21.02.2023, 10:30
Оқылды: 86

Қанатымды қатайтқан қара шаңырақ  

1998 жылы университет бітіріп, жергілікті баспасөздің қара шаңырағы  –  «Орал  өңірі»  газетінде  еңбек жолымды бастағанда 21-ге енді аяқ артқан жалындаған жас едім. Білгеніміз бір тоғыз,  білмегеніміз тоқсан тоғыз, шақшадай басты тауға да, тасқа да  ұрып жүрген мезгіл. Үш-төрт жылдан  соң редакцияда «Облыстық екі газетті бір ұжымға біріктіреді екен, ортақ басшылық болады екен»  деген әңгіме гу ете түсті. 

36912948_1920760911557791_5352647561515630592_n

Жасыратыны жоқ, басында бәріміз үрке қарадық. Сөйтіп, 2003 жылдың қысында «Жайық Пресс» деген атаумен жаңа серіктестік құрылды. Қос облыстық басылым соның құрамына кіріп, бас директор болып Қаршыға Қосанов тағайындалды. Орынбасарлығына тәжірибелі журналист, мықты ұйымдастырушы Серікқали Сәрсенов бекітілді. Кейін серіктестікке аудандық газеттер қосылды. Бірден айта кетейік, серіктестік басшылығы газеттердің редакциялық саясатына, ішкі жұмысына араласқан жоқ, барлығын редакторлардың өздері шешіп отырды. «Жайық Пресс» қаржылық мәселелерді шешумен, материалдық-техникалық әлеуетті жақсартумен шұғылданды. Осылайша үйлесімді тандем ретінде көзге түсті.

Жеке өзіме келсем, 2004 жылдың жазында Қ. Қосановтың бұйрығымен Теректі аудандық «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетіне редактор болып бардым. Ел көрсем, жер көрсем деген жас маман үшін бұл үлкен өмір мектебі болғаны айтпаса да түсінікті шығар. Онда да бізге толық шығармашылық еркіндік берілді, «олай жаз», «бұлай жаз» деген нұсқауларды естімедік. Қайта, жоғарыдан тапсырма күтпей, аудан әкімдерімен қоян-қолтық байланыс жасауды, іскери, адами қарым-қатынасты үйрендік. Әсіресе, Серікқали Сәрсенов ағамыздың құнды кеңестері күнделікті тірлігімізде көп көмектесті.

MG_1925

Арада тағы біраз уақыт өткенде «Жайық Престің» жанынан салалық 5 газет ашылды да, басшылықтың ұйғарымымен «Жайық жастары» деп аталатын басылымға жетекшілікке жолдандым. Бір шаңырақ астында, Жайық өңірінің сен тұр, мен атайын дейтіндей қаламгерлері жиналған жерде 4-5 жыл табысты еңбек еттік. Талай қызықты оқиғалар мен сәулелі сәттерді бастан өткердік. Менің күні бүгінгі жетістігімде сол қиын да, қызықты кезеңдердің мол үлесі бар екені даусыз.

Міне, замана көшінен қалмай, табанды түрде ілгері басқан «Жайық Пресс» 20 жыл дейтін белесті бағындырды. Бұл – жігері  тасыған, қайраты толысқан, толассыз талпынысқа толы мерзім. Ендеше, талпыныс тау қопарар күшке айналып, өркендеп, өсе бер «Жайық Пресс»!

Тоқтар Кенжеғалиев,

облыстық қоғамдық-саяси «Приуралье» газетінің
бас редакторы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале