"Бәйтерек продакшн ШБ" ЖШС танымал отандық режиссер Талғат Теменовтың ("Махаббат бекеті") жаңа жобасы - "Қара қыз" фильмінің тизерін ұсынады. Бұл туралы Ұлттық киноны қолдау орталығы хабарлады.
Әскери драма Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі сарбаздарымыздың ерлігі мен батылдығы және қазақ қыздарының қайсарлығы туралы баяндайды.
Басты рөлдерді жас актерлер Нұрай Сақтапова мен Ерлан Құлмұрзин сомдап шыққан. Нұрай үшін бұл кинодағы дебюттік рөл болса, ал Ерлан көптеген телехикаядан белгілі актер.
Сондай-ақ, фильмде танымал актерлер Дулыға Ақмолда, Медгат Умиралиев және басқалар түскен. Картинаның түсірілімі өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының аумағында, Петропавл қаласының маңында, сондай-ақ Алматы облысының Ақши ауылында өтті.
Фильмнің саундтрегі "Қарағым-ай" композициясы болады. Оны фильм үшін арнайы Димаш Құдайберген орындайды.
Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен өндіріске енгізілді. Фильмнің бюджеті 547 млн 636 мың теңгені құрайды.
Картинаның премьерасы осы жылдың күзіне жоспарланған.