19.08.2025, 16:00
Оқылды: 339

«Қалың елің – қазағың алдыңда тұр, Әкеге есеп берген баладайын...»

… Тамыздың сегізі күні барша әлем даналығына бас иген Абай Құнанбайұлының 180 жылдық тойына қатысу бақыты бұйырып, Батыс Қазақстан облысынан аттанған делегация құрамында  Семейге жол тарттық.  Әсер мен толқыныста шек жоқ. Толғаныстар да бір сәтке тастамай бірге ілесті де жүрді Семей, Жидебай, Қарауылтөбеде болған күндердің бәрінде. 

2fb6f3b5-2a7a-47d6-b0b6-a8bceac5fce8

Мерейтой мәнді-мағыналы өтті. Шынайы құрмет-қошемет пен ықылас-ілтипатқа толы бір әлем. Тынысы бөлек сияқты көрінді маған бұл өлкенің. Бөлек болатын да жөні бар, қарадан-қарап тұрып облыс мәртебесінен айырылып Өскеменге қосақталған қайран Семей ғой бұл.  Полигонның табанында болғаны өз алдына бір қасірет.

Ұзақ жыл сүле болып жатып, енді ғана басын көтерген науқастай көрінді маған исі қазақ сырттай бас иіп отыратын Семей қаласының көрінісі. Енді ше, 25 жыл бойы  өгей баланың күйін кешу оңай ма! Семейліктердің түгел босып кетпеген төзімділіктеріне тағзым! Мықтап кенжелеп қалған екен заманға сай даму жағынан. Бәрі салыстырмалы түрде бағаланады ғой, әбден жадап-жүдеген адамдай Семейдің көңіл құлазытар кейпін көріп тұрып, өзіміздің әсем қала Оралымыздың көркіне көрік қосқан сәнді де еңселі ғимараттары көз алдыма келе қалды. «Тәубе, шүкір!» дедім ішімнен. Сөйте тұра облыстың қайта құрылып, оған Абай атының берілуі бұл жақтағы бауырларды дүр сілкіндірген түрі бар. Президенттің бұл шешімі тек қана Абай өлкесіне ғана емес, барша қазаққа майдай жаққанын қалай ұмытайық! Енді барлығын көзбен көріп, ой елегінен өткізіп келеміз, міне.

6cdb9fdf-776b-4e03-93c1-76c4046784ec

Абай атындағы халықаралық әуежайдан әуелете ән салып қарсы алған семейліктердің ыстық ықыласы кете-кеткенше бір суыған жоқ. Ол жайлы жазып кетсем, тақырыптан ауытқитын түрім бар. Ал негізгі әңгіме үш жүзге сауын айтып, ұлан-асыр той қылған абайлықтардың тағылымы һәм  бұл тойға батысқазақстандықтардың  қалай қатысқаны, қандай үлес қосқаны жөнінде болмақ. Ол үшін делегация қүрамында тойға барып-қайтқандарды сөйлеткенім жөн болар.

– Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай тойына қатысуға   облыс әкімінің төрағалығымен арнайы делегация жасақталды. Делегация құрамына зиялы қауым өкілдері, танымал өнер адамдары, мәдениет саласының мамандары, шәкірттері Абай оқуларында қатарының алды болған педагогтер, спортшылар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері ұзын-саны отызға тарта батысқазақстандық енді. Біздің өңірдің делегациясын облыстық мәслихаттың хатшысы Мұқаев Мұрат Рахметұлы бастап барды. Мәртебелі Абай тойының жақсы өтуіне біздің облысымыз да елеулі үлес қосты, лайықты атсалысты деп ойлаймын. Ақ Жайық халқының атынан көрме ретінде арнайы ақ боз үй тігіліп, оған өлке-міздің тарихынан сыр шертетін әсіресе, ортағасырлық Жайық қаласы музей-қорығының қорынан құнды жәдігерлер мен дерек-дәйектер қойылды. Абай хәкімнің 180 жылдығын қорытындылаған гала-концертке біздің айтулы өнерпаздарымыз Айбар Қайырханов, Жарас Сатыбалдиев, Бейбіт Қажығалиевтер де қатысып, өнерлерін  паш етті. Ал «Адамзаттың Абайы» атты халықаралық айтыста ел-жұрт Жайықтың Жансаясы атап кеткен Жансая Мусина жүлделі үшінші орынды еншіледі. Ал Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының арқасүйер актерлерінің бірі Азат Мыңбаев «Абай оқулары» байқауында бірінші орыннан көрініп, 700 000 теңге жүлдені иемденіп, мәртебемізді биіктетті. Бұған қоса 180 шақырымдық ультрамарафонда мәреге алдына жан салмай жетіп, тақымына темір тұлпар басқан казталовтық желаяқ Баубек Ілиясов та біздің мерейімізді өсірді, – дейді Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек   Мұқанғалиев.

