Жуырда Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы – 2018» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өтті.
– Жыл сайын бұл байқауға қызығушылық танытып, қатысуға ниет білдіріп жатқан отбасылардың саны артып келеді. Өткен жылы 12 жанұя қатысса, биыл 18 отбасы бақ сынауда. Бұл байқаудың ең басты мақсаты – жанұя институтын насихаттау, отбасындағы бала тәрбиесінің мәні мен мазмұнын, қоғамдағы отбасы рөлін нығайту болып табылады. Байқаудың жеңімпаздары облыстық кезеңде қаланың намысын абыроймен қорғап, қыркүйек айында өтетін республикалық кезеңде өнер көрсетеді деп сенеміз, – деген Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов жеңімпаз және жүлдегер отбасыларды марапаттады.
Байқаудың үшінші орнының жүлдесіне Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың аға оқытушысы, техника ғылымдарының кандидаты Қанат Нәріковтың отбасы ие болды. Оларға «Турист» сауда үйі велосипед табыс етті. Ал жүлделі екінші орынмен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Әскербек Нұрмұхановтың жанұясы марапатталды. Бұл отбасыға да велосипед сыйға беріліп, облыстық балалар және жасөспірімдердің туризм және экология орталығы атынан «Самал» туристік лагеріне он күнге жолдама табыс етілді. «Қазақтелеком» АҚ БҚО филиалының инженері Асылболат Балуановтың шаңырағы бірінші орыннан көрінді. Оларға жоғарыда аталған екі демеушіден тігін машинасын сыйға алып, «Еуразия» туристік-сауықтыру кешеніне он екі күндік жолдамаға ие болды.
Он сегіздің ішінен топ жарып, бас жүлдеге ие болған – Алмағамбетовтер отбасы. Отағасы Әділбек Алмағамбетов «Бауырым» ЖШС-ның жетекшісі, қазақтың ақ бас тұқымы республикалық палатасының мүшесі болып табылады. Ал зайыбы Наталья Александрқызы М. Өтемісов атындағы БҚМУ қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы болса, үлкен ұлы Әлібек танымал спортшы, кіші ұлы Мырзағұл әншілігімен белгілі, ал кенжелері Томирис – балабақша тәрбиеленушісі. Бұл отбасыға қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының облыстық ұйымы атынан Бурабай шипажайына жолдама табысталды. Байқауға демеуші болған мекемелер «Паприколли» мейрамханасы, «CLAS» оқу орталығы, Kinoplexx кинотеатры, «Мария ханым» студиясы секілді бірнеше мекеме бұл отбасыларға түрлі сый-сияпаттарын табыс етті. Өзге қатысушы отбасылар да сыйлықтармен марапатталып, демеушілерге алғысхаттар табысталды. Байқауға қатысқан әр отбасының ұл-қыздары да білімі және өнерімен, спорттағы жетістіктерімен, ерекше қабілеттерімен түрлі додаларда топ жарып жүрген өрендер екенін айта кету қажет. Сонымен Балуановтар мен Алмағамбетовтар отбасы облыстық байқауда сынға түспекші.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»