Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында инвестиция тарту жұмысын күшейту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында не істеліп жатқаны жөнінде өңір басшысының орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов сұхбат берді.

– Қалияр Шадиярұлы, өткен жылы инвестиция тарту саласында қандай жұмыстар атқарылды, неге қол жетпеді, алдымен сол жөнінде айта кетсеңіз?
– Жалпы, 2024 жылы тартылған инвестициялар көлемі 4,7 пайызға өсіп, жоспардағы 689,3 млрд теңгенің орнына 712,9 млрд теңгеге жетті, бұл алдыңғы жылғыдан (645,6 млрд теңге) біршама артық.
Президенттің 2024 жылғы Жолдауында айтылғанындай, экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасау қажеттігі күмән тудырмайды. Осы орайда облыста жеке инвестициялар көлемі 538,5 млрд теңге (нақты көлем индексі – 99,6 пайыз, 2023 жылы – 514 млрд теңге) болды. Бұл – жалпы инвестицияның 75,5 пайызы.
Атап айтқанда, өңірде өткен жылы 104 млрд теңгеге 21 жеке инвестициялық жобалар мәресіне жетіп, 717 жұмыс орны ашылды.
Аудандарға тоқталсақ, Жәнібек (21,5 пайыз), Теректі (28,5 пайыз), Бөкей ордасы (28,7 пайыз), Жаңақала (29,3 пайыз) және Казталовта (30,3 пайыз) жеке инвестицияларды тарту көрсеткіші төмен болып отыр. Бұл осы салада әлі де іске асырылуы тиісті резервтердің бар екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар тікелей шетелдік инвестицияларды тарту да маңызды. Өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 955,5 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 13 пайызға өсті (2023 жылдың 9 айы – 880,1 млн АҚШ доллары).
– Жуырда өткен БҚО әкімі аппаратының кеңесінде 2024 жылы жеке инвестициялар көлемі (538,5 млрд теңге) алдыңғы жылмен салыстырғанда, 0,4 пайызға азайғаны айтылды. Мұны биыл көбейту бағытында не істеу керек деп ойлайсыз?
– Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы инвестиция көлемін 841 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Ал негізгі қаржыға қосылатын жеке инвестициялар көлемін арттыру үшін биыл 46 млрд теңгеге 25 жоба жүзеге асырылмақшы. Соның ішінде Ақсай қаласында қонақүй құрылысы («Серік» ӨЖК» ЖШС), облыс орталығында қонақүй («UralskOffice» ЖШС), сондай-ақ химиялық қоспалар өндірісі («Синтез Урал» ЖШС), көтерме тарату орталығы («БатысКапиталЛимитед» ЖШС), тұрмыстық химия өндірісі («Bilgili Group» ЖШС), Бәйтерек ауданында құрғақ қоспалар өндірісі («Бриг Compani» ЖШС) сияқты ірі жобалар бар.
Сонымен қатар 2026-2029 жылдарға жоспарланған жобалар ішінен индустриялдық аймақта 9 млрд теңгеге 3D панель өндірісі («Smart 3D Technology Kazakhstan» ЖШС, 175 жұмыс орны) мен 4 млрд теңгеге химиялық кешен құрылысы («MIS PRO» ЖШС, 45 жұмыс орны) қолға алынбақшы.
Облыстағы ең ірі жобалардың бірі – Ақжайық ауданы аумағында орналасқан Сәтимола кен орнын айтпай кетуге болмас. Құны 1,5 трлн теңгеден асатын кен орнында (4 900 жұмыс орны) күні бүгін калий тыңайтқыштарын өндіру жобасы аясында жобалау құжаттары дайындалуда.
Сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясы Қарашығанақты кеңейту аясында алтыншы компрессорды орнату үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде.
Корея инвесторының қатысуымен жалпы құны 81,4 млрд теңгеге (100 жұмыс орны) бағаланған қалдықтарды қайта өңдеу, жағу кешендері, жылыжай, күн панелінен электр қуатын өндіру стансасы құрылысы бойынша 4 жоба күн тәртібінде тұр.
Сол секілді қытай инвесторының қатысуымен «Batys Power» ЖШС-ның құны 135 млрд теңге тұратын газ-турбиналық электр стансасын 486 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда.

– Батыс Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімі көлемінде оң динамика байқалмай отыр. Мысалы, өсімдік шаруашылығы өнімінің өндірісі 6,9 пайызға төмендеген екен, бұл жалпы ауыл шаруашылығына әсер етіп отыр. Мұның себебін негізінен егіс алқаптарының қысқаруы және есептен шығарылуымен, дәнді дақылдар өнімділігінің төмендеуімен байланыстыруға болады. Бұл бағытта мемлекеттік қолдаудан бөлек, жеке инвестициялар тарту арқылы егіс алқаптарының тиімділігін қалай арттыруға болады?
– Жасыратыны жоқ, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 320,2 млрд теңге (2023 жылы – 308,6 млрд теңге) болды. Нақты көлем индексі – 96,8 пайыз. Көктемгі су тасқыны көптеген бизнес субъектілерінің қызметіне әсер еткендіктен, облыс үшін қиын жыл болды. Өйткені екі айға жуық уақыт бойы көптеген өнеркәсіп кәсіпорындарының су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысуына тура келді. Сондай-ақ өндіріс көлемінің төмендеуіне шикізаттың болмауынан «КазАрмапром» ЖШС және санкциялық шектеулерге байланысты «Қазфанком» ЖШС-ның қызметтерін тоқтатуы, «Конденсат» АҚ жүктемесінің жеткіліксіздігі сияқты факторлар да әсер етті.
Биыл өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің өсімін қамтамасыз ету мақсатында 13,4 млрд теңгеге 5 жобаны іске қосу ойластырылуда. Нақтылай кетсек, қоспа өнімдерін шығаратын зауыт, құрғақ қоспалар өндірісі, химиялық заттар өндірісі (антифриз, ұнтақ, сабын және басқа), алюминий сымдар өндірісі, 4 макарон фабрикасы және сүт фабрикасы жолға қойылмақшы.
Сонымен қатар осы салада 2024 жылы іске қосылған жобалардың жоспарлы қуаттылығына шығуы да оңды әсер ететін болады. Мысалы, жылына 20 млн дана кірпіш өндіретін зауыт («Westgroup» ЖШС), жылына 53 мың мұнай-газ жабдықтарын өндіретін зауыт («КаспиМунайКапитал» ЖШС), жылына 10 млн литр минералды су өндіру цехы («BATYSMINIRALSU» ЖШС) және «Асфальтбетон өндірісі» («Казкомсервис» ЖШС) толық қуатына көшсе, өндіріс көлемінің өсуіне септеседі.
Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарының қысқаруы, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты дәнді дақылдар өнімділігінің төмендеуі және өткен жылғы су тасқыны мен қуаңшылық сал-дарынан егіс алқаптарының есептен шығарылуы жалпы көрсеткішке әсер еткені рас. Бұл жерде негізінен жеке қосалқы шаруашылықтардың деректері өзектендірілді.
Түзетудің қорытындысымен картоп, көкөніс-бақша дақылдары 2023 жылғы 9,6 мың гектардан 4,0 мың гектарға дейін қысқарды, яғни 5,6 мың гектарға азайды.
Сондай-ақ 2024 жылы қуаңшылыққа байланысты 23,3 мың га алқап есептен шығарылды. Бұдан бөлек, су тасқынынан зардап шеккен 3,7 мың га дәнді дақылдар алқабынан пайда болмады.
Дәнді дақылдар түсіміне ауа райы, мысалы, жауын-шашын мөлшерінің аздығы, көктемгі салқындық та әсер етеді. Айталық, 2022 жылы әр гектарға 15,9 центнерден өнім алынса, 2023 жылы бұл көрсеткіш – 10,3, былтыр 10,1 центнер болды.
Түптеп келгенде, тың жобаларды жүзеге асырмайынша, ауыл шаруашылығын алға бастыру қиын. Ендеше алдағы уақытта не істемекшіміз? дегенге келсек, мынаған екпін түсірер едік.
Біріншіден, 2025-2026 жылдары көкөніс, картоп және мал азығы өндірісі көлемін арттыру мақсатында 10 мың гектар суармалы алқапты жаңадан айналымға енгізбек ойдамыз.
Екіншіден, жылына 16,2 мың тонна сүт өндіретін 6 сүт тауарлы ферма («Аманат» ШҚ, «Төленгіт» ШҚ, «Арыстанов» ШҚ, «Берекет» ЖШС, «Ринго Милк» ЖШС, «КТК-888» ЖШС) іске қосылады.
Үшіншіден, егіс құрылымын әртараптандыру аясында дәнді-бұршақты (жасымық, бұршақ, ноқат) дақылдар 2,0 мың гектарға (12 мың гектардан 14 мың гектарға дейін), майлы дақылдар алқабы 17,0 мың гектарға (102 мың га-дан 119 мың га-ға дейін) ұлғайтылатын болады.
Төртіншіден, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы қуаты жылына 4,5 млн дана жұмыртқа өндіретін үлгі жобадағы 5 құс фабрикасы (50 мың басқа арналған) пайдалануға беріледі.
Бесіншіден, 2024 жылдың соңында іске қосылған 16 мың басқа арналған 2 бордақылау алаңы («Терра-Ақжайық» ЖШС, «Адай Бекет» ШҚ) өнім өндіруді бастайды.
– Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында тағы да не тындыру қажет деп ойлайсыз?
– Батыс Қазақстанда 281 га аумақта «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы» индустриалдық аймағын құру жұмыстары жалғастырылуда. Күні бүгін асфальтбетон, химия кешені, 3D декор па-нельдері өндірісі және аутокөлік шиналарын өңдеу бойынша жобалар орналастырылуда.
Бұдан бөлек, «Syrym» өңірлік маңызы бар индустриалдық аймағының тұжырымдамасы дайындалып, қоғамдық кеңестің қарауына жолданды. Сонымен қатар шағын өнеркәсіп аймағын құру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда. Жоба құны – 2,8 млрд теңге.
Бұл жобалардың іске асырылуы өңірде кәсіпкерлерге жаңа кәсіп алаңдарын кедергісіз ашып, өз істерін бастап кетуге мүмкіндік береді.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста өңірлік инвестштаб жұмысын жүргізуде. Штабта инвесторлардың проблемалық мәселелері қаралып, жедел шешу жолдары іздестіріліп отырылады.
Сұхбаттасқан Ғайсағали Сейтақ