24.01.2025, 11:30
Оқылды: 59

«Қалдықтарды қайта өңдеу қала экологиясына оң ықпал етеді»

Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды өңдеп, оны қайта кәдеге жарату ең өзекті мәселенің бірі екендігі мәлім. Оған қоса қоқыс полигонына тасымалданатын  қалдық мөлшері де күн санап еселеніп келеді. Бүгінде Орал қаласының тұрғындар саны 350 мыңға жуықтады.

DSC00055

«Орал таза сервис» ЖШС сұрыпталған қоқыстарды Ресей Федерациясының қалаларына өңдеуге жөнелтуде. Осы орайда шаһар тазалығын қамтамасыз ететін серіктестік басшысы Рафхат Данағұловты әңгімеге тартып, жұмыстың жай-жапсарымен таныстық.

DSC09986

«Орал таза сервис» ЖШС 2016 жылдың қазан айынан бері жекеменшік мекеме ретінде жұмыс істеп келеді. Бүгінде аталмыш мекеме 170-тен астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Орал қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды тазалап, қоқыс орнына тасымалдайды. Серіктестік меншігіндегі қоқыс тазалауға арналған 50 техника бар. Бұл қала тазалығы үшін жеткілікті. Олардың 28-і қала мен қоқыс орнына күніне үш рет қатынайды.

«Орал таза сервис» ЖШС директоры Рафхат Данағұлов қаражат мәселесі оң шешімін тапса, серіктестік тұрағын жаңа техникамен толтыру жоспарда бар екенін айтты. Бірақ дәл осы қаржы мәселесіне келгенде мемлекет тарапынан ешқандай көмек-қолдау жоқ екенін де жасырмады. Алайда қала табиғатының тазалығын қамтамасыз ететін іс-шаралар тұралап қалмауы тиіс. Қаланың әр тұрғын үйлері мен нысандар маңында тұтынылған, жарамсыз пластик өнімдер салынатын арнайы торлы қоқыс жәшіктері қойылған. Қазір Орал қаласында 350-ге тарта торлы қоқыс жәшігі бар. Одан жиналған пластиктер қоқыс орны жанында орналасқан сұрыптау кешеніне жеткізіледі. Сұрыптау кешені 2019 жылы ашылып, күні бүгінге дейін жұмысын жалғастырып келеді. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік нысандардың да жарамсыз шығарылымдарын тазалайды. Бірақ өзге қоқыс тасымалдау қызметінің мамандары да кәсіпкерлік нысан басшылығымен байланыс орнатып, бәсекеге түсуде. Алайда олар мейрамхана, шағын маркеттермен ғана жұмыс істеп, шаһар тазалығына келгенде құлықсыз көрінеді. Әрине, тағы бір тірелер дүниесі – қаржы мәселесі.

DSC00033

– Орал қаласында 7 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан бар. Олардан шығатын қалдықты тасымалдау бойынша бәсекелестеріміз де аз емес. Кәсіпкерлік нысан басшыларын «Тек бізбен жұмыс істе» деп мәжбүрлей алмаймыз. Олар таңдауын жасап, жеке келісімшартқа отырады. Ал қала халқына қызмет көрсету бойынша «Орал таза сервис» ЖШС ғана шұғылданады. Қазіргі таңда біздің серіктестікте 50-ден аса техника бар. Олардың басым бөлігі – тасымалдау құралы. Күніне 28 техника жұмысқа шығарылып, әрқайсысы жоқ дегенде күніне 3 рейс жасайды. Әсіресе, мейрам күндері қарбалас көбейеді. Өкінішке қарай, тұрғындардың таным-түсінігі әртүрлі деңгейде. Кей уақытта, үстел, шкаф секілді тұрмыстық жиһаздарды қоқыс жанына апарып тастайды. Негізінен, олар арнайы көлік жалдап, жарамсыз тұрмыстық бұйымдарды өз қаражаты есебінен қоқыс полигонына апаруы тиіс. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ көлемі үлкен дүниелер қоқыс жанында жататыны да жасырын емес. Оны көрген өзге тұрғындар үйгеннің үстіне үйе береді. Өз қаласына, қала берді өзі тұратын ауласының тазалығына немқұрайлы қарайды. Жұмысшыларымыз қоқыс жәшіктерінің айналасын тазалап, тиеп әкетеді. Ал адам күші дәрменсіз кей жерлерге серіктестіктің тракторы шақыртылады. Есіл еңбекті елеп-ескеріп алғысын ауызша айтатындар да бар. Біздің жұмысшыларымыз ертемен қызмет орнына келіп, техника жайын реттеп, дайындайды. Қала қоқысын бірде кеште, бірде түске дейін хал-қадірінше тазалап бітеді. Көшелер мен тұрғын үйлерден шыққан қоқысты тазалауға қалалық мәслихат тариф бекіткен. Соңғы үш жылда ешқандай өзгеріссіз, ол баға бір қалыппен тұр.

DSC09991

«Қыс мезгілінде, әсіресе түнгі уақытта ауа райы салқындап, ызғар мен аяз үдей түсетіні анық. Серіктестіктің 50 техникасы бар дедіңіз. Оларға гараж жеткілікті ме? Сыр берген техниканы қайда жөндетесіздер?» деп сұрадық.

– Мекеме ғимаратының жанында техника тұрағы мен гараждар салынған. Гараждар жылу жүйесіне толық қосылған. Қызметтен келген көліктер жуылып, жылы орынға кіргізіледі. Аталған жылы орын екіге бөлінеді. Яғни, техника ныспысына байланысты бөлек-бөлек қойылады. Оған қоса қызметке қажетті бірнеше ғимарат нысаны бар. Мотор жөндейтін цех және металл өндеуге, жонуға арнайы орындар мен құрылғылар да қолданыста. Мұнда автоэлектриктер де жұмыс істейді. Жөндеу базасында ауыр салмақтағы аутобөлшектерді көтеріп, жылжытуға арналған ілгіштер бар. Жұмысшыларымызға да қажетті бар жағдай жасалған. Киім ауыстыратын орын, душ және асхана бар.

Аталған ғимарат нысандарын біз де аралап, жасалған жағдайды көзімізбен көріп, куә болдық. Жұмысшы мамандардың біреуімен сұхбаттаспаққа ниетті екенімізді жеткіздік. Олар «еселі еңбегі сіңген азамат» деп, Жайдарлы Қуанғалиевті ортаға шығарды. 52 жастағы азаматтың бұл жерде жүргізуші болып жұмыс істеп жүргеніне ширек ғасыр толыпты.

– «Орал таза сервиске» 2000 жылы жүргізуші болып жұмысқа қабылдандым. Содан бері үздіксіз еңбек етіп келемін. Мен үшін жұмыс таңғы 5:30-да басталады. Ерте келіп, көлігімді қызметке дайындаймын. Қаладағы қоқыстарды жай күндері 15:00- де тазалап бітеміз. Мереке күндері жұмыс қарқыны үдей түсіп, үйге кеш қайтамыз. Алайда жай күндері 15:00-де тазалап бітіп, үйге беймарал қайта береміз деген сөз емес. Қызметтен келген көлігімізді жуамыз, көлік жөндеуші әріптестерімізге көмек қолын созамыз, - дейді Жайдарлы Қуанышқалиев.

Өткен жылдың желтоқсан айында «Орал таза сервис» ЖШС жанынан шаһарда алғаш экологиялық пункт ашылды. Экологиялық пункт Ә. Кердері көшесі, 133 мекенжайындағы тұрғын үй ауласында орналасқан. Дүйсенбі, сейсенбі күндері ғана демалады. Аптаның басқа күндері сағат 10:00 – 19:00 аралығында жұмыс істейді. Экологиялық пункт тұрмыстық қалдықтарды сатып алып, қайта өңдеуге жөнелтеді. Қағаз бен картон келісін 10 теңге, пластик пен алюминий металл келісін 50 теңгеге қабылдайды. Сондай-ақ пайдаланылған күнбағыс майының литрін 60 теңгеге сатып алады. Одан бөлек полиэтилен, қаптама қағаз (стреич пленка), сұйық зат құйылатын ыдыс (пластик канистр) алады. Келушілердің дені мектеп оқушылары екен. «Мұндағы басты мақсат – өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениет қалыптастырып, тазалыққа тәрбиелеу», – дейді Рафхат Данағұлов.

– Оқушылар мен студенттер тұрмыстық қалдықтарды тапсырып, тиын-тебен тапқанды ұнатады. Біздің болашағымыз балаларымыз ғой. Оларға берілген тәрбие – болашақ мемлекетіміздің тағдыры. Сондықтан да кішкентай көрінген дүниенің өзіне атүсті қарауға болмайды. Біз өз тарапымыздан да қаланың әр мектебінде арнайы мамандар қатысуымен экологиялық сағаттар өткіземіз. Олар оқушыларға қоқыс қалдықтарының ауаға тарап, төгілген жеріне қаншалықты зиян екенін айтып, түсіндіреді. Бір жағынан, балалардың экотанымын кеңейтіп, экологиялық пунктті насихаттаймыз. Экологиялық пункт қаржының астына қалдырмаса да, өз шығынын өзі жабуда. Біз қанша бағаға аламыз, сонша бағаға өткіземіз. Қаладағы бірнеше шағынауданнан ұсыныстар түсуде. Мамыр айында Зашаған мен 9-шағындауданда экологиялық пункт ашу жоспарда бар. Сонда Орал қаласының үш негізгі аумағында экологиялық пункт болады. Қазір Зашаған кентінен, Құс фабрикасынан, қала маңындағы ауылдардан келіп, тұрмыстық қалдықтар өткізетіндер көп. Егер жоба-жоспарымыз жүзеге асса, тұрғындарға да қолайлы болушы еді. Пайдаланылған шемекі майдан сабын жасайтын оралдық кәсіпкер бар. Менің білуімше, тұрмыстық қалдықты қайта өндейтін қаладағы жалғыз адам – сол. Тіпті елімізде де ондай кәсіпорындар жоқтың қасы. Алматы қаласында бар, бірақ оған апару тиімсіз, артық шығынға ұшыраймыз. Аталған тұрмыстық қалдықтардан пластик қана бар шығынды өтеп отыр. Картондарды сатып алғанымызбен, әзірге оларды айналымға өткізбедік. Осындай Экологиялық пункт қаламен ғана шектелмей, аудан орталықтарында да ашылуы тиіс деп есептеймін. Қалдықтарды қайта өңдеуге тапсыру қала экологиясына оң ықпал етеді, – деді ол.

Экологиялық пункттің қазіргі орны қала орталығында, №7 жалпы орта білім беретін мектептің жанында орналасқан. «Мектеп оқушылары біткен дәптерлері мен шимай парақтарын әкеліп, жиі тапсырады», – дейді қабылдаушы қызметкер Ақұштап Ахметжанова.

– Экологиялық пункт ашыл­ғаннан бері мен осы жерде жұмыс істеп келемін. Жұмыс күндері және сенбі, жексенбі күні келушілер саны көбейеді. Әсіресе қаңтар айының бел ортасында тұрғындар белсенді болды. Сатып алынған тұрмыстық қалдықтарды пункт қоймасында сақтаймыз. Кейін оларды арнайы көлікпен алып кетіп, тиісті орынға жеткізеді. Әртүрлі мекеме қызметкерлері де қолданылған қағаздарды әкеліп тұрады. Оған қоса жуық арада әлдебір кітапхана қызметкерлері бірнеше ескі кітапты беріп кетті. Шамасы оларға бұл кітаптардың жаңа нұсқасы берілсе керек. Сондай-ақ әр келген тұтынушымызға «Егер сіздің үйіңізде тұрмыстық заттарға қолданылатын жарамсыз батареялар болса, оны лақтырмай бізге әкеліп берсеңіздер» деген ұсынысымды жеткізумен болдым. Батереяларды әзірге сатып алмаймыз, бірақ болашақта жоспарға алынуы мүмкін. Тұтынушылар сөзімді жерге тастамай, «Қоқысқа лақтырғаннан, сіздерге берейін. Кәдеге жараса қуаныштымыз» деп жарамсыз батареяларды әкеліп тастайды, - дейді Ақұштап Ахметжанова.

Сөзімізді түйіндесек, қала тұрғындары қоқысты сұрыптауға мән беруі керек. Қалдықтарды қайта өңдеу – өте өзекті мәселе. Осы тұрғыда билік жарамсыз бұйымдарды қайта өңдейтін нысан ашуға көңіл бөлуі қажет деген ойдамын.

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале