Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары М. Манкеев, қала әкімі А.Шыныбеков және БҚО бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Арыспаев бірқатар сауда нысандарын аралап, обьектілердегі санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын тексеріп, карантин кезінде жұмыс істеуге кіріскен сауда ошақтарының дайындық жұмыстарын қадағалады.
Сауда нысандарының ішінде төтенше жағдайдан кейінгі «Алтын алма» мен орталық «Мирлан» базарының бүгінгі жай-күйімен танысты. Сауда ошақтарын аралау кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Манкеев базар басшыларына эпидемияға қарсы санитарлық-гигиеналық талаптардың қатаң орындалуын, соның ішінде сауда жасауға келген әр тұрғынның арақашықтықты сақтауын, маскамен кіруін қадағалауды, антисептиктердің қолжетімді болуын қатаң тапсырды. Сауда нысандарында жасалған дезинфециялық жұмыстарды тексеріп, кемшін тұстарын тез арада түзеуге тапсырма берді. Бұдан кейін азық-түліктік болып табылмайтын «Золотая чаша», «Мерей», «Бақыт жол» базарларында болып, санитарлық талаптарға сай келмейтін нысандарды ашудың кейінге қалдырылатынын ескертті.
- Бүгіннен бастап азық-түлік сататын базарларымыз іске кірісті. Төтенше жағдай шешілгенімен, облыста карантиндік режім сақталуда. Ең басты мақсатымыз - базарларда сату павильондарының дайындығын қадағалау. Өйткені барлығы да арнайы жасақталған алгоритмге сай санитарлық нормалар мен ережелерге сай болуы керек. Жандандыру жұмыстары қатаң жүргізілуі тиіс. Бұл жердегі басты жауапкершілік сауда нысандарының басшылығына жүктелетін болады. Базар адамның ең көп жиналатын жері, карантин кезінде қатаң тәртіп керек.
Сондай-ақ Төтенше жағдай кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан Республикасы аумағындағы бағалардың шекті бағасын енгізген болатын. Бірақ ол бұйрық 11 мамыр күні күшін жойды. Алайда біздер жуық арада облыс аумағына арнап, жылдың соңына дейін шекті бағаларды енгізетін боламыз. Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағаларының өсуіне жол бермейміз, бұл бағыттағы жұмысты әлі де күшейтетін боламыз, - деді М. Манкеев.
Ләззат Шағатай
zhaikpress.kz