28.02.2023, 10:15
Оқылды: 19

Қара шаңырақтың қара нарындай

А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының табалдырығын имене аттап, студент атанғанымызға да отыз жылдан асып барады. Сол қара шаңырақ қабырғасында бізге дәріс оқыған ардақты ұстаздарымыздың бірі – Әсет Тасмағамбетов. Орта бойлы, мінезі өте байсалды, ішкі мәдениеті жоғары, екі тілге бірдей жетік, не нәрсеге де байыппен қарайтын тығыншықтай сары жігіт сол кезде орда бұзар отыздың бел ортасында екен-ау?!

B01F0F50-2F7A-429B-A395-3E7D60393BDE

Жас ғалымның қазақ тарихындағы ақтаңдақтары әлі күнге дейін жетіп-артылатын «1917-1940 ж.ж. Кеңес өкіметінің Қазақстандағы ислам дініне қарсы жүргізген саясаты» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан кез еді бұл.  «Дін – апиын», «Бай менен молданы, қойдай қу қамшымен» деп ұрандатқан кеңестік-коммунистік режімнің жүргізген теріс саясатын Қазақстан мен Ресей мұрағаттарының дәйекті деректері негізінде жан-жақты саралап, ғылымға қосқан бұл жаңалығын айтпай кетуге болмайды. Ғылыми ізденіс аясын үздіксіз кеңейтіп, бертін келе ол «ХVІІІ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Қазақстандағы конфессиялар тарихы:  таралуы, ұйымдық дамуы және миссионерлігі (ислам және православие материалдары бойынша)» атты докторлық диссертациясын да ойдағыдай қорғап, дін тарихы бойынша ғылыми дәрежесі бар өңіріміздегі көрнекті ғалымға айналды. Осы ретте оның екі диссертациясына да академик Т. Рысбеков жетекшілік еткенін айта кеткен артық болмас. Жалпы қазіргі күні Әсет Сембайұлының 80-нен астам ғылыми еңбегі (соның ішінде 3 монография), 2 оқулық және оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Десек те, ағамыз өзінің ислам тарихы туралы телегей-теңіз білімін қоғамдық ортада жарқырата көрсетуге онша құлықты емес.

Ал еліміздегі діни ахуал күн өткен сайын ширығып бара жатқан қазіргідей алмағайып кезеңде тарихшы-ғалымның ғылыми ізденістері мен зерттеулері қоғам үшін өте маңызды. Артық сөзі жоқ, қағаз ісіне келгенде өте мұқият жанның өмір жолына зер сала қарасақ, о бастан басшылық қызметке бел буа кіріскенін байқауға болады.

Сол жылдары енді ашылып жатқан құқық кафедрасының іргетасын қалауға атсалысып, оның бірінші меңгерушісі, кейін тарих және құқық факультетінің деканы болуы бұған айқын дәлел.

Тіпті бертінде универдің оқу-әдістемелік һәм бірінші проректоры қызметтерін абыроймен атқарғанын да әріптестері жақсы біледі. Қазіргі кезде облысымыздағы түрлі құқық қорғау салаларында кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп, өз қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген жандардың бірқатары – осы университет қабырғасынан түлеп ұшқан  түлектер.

Иә, Ақтөбе топырағының тумасы, сондағы педагогикалық колледждің түлегі, бүгінгі тірлігі М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың қабырғасында, яки  Ақ Жайық топырағында өтіп жатқан ұлағатты ұстаз, білікті басшы Әсет Тасмағамбетов алпыстың ауылына ат шалдырып, өмір жолының үлкен бір белесіне көтеріліп отыр. Әрі сүйікті жарды да Жайық бойынан тауып, текті жерге күйеу болған абзал азамат ұл-қыз өсіріп, олардан немере сүйіп, Венера жеңгемізбен бірге бақытты өмір сүруде.

Отбасылық өмірі мен еңбек жолындағы ғибратты ғұмыры – кейінгілерге үлгі-өнеге. Бір сөзді басшы бірнеше ректормен үйлесімді қызмет атқарып,  қатепті қара нардай қара шаңырақтың барлық шаруасына жегіліп келе жатқанын да көпшілік жақсы біледі. Әзіргі түйін сөзіміз: табиғатынан даңғаза мен дабыраға жаны қас, үндемей жүріп, үлкен іс бітіруге құмар ұстазымызды барша шәкірттері атынан мерейлі жасымен  құттықтаймыз!

Жаңабек Жақсығалиев

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале