Орал қаласында қарғын судың алдын алу бағытында жұмыстар жалғасуда. «Жайық Таза қала» ЖШС-ның бөлім бастығы Қуат Ерсайыновтың мәлімдеуінше, коммуналдық кәсіпорын күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Қазіргі таңда облыс орталығы бойынша еріген қар суын сору жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде.
-Күнделікті 348 қызметкер 40 бірлік арнайы техникамен тәулік бойы кезекшілік атқарады. Күні бүгінге дейін 25 мың текше метр еріген қар суы шығарылса, соңғы тәулікте 4 мың текше метр су шығарылды. Екінші жұмысшылар ауылы, облыстық аурухана, Зашаған, Деркөл, ПДП-2 және Жұлдыз аумақтарында еріген қар суынан келер қауіп әлі де сақталуда,-дейді Қуат Ерсайынов.
Екінші жұмысшылар ауылында орналасқан Партизанская көшесі 23-інші үйдің тұрғыны Баян Хамбетова көктем келіп, күн жылыса көшелер еріген қар суына толатынын айтады.
-Биыл қыс бойы біздің көшеден қар шығарылмады. Жасымыз біразға келген бізді айтпағанның өзінде жастардың өзіне көлдей судан аяқ алып жүру қиын. Арнайы техника келіп еріген суды сорып жатқанын көріп көшеге шығып тұрмын. Қар уақтылы шығарылса, мұндай мол су болмас еді,-дейді қала тұрғыны.
Крымская көшесінің тұрғыны Надежда Землянушнова бұл жағдайдың жылда қайталанатынын айтады.
-Аялдамаға жету үшін Краснодар немесе Кәсіподақ көшелерімен жүреміз. Ол көшелердің жағдайы да мәз емес. Көше судан көлкіп тұрған соң, бірнеше күннен бері үйден ұзап шыға алмай отырмын,-дейді ол.
Алайда «Жайық Таза қала» ЖШС-ның бөлім бастығы Қуат Ерсайынов аталмыш көшелерден еріген қар суын шығару жұмыстары осымен екінші кезеңде жүргізіліп жатқанын айтады.
Осыдан бірер жыл бұрын көктемгі қар суы Зашаған кентіндегі «Арман» шағынауданында орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындарын біраз әбігерге салғаны белгілі. Аулаға жайылған қарғын су тіпті кейбір үйлердің жертөлесіне толып, тұрғындар арнайы техниканың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған еді. Зашаған кентінің әкімі Әділбек Қадыров арық жүйесін салу арқылы қазір бұл мәселенің толық шешілгенін айтады. Наурыз айында еріктілер мен жастар ұйымдарының, әскери бөлім жауынгерлерінің көмегімен қар тазарту жұмыстарының жүргізілгені де қарғынның алдын алуға септігін тигізген. Зашаған кентінен қыс маусымында 30 мың текше метр қар шығарылса, бір ғана наурыз айында 20 мың текше метр қар тасылған.
Десек те, Зашаған кентінде қауіп әлі толық сейілген жоқ. Әсіресе, ПДП-9, Балауса, Болашақ шағынаудандарында күрделі учаскелер бар. Мәселен, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Болашақ шағын ауданында екі тәуліктен бері еріген қар суын шығаруда. Көше толы суды құм салынған қапшықтар арқылы бөгеуде. Әділбек Қадыровтың айтуынша, кенттегі бірде-бір үй еріген қар суынан зардап шекпеген. «Жайық Таза қала» ЖШС-ның қызметкерлері тұрғындардың өтініші негізінде әр мекен жай бойынша жұмыстануда.
Аула-үйлеріне қар суы қауіп төндірген жағдайда тұрғындар 51-80-98 телефоны арқылы коммуналдық кәсіпорынның кезекші бөліміне хабарласу арқылы көмекке жүгіне алады.
Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»
Фото Айбатыр Нұраш