Осы тойда тағы бір бітірген шаруамыз, Семейдегі Шәкәрім университетінде өткен ғылыми-көпшілік конференцияға қатыстық. «Абайды білем, біліп жүрмін, шығармаларымен таныспын» деудің әрі әбестік, әрі тайыздық екенін аталмыш жиынға арнайы келген ғалымдардың баяндамаларына ден қоя отырып ұғындық. Абай шығармаларына шұқшия үңілудің, текстологиялық тұрғыдан бір ізділікке түсірудің небір ізденіс-еңбектері жүріп жатыр екен. Абайдың 1945 жылғы жинағында  алғаш басылған  «Ойға түстім, толғандым» атты өлеңінде сол жарияланған кезінен бастап мағынасы мен қолданылуына Мұхтар Әуезовтің өзі күмән келтірген «наз» деген  сөз бар:

«Бәрі болды өзімнен, Тәңірім салған наз емес...»

Айтушының ауызша айтуымен жазылып алынған мәтіндегі  сөздердің орфоэпиялық тұрғыда өзара тіркесу жосынын ескеріп және абайтанушы Т. Шапайдың  ұсынған «наза» нұсқасын қабылдап, мұнан былай:

«Бәрі  болды  өзімнен,

Тәңірім салған наза емес...» деп жазылатын болыпты. Мұнан басқа, мысалы, «Махаббатсыз дүние бос» деген сияқты талай жолдарды әр түрлі қисынмен зерттеп жүргендер де бар екен.

Тереңге тартып барады Абай. Ғалым Тұрсын Жұртбайдың баяндамасын көзбе-көз тыңдаған жұрт сілтідей тынды. Абайдың бүкіл рухани мұрасында «ЖҮРЕК» сөзі 167 рет ұшырасады екен. Әрі 167-сі 167 мағына беретін көрінеді! Соның бәрін Тұрсын Жұртбай санап-талдап берді ғой. Әр жүректің айтар сөзін, мән-мағынасын талдап кеткенде ғажап енді! Абай атамыздың телегей теңіз, түпсіз мұхит мұраларының  тағы бір кілттерін ашуға жол көрсетіп бергендей...

Иә, өз жерінде Абайдың жүрегі сөйлейді екен, жүрегі! Сол жүректі тыңдап, сезіну дегеніңіз мүлдем басқаша әсер! Қасыңнан демін түйсініп, жанының шапағын сіңіргендей боласың.  Тәу ету деген осы міне. Жүректердің ЖҮРЕККЕ тәу етуі.

Конференцияға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, сөз сөйледі. Байқағаным, осы шараны ұйымдастырғаннан шаршап жүрген әкім жоқ, керісінше, күш алып, қуаттанып, арқаланып кеткен адамды көрдім мен.

8942692a-8424-4b77-bf78-59906ea38b24

«Облысымыздың тынысы ашылып, тірлігі түзеле бастағаны Абай бабамыздың шапағаты деп білемін. Осынау торқалы тойға шашу ретінде өзге облыстардың басшылары көмек қолдарын созып, бір-бір ғимарат, мәселен, мәдени орталық немесе спорттық нысан деген сияқты әлеуметке қажетті дүниелер атап, салып береміз деп жатыр» деп өз әріптестеріне ризашылығын жеткізді елжанды, Абайрухты  әкім.

– Кеше халықаралық айтыста бас бәйгені жеңіп алған қарағандылық Мақсат Ақанов бүгін алдымнан шығып, тағы бір сүйінші хабарды жеткізді. Қарағанды облысы Семейге жаңа мешіт салып бермек. Осылайша әр облыс бір-бір ғимараттан салып береміз деп тұрғанда, енді біз соларды салуға жағдай жасай білуіміз керек, – деп сөзін түйіндеді  Берік  Уәлиұлы.

Сол күні кешкісін әкімнің қонақасында Батыс Қазақстан облысының да бұл тойға құралақан келмегенін, жаңа ғана облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы хабарласып, Семей қаласында су жаңа демалыс саябағын қалыптастырып, жасақтап беруге бекінгендігін тілге тиек етті Берік мырза. Жайық жұрты үшін бұл да ортақ  мерей.

– Абай елінің сыр-сипатын көзбен көріп, көңілмен танып, жоғары бағалап қайттық.  Біздің делегацияны қарсылаған Семей көлік колледжінің  мінсіз ықылас-ілтипатына бір риза болсақ, бұл ұжымды басқаратын екі мәрте «Қазақстан барысы» атанған әйгілі балуан Айбек Нұғыманов екенін естіп, одан сайын құрметіміз арта түсті. Үшінші күні Қарауылдағы тойға барғанда Айбек бауырымыз жарқырап алдымыздан шығып, құрмет-қошемет көрсетті. Бізге арналып тігілген он екі қанат киіз үйде дастарқандас болдық. Семейде қасымызда бола алмағанына кешірім сұрап, «Туған жерім осы Қарауыл, сондықтан мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыру, өткізу жұмыстарының бел ортасында жүріп, сіздермен әңгіме-дүкен құруға көп босай алмай жатырмын» деп ағынан жарылды. Кішіпейілділік қандай! Қазақтың «Мен!» деген жігіттерінің бірі ғой Айбек бауырымыз!

Ал енді шығармашылық адамы, мәдени-рухани шаралардың ұйымдастырушысы ретінде де көңіліме түйгенім көп. Ең алдымен айтарым, дала қызықтары мен гала концерт өтетін жер өте тиімді таңдалынып алынған. Ауылдың сыртынан әудем ғана жердегі қарауыл төбе шоқысы табиғаттың адамдарға әдейі арнап жасап қойған басқышы сияқты. Бұрында төбесіне қарауыл қойып, ауыл тыныштығын күзетсе, тап қазір жазыла түскен жазықтықты жартылай қоршаған амфитеатр сияқты үйлесе қалыпты. Төбенің түйетайлы көсіліп жатқан етегіне жағалай көк шөп-төктерді (пресс) қатарластыра тізіп, үстеріне қызылды-жасылды әрі ою-өрнекті құрамыс көрпелерді төсеп тастаған. Жас пішеннің жұпар иісі төңірекке түгел жайылып, танауды қытықтайды. Қатар-қатар жайғасқан ата-әжелер, олардың жанында ойнағап немерелер бәрі керім үйлесім тауып, көңілге жылылық ұялатады. Осы жерден алаңдағы концерт, бәйге, күрес бәрі-бәрі алақандағыдай анық көрініп тұр. Табиғат сыйын өте оңтайлы пайдаланған шешімге риза болдым. Шыңғыстаудың  шашылып түскен сілемдері де алыстан мұнартып, салып қойған суреттей осы тойға әр беріп тұр. Сол сүгіреттердің арасынан шыққандай театрландырылған көрі-ністегі жас Абайдың оқудан оралуы, 200-300 адамдай бар қазақы көш табиғи декорация аясында  сондай әдемі, шынайы. Алматыдан арнайы келіп, Құнанбай, Абай тұлғаларын сомдаған әйгілі актёрлер сахнаны толтырып, той деңгейін көтеріп тастады. Абайдың елі шын қуанып, шын шаттанып, жарқырап отыр. Қарауылтөбедегі тойда 20 000 халық, 5-6 мың аутокөлік болды деген ақпарат тарады, рас та шығар. Соның бәрі сыйып кетті Қарауылтөбенің баурайына. Жүрек қозғардай паң да дархан көрініс болды бір, – деп алған әсерімен бөлісті Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет  Жұбатов.

Иә, жұмылған жұдырықтай бірлікті, шынайы көңілді, тату ағайынға тән ақ пейілді көрдік біз. Елді елдікке бастайтын ұлы жол – «Абай жолының» жалғасы осы жерден бастау алып, Мәңгілік елдің жарқын болашағына ұласып жатқандай әсерде бөлендік біз! Сондай жарқын сәттерде туып, сол ел-жұрттың алдында оқыған өлеңіммен бұл сапарнаманы түйіндейін, жаза берсең, жалғаса беретін түрі бар, әйтпесе. Елге, осы делегация құрамына қосқан облыс басшыларына рақмет!

Таусылмас  жыр-кеніңнің сыры сірә,

Айналған  ақыл-ойдың  құрышына.

Ішінде Ұлы Абай жорығының

Батыс боп келдік, баба, Шығысыңа!

Ағылып алты Алаштан бар ағайын,

Сүйсініп  көктен Күн мен қарады Айың!

Қалың  елің –қазағың  алдыңда  тұр,

Әкеге  есеп  берген баладайын.

Ұстазға  есеп берер бала дәйім –

Береді  ұстаз  оған  баға  дәйім.

Нешеге  орындалды   өсиетің –

...Жырыңды  оқи  береміз  жаңадайын.

P.S. Екі дүркін Қазақстан барысы Айбек Нұғыманов біздің желмен жарысып, мәреге шашасына шаң жұқпай келген ерен жүйрік желаяғымыз Баубек Ілиясов туралы сүйсіне де таңғала  айтты  дастарқан  басында.

3e0f5834-592e-472c-b974-d1c358040677

«180 шақырымдық марафонды бір кідірмей жүгіріп, басқалардан 20 шақырым бұрын мәреге жету деген сөз жетпес ерлік қой», – деді ол.

Ас-су ішуге  бір кідірместен, жүгіріп бара жатып банан жеп, тамағын жібітіп, су  жұтып  алған  да  шаба берген!

Жүйрікті – жүйрік, батырды – батыр таниды. Ал «Сол Баубек Ілиясов туып-өсіп, еңбек етіп жүрген Казталов ауданынанбыз» дегенде біздің де абыройымыз  асқақтап,  айдарымыздан  жел  есіп  тұрды.

Мирболат Ерсаев, «Жайық қаласы» музей-қорығының директоры:

– Семейдегі ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы шын мәнінде рухани мереке болды. Облыс атынан тіккен киіз үй-көрмеміз арқылы Ақ Жайық атырабының тарихын таныстырып, ерекше сипаттағы тойдың құрамдас бір бөлшегіне айналдық.

Киіз үй-көрмеміз тарихи мағлұматқа бай, пайдалы жұмыс деген жоғары баға алды көріп, көзайым болған жұртшылықтан.

Абай атаның басына құрбан шалу рәсіміне қатысып, Жидебайдағы үй-мұражайын аралау ұмытылмас әсер сыйлады. 200-ден аса киіз үй тігілген бұл ауқымды той халықтың  бірлігін, мәдени  байлығын  айқын  көрсетті.

Нұржан Тасболатов, Хадиша  Бөкеева  атындағы облыстық  қазақ  драма  театрының  директоры:

– «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» дегеннің дұп-дұрыстығына көзім жетті.  Абай атамыздың осындай тарихи мерейтойына қатысады екем, басына тәу етіп, исі қазақ атынан құрбан шалу рәсімінде қол жайып, дұға етеді екенмін, Бір емес, екі мәрте «Қазақ барысы» атанған Айбекті көріп, қол алысып, бір дастарқан басында отырып, дәм-тұздас боламын, арнайы тігілген он екі қанат ақ орданың төрінде Абайға бағыштап Құран оқып, бас ұстаймын  деп ойлаппын ба?!

Мұндай мәртебе күн сайын  үш  ұйықтасам  да,  түсіме  кірмес,  сірә...

Хадиша театры да  бұл тойға құралақан барып, құр қол қайтқан жоқ. Ауыз толтырып айтарлықтай олжамен оралдық. Маңдайалды актерлеріміздің бірі Азат Мыңбаев «Абай оқулары» байқауынан бірінші орын алып, 700 000 теңге жүлдені қанжығаға байлады. Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмасымен  Абай еліне гастрольдік сапармен шығуды жоспарлап отыр едік қой, мынау елді көзбен көрген соң, сол қойылымды дәл осы Жидебайдың  іргесіндегі, Шыңғыстаудың баурайындағы Қарауыл ауданының орталығында қойған дұрыс па деп ойлап келдім. Естен кетпестей айшықты сапар болды. Өмірде де, өнерде де қажет көп нәрсе көрдік,  көңілге  тоқыдық,  ғибрат  алдық.

 

Дариға Мұштанова,

Қазақстан  Жазушылар  одағының мүшесі,  

«Парасат»  орденінің,

«Алаш»  халықаралық  әдеби  сыйлығының  иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале