орал қаласында тұратын 13 отбасыға ақпараттық-тү-сіндіру жұмыстары толыққанды жүргізілген. Соның 4-еуі ауылға көшуге бел буып отыр. Оның қатарында Сисеновтер жанұясы бар.

каладан ауылга (2)

– Біз 2016 жылы үйлендік. Өзім құрылыс саласында жұмыс істедім. Шүкір, бала-шағамыз баршылық. Жұбайым Алматы қаласынан. Мен Казталов ауданы Болашақ ауылдық округінің құрамындағы Жаңатаң елді мекенінде туып-өстім. Ата-анам сол жерде тұрады. «Қаладан – ауылға» жобасы туралы ақпаратты whatsapp-қа достарым жіберді. Жоба шарттарымен танысқан соң Болашақ ауылдық округінің әкімі Артур Берденовке хабарласып, ой-жоспарыммен бөлістім. Ол барынша көмектесетінін жеткізді. Балаларым қуанып жүр. Олар енді Жаңатаң негізгі мектебіне және сол ауылдағы шағын орталыққа барады. Жұмыссыздықтың салдарынан кезінде қалаға көшкенбіз. Біраз уақыт бойы облыс орталығында тұрдық. Тапқан табысымыз пәтер ақысы мен азық-түліктен ауыспайтын. Расында, қалада тұру оңай емес. Алдағы уақытта мал шаруашылығымен айналысуды көздеп отырмыз. Ауылды бірге көркетейік! Көштің басын ауылға бұрайық! – деді отағасы Аят Сисенов.

каладан ауылга (1)

Артур Амантайұлының айтуынша, бұл жанұяға жергілікті демеушілер 2 ірі қара, 5 қой береді. Жалпы Жаңатаң ауылында 314 тұрғын бар. Бүгінде мектеп, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт, балабақша және дүкен жұмыс істеп тұр. Мектепте – 45, бөбекжайда 13 бала тәрбиеленуде.

– Бұған дейін де ауылға көшіп кетуге бірнеше мәрте оқталдық. Үйіміз болмағасын, тәуекелге бара алмадық. Баспана берілетінін естігенде, шын қуандық. Осындай бастаманың жүзеге асырылуына атсалысып, бізге қолдау білдірген азаматтарға мың алғыс! Мен Алматы қаласындағы «Қазнұр» гуманитарлық колледжінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Колледжді тәмамдағаннан кейін Алматы университетіне психология мамандығына оқуға түстім. Алайда университеттегі оқуым аяқталмай қалды. Жаңатаңға барғаннан кейін зайыбым ауыз су стансасына оператор болып жұмысқа орналаспақ. Мен мамандығым бойынша мектепте қызметке кіріспекпін. Рамазан, Айша, Еркежан, Аянат, Ақтөре есімді бес баланың анасымын. Үлкені – жеті, кішісі – екі жаста, – деді отанасы Шынарай Төремұратова.

каладан ауылга (3)

«Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты БҚО филиалындағы белсенді жастар заттарды жүк көлігіне тиеуге көмектесті. Казталов ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауа райының күрт бұзылуына байланысты ақпанның жетінші жұлдызында жолға шықпаған Сисеновтер жанұясы 8 ақпан күні таңертең Жаңатаңға бағыт алды.

Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің тілшісі Гүлнұр Бөлешованың сөзіне сүйенсек, сол күні аман-есен Жаңатаңға жеткен жанұяны Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Абешова және ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алған. Қазақы игі дәстүр бойынша дәм ұсынылып, шашу шашылған. Үйді Аят Болатұлының туысы Гүлсара Сисенова адыраспанмен аластаса, еңбек ардагері Есмағұл Мусин бата беріп, ізгі ниет-тілегін ақтарған.

Ретті жерінде айта кетейін, «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасының мақсаты – ауылдық жерлердегі жұмыс күші тапшылығын жою, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, шағын және орта кәсіпкерлікті өрістету, тұрақты жұмыс орны жоқ қала азаматтарының, сондай-ақ жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешу, ел-жұрттың  ауылда өмір сүруге деген ынтасын арттыру. Жоба жалғасын табады. Әлі талай жанұяға осы бастама арқылы баспана беріліп, жұмыс табылатыны кәміл. Оған қоса алдына мал салынады.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале