27.02.2024, 10:15
Оқылды: 403

Қанаты шықпаған шегіртке қауіпті!

Ресми дерекке сүйенсек, былтыр және биыл шегірткелердің таралу циклінің 11 жылдық шарықтау шегі. Зиянкестердің таралу аймағы 2014 жылы күрт тарылса, 2021 жылдан бері ұлғаю динамикасы байқалуда. 2024 жылы еліміз бойынша 2,5 млн гектар алқапқа шегіртке шоғыры таралуы ықтимал деген болжам бар. Бұл өткен жылғыдан 1,5 есе көп. Үкімет те шегірткенің жаппай таралуының алдын алу бағытында тиісті шаралар алуда. Қосымша 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Біздің облыста  зиянкестермен күрес жұмыс қалай жүргізіледі? Өңірде шегірткелердің таралуы қандай деңгейде болады деп күтілуде? Міне, осы бағытта ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаевтан сұхбат алғанбыз. Соны оқырман қауымның назарына ұсынамыз.

ерлан орынбаев

– Ерлан Құлатайұлы, білуімізше, бір салада үздіксіз 20 жылға жуық қызмет атқарып келесіз. Енді өңірімізге табан тіреп, қызметке білек түріп, іске кірісудесіз. Инспекцияның жалпы қызмет бағыттары туралы айтып берсеңіз?

– Ақ Жайық атырабы маған бөтен емес, Оралда оқыдым. Агрономия факультетін бітірдім. Қазақстанның қай пұшпағында қызмет етсек те, бір мемлекетке, халыққа қызмет ету, елімізді көркейтуге атсалысу деп білемін. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы 1999 жылы ашылды. Аудандарда бөлімшелеріміз бар. Облыстық инспекцияда өсімдіктерді қорғау, өсімдік карантині жəне асыл тұқымды мал шаруашылығы бағытындағы бөлімдер жұмыс істейді. Инспекция еліміздің заңдары аясында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыреті шегінде агроөнеркəсіптік кешен саласындағы реттеу, іске асыру жəне бақылау, қадағалау функцияларын атқарады. Өсімдіктерді қорғау жəне олардың карантині, астық нарығын реттеу, асыл тұқымды мал және өсімдік шаруашылықтары бөлігінде, өсімдіктерді қорғау жəне олардың карантині саласында стратегиялық функцияларды орындауға атсалысады.

– Өсімдік қорғауға байланысты қандай жұмыстар жүргізіледі? «Өлмеген құлға шығар жаз» демекші, жазда шөп шауып, күзде егін оратын шаруа баққан ағайынға нендей деректер ұсынасыз?

– Өсімдіктер те адам секілді, олардың түрлі ауруы, зиянкестері болады. Міне, осылардан қорғау міндеті инспекцияға жүктелген. Қазақстанда өсімдіктің аса қауіпті зиянкестері болып табылатын шегірткенің үш түрі кездеседі. Үйірлі шегірткелердің ішіндегі ең қауіптісі – марокко, азиялық және италиялық прус шегірткелері. Осының ішіндегі азиялық және италиялық прус шегірткелері біздің өңірде кең таралған. Өткен жылғы шегірткемен күрес жұмыстары жайына тоқтала кетейін. Үйірлі шегірткеге қарсы 55 мың гектарға химиялық улау жұмыстары жүргізілді. Әсіресе, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі аудандарындағы құмды аумақтар өңделді. Мұндай шегірткелер құмды жерлерді үйірімен мекендеп, жұмыртқасын салады. Олар дәнді дақылдарды, бау-бақшаларды, жайылым мен шабындықтарды отайды. Өйткені күн ысыған сайын ылғалды көбірек алу үшін өсімдіктермен қоректенеді. Үйірлі шегірткелерді улау дернәсілдерінің 2-3 жасында жүргізіледі. Дернәсілдері топырақтың беткі қабаты қызғанда жер бетіне шығады және олардың қанаты болмайды.  Мезгілінен ерте химиялық өңдеу жүргізбеген дұрыс, өйткені шегіртке дернәсілдері түгелдей топырақ бетіне шығып үлгеруі керек. Қанаты шықпаған шегіртке қауіпті, олар жасыл желекті жапырып, тоқтаусыз қоректенеді. Қанаты шыққан соң шағылысып, жұмыртқа салады. Содан кейін жасыл желекке, егістікке соншалықты қауіп тудырмайды. Жылына бір рет ұрпақ таратады. Өңірде республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының филиалы жұмыс істейді. Сол мекемедегілер ше-гірткенің жер бетіне шыққанынан бастап, жұмыртқа салғанға дейінгі кезеңдерін бақылауда ұстайды. Қай жерге жұмыртқа салғанын, күбіршелерін бақылайды. Шырылдауық шегіртке дегені-мізбен, ол көбіне адам баласы бармайтын, техника жүрмейтін, төрт түлік жайыла қоймайтын тың жерлерге, өсімдік тамырларының арасына өздерінен бөлініп шығатын сұйық затпен топырақты қатайтып, күбірше жасап, соған жұмыртқа салады. Ол күбірше шегіртке тұқымының қыстап, көктем шыға дамуына қолайлы болады. Қатты ыстықты және құрғақшылық жылдары ше-гірткенің топырақ бетіне салған жұмыртқалары кеуіп қалады. Қоңыр салқын әрі ылғал қоры мол болған кездері  жұмыртқалары көгеріп,  инфекциялардан өледі. Азиялық шегіртке көбінесе су айдындарының бойындағы қамыс-қоғаның түбіне ұяларын салады. Ал марокко шегірткесі өңірімізде кездеспейді, еліміздің оңтүстік өңірін мекендейді.

Биыл облыс бойынша 112 мың гектарды үйірлі шегірткелерге қарсы улау жұмыстарын екі тәсілде жүргізу жоспарланды. Оның бірі – жер үсті аэрозол генераторларымен, желдеткіш бүріккіш техникасымен, екіншісі, жеңіл шағын ұшақпен жүргізіледі.  Химиялық улау жұмыстарын орындайтын компанияны анықтау үшін АШМ Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті тендер өткізуде. Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері секілді үйірлі шегірткелерден қорғау шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы күрес жұмыстары жергілікті атқарушы құрылымдар құзыретіне берілген. 2024 жылы осы шегірткелерге қарсы 95 мың 839 гектар жерді өңдеу көзделіп отыр. Жалпы шегірткенің 10-12 жыл сайын көбейіп-азаятын кезеңі болады. Былтырдан бастап шегірткенің көбейгені байқалуда. Болжам бойынша оның көбею кезеңі 2025 жылға дейін барады. Содан кейін төмендейді.

– Ерлан Құлатайұлы, инспекцияда өсімдіктер карантиніне байланысты қандай жұмыс атқарылуда?

– Өсімдіктер карантині және фитосанитарлық бақылау бекеттері жөнінде мемлекеттік инспекция деген бөлім бар. Өсімдіктерге басқа жақтан аурудың келмеуі қадағаланады. Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес өңірімен шектеседі. Сол шекара бойындағы бекеттерде шекарашылармен бірге фитосанитарлық инспекторлар тұрақты қызмет атқарады. Олар шетелден келген автокөліктердегі заңды түрде бақылауға алынған жүктерді тексеріп, базаға енгізеді. Соның ішінде көкөніс, жеміс-жидек, астық, дәндер, гүлдер, ағаш көшеттері, ағаш материалдары секілді тауарлардың санитарлық талапқа сай екенін растайтын сертификаттарын тексереді. Яғни карантиндік өнімдердің еліміздің ішіне таралып кетпеуінің алдын алады. Сертификаттары сәйкес келмейтін, нөмірлері үйлеспейтін жағдайлар кездеседі. Ондайда құжаты дұрыс емес жүктерді шекарадан кіргізбейміз.  Былтыр 275 автокөліктің құжаты дұрыс болмай, кері қайтарылды. Шекарада бірінші тексеріс, одан кейін жүк соңғы нүктесіне жеткен кезде, екінші тексеріс болады. Қай өңірге барса, сол жерде тексеріледі. Бұл «Өсімдіктер карантині туралы» заңда қарастырылған. Мысалға, 2023 жылы заңбұзушылықтар анықталып, автокөлік иелеріне 24 млн теңге шамасында айыппұл салынды.

Биылғы қаңтар айында Ресейден келген қызанақтан «қызанақ вирусы» табылды. Инспектор тауардың сапалы екеніне көз жеткізбесе, сынама алып, өңірдегі карантин зертханасында тексертеді. Сол жерде карантин нысаны бар деген шешім шығарады. Барлық 1 тонна қызанақ жүгіне акт жасап, сотқа бердік. Сот шешімі шығарылса, ауру қызанақ арнайы орында өртеледі. Осының барлығы мемлекеттің азаматтарының денсаулығын сақтау, зиянды өнімдерді тұтынбау үшін жасайтын шаруасы десе болады.

Инспекция сырттан келген астықты да бақылауда ұстайды.  Оның ішінде бидай, арпа бар. Қазіргі кезде облыстағы элеваторларда 175 мың тонна астық сақтаулы тұр. Бірақ бұл көрсеткіш қаңтардың соңындағы мәлімет, ол күн сайын өзгеріп тұрады. Астықтың көлемі сыртқа шығарылғаннан азайып не сырттан тасымалданғанның есебінен өсуі ықтимал. 2023 жылдың күз айларынан бастап АШМ-ның тапсырмасына сәйкес астық шетелден автокөлікпен емес, тек вагонмен тасымалданады. Онда да рұқсат берілген фирмалар тасымалмен айналысады.

– Инспекцияда қандай мамандар қызмет етеді? Мамандар тапшылығы бар ма?

– Бізде негізінен агрономдар қызмет атқарады. Агрономдарды мемлекеттік қызметке және инспекцияға жұмысқа шақырамыз. Тәжірибелісі керек, жас мамандарды алмаймыз деген шектеу жоқ. Университетті бітіріп, жоғары балл жинаған түлектер де қабылдануда.  Биылғы қаңтар айынан бастап 2023 жылы оқу бітірген екі жас конкурссыз қызметке қабылданды. Олар біздің мекемеде «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмыс істеді. Инспекцияда әлі үш бос орын бар. Жастарға тәлімгерлік жасап, үйретеміз. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде агроном мамандарын даярлайтын. Өзім оқымысты-агроном мамандығына оқығанмын. Қазір карантин және өсімдіктерді қорғау маманы деп бөліп тастаған. Ондай мамандар да салаға қажет. Инспекцияға қызметке алынады. Агрономия саласына оқып, елге қызмет етемін деген ниеті бар жандарға есігіміз ашық.

Сөзімді қорыта айтсам, инспекция мамандары өзге мемлекеттік құрылымдардардағы әріптестермен бірге тізе қосып, ел экономикасын ілгерілету жолында талмай еңбек ете береді.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале