21.02.2022, 17:30
Оқылды: 22

Қаңтар оқиғасынан кейін кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын – Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін жікшілдік жасауға ұмтылмайтынын және ел азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін маңызды санайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

220221144306367e

Президент Ақорда резиденциясында бірқатар мемлекет елшілерінен сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде жыл басында ішкі және сыртқы деструктивті күштер Қазақстанға ауыр әрі қатыгездікпен шабуыл жасағанын еске салды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың табандылығы мен ұжымдық парасаттылығының арқасында мемлекеттік төңкеріс жасаушыларға тойтарыс берілгенін, ал бүлікшілер мен бұзақылардың жауапқа тартылғанын жеткізді.

«Қаңтар оқиғасынан кейін мен кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын. Ел Президенті ретінде Қазақстан азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін аса маңызды басымдық санаймын. Сондықтан Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын ұсындым. Бұл құжат этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат сияқты айқын жетістіктерімізден бас тартпай, өткен кезеңде жіберілген әділетсіздіктерден құтылуға негізделген. Менің жасампаз жұртым бұл сынақтан бұрынғыдан да күшті, берекелі, болашағынан үміт күтетін және өз мемлекеттілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын сақтауға белін бекем буған халық болып шығады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті халықаралық серіктестерін еліміз бастан өткеріп отырған осындай сын сағатта Қазақстанға деген берік ынтымақтастығын танытуға шақырды.

«Менің Әкімшілігім өз тарапынан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырады, инвестициялық келісім-шарттарға қол сұғылмауын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлықпен тоқтаусыз күреседі. Сіздерді пандемиядан кейінгі кезеңде өздеріңіздің дипломатиялық және саяси мол тәжірибелеріңізді екіжақты қатынастарымызды жаңа биікке көтеру үшін пайдалануға шақырамын. Қазақстан сіздердің мемлекеттеріңізбен арадағы екіжақты және көпжақты байланыстарды одан әрі жан-жақты нығайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Ақордада 7 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале